«Жомарт Жүрек» сыйлығының иегерлері анықталды
Астана, BAQ.KZ. Астанада «Жомарт-Жүрек» байқауының лауреаттарын марапаттау рәсімі өтті.
«Жомарт Жүрек» сыйлығы «Рухани Жаңғыру» бағдарламасының «Атамекен» кіші бағдарламасы шеңберінде Қазақстан Республикасы Қоғамдық даму министрлігі ұйымдастырған бірегей жоба.
Марапаттаудың негізгі мақсаты — қайырымдылық, меценаттық және филантропия идеяларын насихаттау.
Марапаттау рәсімінде Туған жерін дамытуға үлес қосқан бизнес-құрылымдардың, үкіметтік емес ұйымдардың, еріктілер мен филантроптардың 50 өкілі марапатталды. Сыйлық «Жыл меценаты», «Жыл тұлғасы», «Туған өлке», «Ерен еріктілік», «Үздік ұйым» сияқты 5 номинация бойынша берілді.
«Жыл меценаты» номинациясы бойынша «Асыл мирас» жеке қайырымдылық қорының негізін салушы, қоғам қайраткері Болат Өтемұратов жеңімпаз атанды.
Сондай-ақ, аталған номинация бойынша «Альянс LTD» ЖШС директоры Асқарбек Керелбаев марапатталды.
Белсенді азаматтық позициясы, түрлі бағыттар бойынша кең ауқымды қайырымдылық шараларын өткізгені үшін «Жыл тұлғасы» номинациясының иегерінің бірі болып «KMG International» компаниясының бас директоры Жанат Түсіпбеков марапатталды.
Аталған номинация бойынша сыйлық ағайынды Сыралиевтерге де табысталды.
«Туған өлке» номинациясы бойынша Павлодар облысының Шарбақты ауданындағы «Победа» ЖШС директоры Александр Поляков марапатталды.
Созақ ауданының Ы.Алтынсарин атындағы орта мектебінің ағылшын тілі мұғалімі Нұрсұлу Әбдашім еріктілік қызметке белсенді қатысқаны үшін «Ерен еріктілік» номинациясы бойынша жеңімпаздардың бірі атанды.
«Үздік ұйым» номинациясы бойынша «Универсал» ЖШС марапатталды.
Әрбір номинация бойынша «Жомарт Жүрек» сыйлығының 10 жеңімпазы марапатталды.
Жеңімпаздар сайтта ашық дауыс беру арқылы анықталды. Дауыс беруге шамамен 625 мың адам қатысты.
2018 жылы еліміз бойынша 735 меценат 35 млрд теңге көлемінде қайырылымдылық жасаған. Аталған қаражаттарға спорттық нысандар, мектептер мен медициналық нысандар салынды және жөндеуден өткізілді, түрлі көмек көрсетілді, әлеуметтік маңызы бар жобалар қаржыландырылды.
Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!
Дереккөз: BAQ.KZ