жолаушыларға көмектескен әуежайдың үш қызметкері марапатталды

0
80

Алматы әуежайының қызметкерлері әуе апатының салдарынан зардап шеккендерге көмектесіп, төтенше жағдайда қайсарлық көрсетті

АЛМАТЫ, 27 мамыр – Sputnik. Алматы әуежайының авиациялық қауіпсіздік қызметінің үш қызметкері Bek Air ұшағы апатқа ұшыраған кезде зардап шеккендерді құтқарғаны үшін марапатталды.
Жандос Ысмағұлов, Қуаныш Қарбаев және Бағдат Шайкөзов ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаевтан «Құтқару операцияларына белсенді қатысқаны үшін» төсбелгілерін алды.

«Апатқа ұшыраған соң бірнеше минуттан кейін Алматы әуежайының қызметкерлері төтенше жағдай орнына келді. Олар төтенше жағдайда көрсеткен ерлігі пен қайсарлығы үшін марапатқа ие болды», – деп атап өтті Алматы халықаралық әуежайының баспасөз қызметі.

Алматы маңындағы ұшақ апаты

Bek Air әуекомпаниясының жолаушылар ұшағы 2019 жылдың 27 желтоқсанында ұшып көтерілгеннен кейін бірден Алматы маңында апатқа ұшырады. Ұшақ бетон қоршауына соғылып, екіге бөлінді.

Апат салдарынан 12 адам көз жұмды, оның ішінде экипаж командирі бар. Кейін ауруханадан шығарылған соң екінші ұшқыш та көз жұмды. Ұшақ бортында барлығы 93 жолаушы және 5 экипаж мүшесі болған.

26 мамырда Алматы қаласы Түрксіб аудандық сотының шешімімен Bek Air әуекомпаниясының мүлкі бұғатталды.



sputniknews.kz