Жолдың жайы қалай? | «Айқын» газеті
«Нұрлы жол» мемлекеттік бағдарламасы аясында «Орталық-Оңтүстік», «Орталық-Батыс» және «Орталық-Шығыс» көлемді жобалары қолға алынған. Елдің логистикалық әлеуетін көтеріп, жаңа жұмыс орындарын ұсынады деп күткен жобаның жүзеге асу барысы туралы сауалдарымызды Инвестициялар және даму министрлігіне хат жолдап, жауабын оқырман қауыммен бөлісіп отырмыз.
Отандық өнім – 95 пайыз
«Орталық-Оңтүстік» дәлізі 1 292 шақырымды құрайды. «Нұрлы жол» мемлекеттік бағдарламасы аясында Астана – Алматы автомобиль жолын толығымен реконструкциядан өткізу көзделген. Республикалық маңызы бар қалаларды байланыстыратын жолдың Астана –Қарағанды бағытындағы 161 шақырым, Қапшағай Алматы арасындағы 114 шақырым пайдалануға берілген. Теміртау – Қарағанды – Балқаш және Бұрылбайтал – Күрті учаскелерінде құрылыс жұмыстары жалғасып, ал жолдың Балқаш – Бұрылбайтал және Күрті – Қапшағай бөліктерінде жобаға мердігер мекемелерді таңдауға арналған конкурстық шаралар жүргізіліп жатыр.
Жобаға шетелдік компаниялар да қатысады. Мәселен, Қарағанды –Балқаш бағытында Citic Construction Co. LTD (Қытай), Күрті – Бұрылбайтал аралығында Sinohydro Corporation Limited (Қытай), Todini Construzioni Generali S.p.A. (Италия) және OJSC Akkord Industry Construction Investment Corporation (Әзірбайжан) мердігерлік мекемелері құрылыс-монтаждық жұмыстарды орындауға атсалысады. Бірақ қолданылатын материалдардың 95%-ы отандық өнім екенін атап өту керек.
Сапаға сын бар ма?
Биылғы маусым айында блогер Бейбіт Әлібековтің Алматы – Астана бағытындағы жолдың апатты жағдайда тұрғаны жөніндегі мәлімдемесі қоғамдық талқылауға түскен болатын. «Орталық-Оңтүстік» жобасы аясында жөндеуден өткен жол учаскелерінің сапасы калай қадағаланатынын Инвестициялар және даму министрлігі Автомобиль жолдары комитеті төрағасының орынбасары Амангелді Әуезханұлынан сұрадық.
– 2005 жылғы 29 қазандағы №1305 «Автожол саласындағы сапаны арттырудың кейбір мәселелері туралы» Үкімет қаулысымен 14 облыста, сонымен қатар Президент тапсырмасымен Астана, Алматы қалаларында жол зертханалары құрылған. Аталған «Облжолзертханасы» РММ қолданыстағы стандарт талаптарының және технологиялардың сақталуын қадағалап, жол құрылыс материалдарына сынақ жүргізу үшін заманауи қондырғылармен жабдықталған. Сондай-ақ облыстық жол зертханалары лазерлік георадарлардың көмегімен сынаманы алмай-ақ конструктивті қабаттардың техникалық параметрлері сәйкестігін тексеру мүмкіндігіне ие. Одан бөлек мобильді зертханалар да жұмыс істейді, – дейді ол.
Министрлік мәліметіне сәйкес жол сапасын бақылауда ұстаудың бес сатылы жүйесі қалыптасқан. Мәселен, сала мамандары мердігердің сапасын бір, жолдың техникалық жайы мен тапсырыс берушінің есебін бөлек қарайды. Нысанның сапасы сын көтермейтіні құрылыс кезінде анықталса, қайта жөнделіп, қолданысқа берілген жолдардан анықталған ақауды жою міндетін мердігер ұйым кепілдік бойынша өз мойнына алады. Ресми органның дерегіне сәйкес «Орталық-Оңтүстік» жобасы бойынша жолдың талапқа сай орындалмаған бөліктері кездеспеген.
