Жол сапасын жақсартуға бағытталған қоғамдық бақылау және жаңа технологиялар
Қазақстан жолдарының сапасы мен инфрақұрылымына қатысты «Әділдік және өркендеу» қоғамдық қоры әлеуметтік мониторинг жүргізіп, халықтың пікірін анықтады. Мониторинг нәтижелері қазақстандықтардың 68,5%-ы жол құрылысының қарқынына, 70%-дан астамы жөндеу сапасына көңілі толмайтынын көрсетті.
Мониторингке 5-25 қараша аралығында онлайн форматта 5681 адам қатысып, төмендегі мәселелер атап көрсетілді:
•Сапалы магистральдардың аздығы – 58%;
•Аудан және елді мекендердегі жолдардың нашарлығы – 46%;
•Жолдардағы шұңқырлар мен жарықтандырудың жеткіліксіздігі – 39%;
•Жөндеу жұмыстарының баяулығы – 39%;
•Қыста қар тазалау мен көктайғаққа қарсы шаралардың жеткіліксіздігі – 29%.
Қатысушылардың 60%-дан астамы сапасыз жол кесірінен апатқа түскенін айтса, 11%-ы мұндай оқиға бірнеше рет болғанын жеткізді.
Жол сапасын жақсартуға арналған ұсыныстар
Мониторингке қатысушылар жолдарды жақсарту бойынша келесі ұсыныстарын айтты:
•Жөндеу жұмыстарының сапасын арттыру (60%);
•Жолдарды кеңейту және қосымша жолақтар салу (34%);
•Жөндеу қарқынын арттыру (33%);
•Құрылыста заманауи технологияларды қолдану (31%).
Сонымен қатар, жол құрылысы мен жөндеуге бөлінген қаражаттың жұмсалуына және құрылыс технологияларының сақталуына бақылауды күшейту қажеттігі атап өтілді.
Респонденттердің көпшілігі жол сапасын бақылау үшін қоғамдық мониторинг пен «ҚазАвтоЖол» сияқты ұйымдардың байланыс арналарын дамыту керектігін айтты. Дегенмен, 77%-ы бұл қызметтер туралы білмейді (ауыл тұрғындары арасында бұл көрсеткіш 80%-дан асады).
«Әділдік және өркендеу» қоғамдық қорының директоры Дана Рысмұхамедованың айтуынша:
- «Жол сапасын арттыру үшін мемлекет, бизнес және қоғам арасында тығыз әріптестік орнату маңызды. Қоғамдық бақылау арқылы ашықтықты қамтамасыз етіп, заманауи технологияларды енгізу қажет.»
Бұл мониторинг қазақстандықтардың жол инфрақұрылымын жақсартуға белсенді қатысуға дайын екенін көрсетіп отыр. Ашықтық пен тиімді бақылау жолдардың сапасын жақсартып, апаттардың азаюына ықпал ететіні анық.