Жолаушыны шығарып салатын адамдарға вокзалға кіруге рұқсат етіледі

0

Қоғам

Қысқа сілтеме алу

3 0 0

Ішкі теміржол қатынасы жанданған күннен бастап 100 мыңнан астам жолаушыдан сауалнама алынған, олардың арасында коронавирус анықталған жоқ

НҰР-СҰЛТАН, 9 маусым – Sputnik. 10 маусымнан бастап теміржол вокзалы ғимаратына жолаушыны шығарып салатын адамдарға кіруге рұқсат етіледі. Бұл туралы көліктегі бас мемлекеттік санитар дәрігер Сәдуақас Байғабылов айтты, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.

Айтуынша, ел ішінде пойыздар жүре бастаған күннен бүгінге дейін 100 мыңнан астам жолаушыдан сауалнама алынған. Жолаушылар арасында коронавирус жұқтырғандар тіркелген жоқ.

«Осыған байланысты осы жылдың 10 маусымынан теміржол вокзалының ғимаратына шығарып салушыларды кіргізбеу туралы талап алынып тасталды», -деді Байғабылов.

Десе де, ол әлеуметтік ара қашықтық, маска режимі, вагондар арасында жолаушылардың жүріп-тұруын шектеу, күшейтілген дезинфекция секілді санитарлық-карантиндік талаптар қатаң сақталуы тиіс екенін атап өтті.

Азаматтар теміржол вокзалына бұрынғыдай дене қызуы өлшенгеннен кейін ғана кіре алады.

Сонымен қатар, 10 маусымнан бастап жолаушылар пойыздарында вагон-мейрамханалар мен вагон-барлардың жұмысы жанданады. Олар жолаушылардың алдын ала берген тапсырысын жеткізу әдісі бойынша жұмыс істейді.

Байғабылов теміржол көлігінде санитарлық-карантиндік шаралар сақталмаған жағдайда, талаптар қайтадан қатаңдатылатынын ескертті.

Еске сала кетсек, Қазақстанда жолаушылар пойыздары бірінші маусымнан жүре бастады. Жолаушылар пойыздарын іске қосу үш кезеңнен тұрады. Билеттер 15 мамырдан бері сатылады. Бірінші кезеңде — 1 маусымнан бастап — 54 пойыз қатынаса, екінші кезеңде, 10 маусымнан тағы 39 пойыз қосылады. Ал үшінші кезеңде, мемлекеттік шекараны кесіп өту шектеуінің алынуына қарай, 15 пойыз жүре бастайды деп жоспарланған. Оның ішінде Ресей, Өзбекстан және Қытайға қатынайтын пойыздар бар.



sputniknews.kz