Жолдау – қазақстандықтардың конституциялық құқықтарының кепілі
Экономиканың өркендеуі, тұрғындардың кәсіпкерлікке, табысқа негізделген материалдық ауқаттылығы және тұрмыс сапасының ұдайы артуы, сонымен қоса табыс пен тұрмыс сапасының жеткілікті қорғалуы демократиялық, құқықтық және қуатты мемлекет құрудың алғышарты. Елімізде әлеуметтік мемлекеттің іргетасы Ата Заңда бекітілу арқылы берік қаланған.
Елбасы Жолдауының кіріспе бөлігінде, заманауи прогрессивті мемлекет құру барысында, тарихи өлшем бойынша қысқа мерзімде, елімізде сапалы, нәтижелі құрылымдық, конституциялық және саяси реформалар жүргізілгені және Қазақстан қоғамын жаңғырту үдерісінің жалғасып жатқаны ескерілген. Демек, Жолдау – елімізде жүргізіліп жатқан жаңғырту үдерісінің, стратегиялық саясаттың заңды жалғасы және тиісті деңгейін қамтамасыз ететін құжат.
«Қолы жеткенше нұсқаған – көсем», деп халық бекер айтпайды. Жолдау кез келген қазақстандыққа түсінікті сөзбен жазылғандығымен, халықтың тұрмыс сапасын арттыру мақсатында шешілуге тиісті мәселелер айқындалғандығымен және оны шешу жолдары көрсетіп бергендігімен құнды және бағдарламалық құжат болып отыр. Жолдау халыққа қанша түсінікті болғанымен, Үкімет және мемлекеттік органдар үшін істейтін жұмыстың көлемі кең әрі күрделі.
Жолдауда азаматтардың әлеуметтік-экономикалық конституциялық құқықтарының іске асырылуына мемлекет тарапынан кепілдіктер берілген: өз кәсібін жақсы меңгерген адамдардың лайықты жалақы алуына, жеке кәсіп ашуға, оны дамытуға қолайлы мүмкіндік жасау, шағын жəне орта бизнесті дамыту, сапалы әрі қолжетімді баспанамен қамтамасыз ету, өмір сүруге жайлы орта қалыптастыру, білім беру, денсаулық сақтау қызметінің сапасын көтеру, спорт пен денешынықтырудың қолжетімділігі, сапалы азық-түлікпен қамтамасыз ету және т.б.
Сонымен азаматтардың конституциялық әлеуметтік-экономикалық құқықтарының іске асырылу жолдары нақты айқындалып, орындау міндеттілігі мемлекеттік билік органдарына жүктелген. Оған қоса, жүргізіліп жатқан реформалар мен негізгі стратегиялық құжаттардағы тапсырмалардың орындалуына мониторинг жүргізетін, бағалайтын Ұлттық жаңғыру кеңсесінің құрылуы халық – қазы, еңбек – таразы дегенге саяды. Оның дәлелі, Үкімет Жолдауды іске асырудың жалпыұлттық жоспарын дайындап, бекіткендігі.
«Дұрыс қанаттанған түзу ұшар» демекші, Президент қоғамның барлық саласында атқарылатын жұмыстардың табысты болуының бірден-бір шарты құқық үстемдігі қағидасы екенін басып айтты.
Адамдардың тұрмыс сапасын анықтайтын өлшемшарттың бірі – қауіпсіздік, адамдардың ештеңеге алаңдамай өмір сүретін ортаны құру. Сондықтан қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ететін, құқық бұзушылықтар профилактикасы, жол жүру қауіпсіздігі және т.б. қызметтермен айналысатын ішкі істер органдары қызметіне, полиция құзырына қатысты нақты тапсырма берілді. Осы тапсырманы орындау мақсатында Үкімет пен Президент Əкімшілігімен бірлесіп, «Ішкі істер органдарын жаңғырту жөніндегі жол картасын» қабылдап, реформалар 2019 жылдың 1 қаңтарынан бастап жүзеге асырылатын болады.
Полицияның жұмысын сервистік модельге көшіру арқылы полиция жұмысының түбегейлі жақсарту талабы қойылды. Полицияны өзіне тиесілі емес функциялардан босатып, құзырларын нақтылап, жаңа сипаттағы полицейлердің жалақысын көбейтіп, олардың тұрғын үй және өзге де әлеуметтік мәселелерін шешіп, тек үздіктері ғана қызметін жалғастыратындай реформа жасау қажеттілігі және т.б. мәселелер айтылды.
Әрине кәсіби деңгейі жоғары мамандар қоғамдық тәртіпті бақылап, халыққа жоғары ынтамен қызмет көрсетсе, күнделікті мониторинг жасалып құқық бұзушылық орын алатын нысандар қатаң бақылауда болса, халықтың полицейлерге деген сенімі және құрметі арта түсетіні сөзсіз!
Сонымен қоса сот өндірісінің заманауи форматтарын және озық электронды сервистер арқылы жүргізілуін қамтамасыз ету қажеттілігі талап етілді. Мемлекет басшысы Сот билігінің тәуелсіз екендігін ескере отырып, кадрларының жаңаруын қамтамасыз етуді, үздік заңгерлер судья болуға ұмтылатындай жағдай жасау керектігін ерекше атап өтті. Жолдауда қойылған тапсырманы іске асыру мақсатында Үкімет, Жоғары Сот Кеңесі және Жоғарғы сот бірлесе отырып судьялық қызметке үміткер судьяларды, сот төрағаларын іріктеу процедурасын жетілдіруді көздеп отыр.
Үнзила ШАПАҚ,
Конституциялық
Кеңес мүшесі, заң ғылымдарының докторы