Жол сапасы қандай? | «Айқын» газеті
«Нұр Отан» партиясының Мәжілістегі фракциясы жанындағы «Көлік логистика инфрақұрылымын дамыту» комиссиясы биылғы жұмысын қорытындылады. Комиссия отырысында биыл салынып, пайдалануға берілген жолдар мен келер жылы құрылысы аяқталатын жолдардың салыну барысы жайында жан-жақты есеп берді.
Жолға жауапты комиссия төрағасы, Мәжіліс Экология және табиғатты пайдалану комитетінің төрағасы Глеб Щегельский жаңа жолдардың шығыны, қолайсыздығы жөнінде де мәселе көтерді. Оның айтуынша, жаңа салынған жолдарды уақытында пайдалануға беру мәселесі өте өзекті. «Жыл сайын республикалық маңызы бар мыңдаған шақырым жол салынуға қыруар қаржы бөлініп жатыр. Бірақ қазына қаржысы уақытында жауапты мекемеге берілгенімен, нәтижесінде жолдың құрылысы уақытында аяқталмайды. Мерзімін созу, қайта қаржыландыру қажет болып жатады. Соның нақты себеп-салдарлары бұған дейін де бірнеше рет комиссия отырысында талқыланған. Бүгінде сол мәселелер нақты шешімін таппаған», – деді Глеб Щегельский.
Жол құрылысына жауапты Инвестициялар және даму министрлігінің Автомобиль жолдары комитеті төрағасының орынбасары Амангелді Беков республикалық маңызы бар жолдардың құрылысындағы негізгі проблемаларды атап өтті. Оның айтуынша, автомобиль жолдары бойынша жобалардың жүзеге асырудың белгіленген мерзімдеріне қайта-қайта түзетулер енгізу, жол салуға жауапты компаниялардың жолды пайдалану мерзімін бұзуға, салынған автомобиль жолдарының сапасына, жол бойында сервистік инфрақұрылым ұйымдастыруға, карьерлерді пайдалану жарамдылығына мәселе көп. Оны шешудің жолы – жауапкершілікті күшейту, жол салуға жауапты мекемеге тапсырыс берердің алдында сол компанияның техникалық базасын, мүмкіндігін толықтай тексеру. Сол кезде ғана республика бойынша 2025 жылы сапалы, қауіпсіз жолдар үлесін 85 пайызға жеткізуге мүмкіндік бар.
«Нұрлы жол» инфрақұрылымды дамытудың 2015-2019 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы аясындағы жобалардың жүзеге асыруын тұрақты қадағалап, мәселе туындаған жағдайда дер кезінде шешімін таппақ. «ҚазАвтоЖол» басқарма төрағасының орынбасары Берік Желдікбаевтың айтуынша, биыл 19 жоба жүзеге асқан. Республикалық маңызы бар Алматы – Өскемен, Астана – Петропавл, Ақтау – Бейнеу, Өскемен – Рахман қайнары, Қостанай – Қарабұтақ, Үшарал – Достық, Талдықорған – Қалбатау – Өскемен, Қалбатау – Майқапшағай, Меркі – Бұрылбайтал жолының құрылысы сапалы, уақытылы аяқталатынын жеткізді. Жиын соңында комиссия мүшелері 2019 жылдың жұмыс жоспарын бекітті.
Дереккөз: Айқын