ЖОМАРТ ЖАНДАР ШАПАҒАТЫ | «Айқын» газеті

0
107

Биыл Түркістан облысында жомарт іскер жандар арқылы 97 нысан іске қосылды. Тарқатып айтқанда, Елбасының «Туған жерге, оның мәдениеті мен  салт-дәстүрлеріне айрықша іңкәрлікпен атсалысу – шынайы патриотизмнің маңызды көріністерінің бірі» деген ұстанымын үлгі тұтқан кәсіпкерлер мен ел азаматтары түрлі нысандардың құрылысына демеушілік жасап, туған өңірді гүлдендіруге белсене атсалысып жүр.

Облыс әкімдігі баспасөз қызметінің мәліметінше, «Туған жер» бағдарламасы аясында демеушілердің көмегімен пайдалануға берілген 97 нысанның 28-і білім мекемелерінің құрылысы болса, 3 ғимарат қайта жөндеуден өткізілген. Сонымен бірге, 2 медицина мекемесі, 12 спорт нысаны ашылса, 2 спорт алаңы жөнделді. 15 мәдениет нысаны пайда­лануға беріліп, 5-уі қайта жөндеуден өткізілсе, абаттандыру бойынша 30 жоба іске асырылған.
Бұл игілікті істер Мемлекет басшы­сы­ның «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақала­сын­дағы «Туған жер» арнайы жобасын жүзеге асыру аясында атқарылған.
Жомарт кәсіпкерлердің демеушілігі­мен нысандар ел игілігіне қызмет етіп жатыр. Мәселен, Отырар ауданында құны 248 млн теңгені құрайтын спорт кешені мен бокс залы спортсүйер жастар­ға есігін айқара ашты. Ал Бәйді­бек ауданында 14,3 шақырым жолға «Ақылды шам» желісі орнатылған. Бұл игі іске демеуші кәсіпкер құны 195 млн теңге жұмсаған. Қазығұрт ауданындағы құны 100 млн теңге құрайтын Салқам Жәңгір хан мен Жалаңтөс баһадүрге арналған мемориалдық кешені, Кентау қаласындағы құны 80 млн теңгені және Сарығаш ауданындағы құны 50 млн теңге құрайтын спорт кешендері де елге қызмет етуде. Төлеби ауданында ашыл­ған «КазМед» медициналық орталығы, Сайрам ауданында 125 орындық балабақ­ша және өзге де әлеуметтік нысандар туған жерін сүйетін кәсіпкер­лер­дің көмегімен салынған.
Меценаттардың еңбегін қолдау мақсатында 2018 жылғы шілде-қазан айларында 16 аудан, қалада «Жомарт жүрек» сыйлығының бірінші кезеңі өткізі­ліп, облыстық деңгейдегі қоры­тынды жиында 20 азамат марапатталған болатын.
Қуантарлығы сол, «Туған жер» бағдар­­ламасына кәсіпкерлердің ықыла­сы артып келеді.

Тельман БЕЙСЕН,
Түркістан облысы

Дереккөз: Айқын