Қаржының 88 пайызы – шетелдік
«Орталық-Батыс» жобасына кіретін Астана – Арқалық – Торғай – Ырғыз –Қандыағаш, Ақтөбе – Атырау – Астрахань және Атырау – Бейнеу – Ақтау бағыттарының құрылысына қажетті қаржы Халықаралық қайта құру және Даму банкі мен Азия даму банкінен қарызға алынады. Бұл үшін жобалық-сметалық құжаттама дайындалып жатыр. 2019 жылдан бастап банкпен бірлескен жобаны қаржыландыруға дайындық жұмыстары басталады. Қаржыландыру көздеріне байланысты мәселе оң шешімін тапса, жоба 2020 жылы қолға алынып, 2022 жылы аяқталатыны жоспарланған.
Жобаны жүзеге асыру үш учаске (Ақтөбе – Қандыағаш, Қандыағаш – Мақат, Атырау – Астрахань) бойынша жүргізіледі. Қазір Азия Даму банкі есебінен мақұлданған қаржыға Қандыағаш – Мақат учаскесіндегі құрылыс жұмыстары басталған. Дәл осы банк арқылы қаржыландырылған Атырау – Бейнеу – Ақтау жобасы 2017 жылы толықтай пайдалануға берілді.
«Орталық-Батыс» дәлізіне тартылатын қаржының 88 пайызы шетелдік, қалған 12 пайызы мемлекеттік бюджет есебінен бөлінеді. Биыл Ақтөбе – Қандыағаш және Атырау – Астрахань учаскелерінде республикалық бюджет есебінен 120 шақырымнан құрылыс жұмыстары қолға алынған. Қалған шақырымдар бойынша банктермен несиелік келісімдерге қол қоюға дайындық жұмыстары жүріп жатыр.
Мерзімінен неге кешікті?
«Орталық-Батыс» жобасының еліміздің транспорттық дәліз ретінде әлеуетін арттыру, экономикаға үлес қосу тұрғысынан маңызы зор. Бұл пікірмен Амангелді Әуезханұлы да келіседі.
– Жоба батыс өңірінің дамуына, еліміздің ірі қалаларының арасын сапалы инфрақұрылыммен қамтамасыз етуге, автомобиль көлігі арқылы транзит жүк тасымалы көлемдерін ұлғайтуға мүмкіндік береді. Отандық тауарлардың Ресей нарығына экспортқа өзіндік құнын жоғалтпай шығуына және көлік шығындарын қысқартуға ынталандырады, жаңа жұмыс орындары пайда болады. Сондай-ақ жоба жол апатының саны қысқарып, ауыл шаруашылығының дамуына, аумақтық өнімнің жалпы өсіміне үлкен ықпал етеді, – дейді Амангелді Әуезханұлы.
«Орталық-Батыс» жобасының орындалу мерзімі уақытынан кешігіп жатқаны туралы бірқатар сын айтылды. Жол құрылысының дер кезінде аяқталмауының негізгі себептерін жобаға жауапты орган өкілі былай түсіндіреді:
– «Орталық-Батыс» жобасын жүзеге асыру халықаралық қаржы институттарының қаржысына негізделген болатын. Қаржы көлемінің шектеулі болуына байланысты «Орталық – Батыс» жобасының іске асу мерзімі 2020-2022 жылға ауыстырылды. Ислам даму банкінің қаржысынан бас тартып, қаржы көзін ауыстыру да жобаның ұзақтығына әсер еткен себеп болды. Ақтөбе – Қандыағаш (60 шақырым) және Атырау – Астрахань (60 шақырым) учаскелерінің реконструкциясы республикалық бюджет есебінен жүргізілетін болды, – деді ол.
Динара ТІЛЕУБЕК