Жол ортасындағы газ құбыры туралы әкімдік түсініктеме берді
Маңғыстау облысының Аташ ауылында салынып жатқан көлік жолына қатысты даулы сұраққа нүкте қойылды. Көше ортасындағы газ құбыры ай соңына дейін жер астына көмілетін болды.
Түпқараған ауданына жұмыс сапарымен барған «Жол активтерінің ұлттық сапа орталығының» қызметкерлеріне жергілікті билік өкілдері осылай деп мәлімдеді. Елімізде жолдардың сапасын бақылайтын мемлекеттік кәсіпорын филиалы Маңғыстау облысы әкімдігімен әріптестік келісімшартта отыр.
Осыған сәйкес шалғай өңірде автомобиль жолдарына қатысты туындаған кез келген мәселеге араласуға мүдделі. Еске сала кетсек, 23 қыркүйек күні Түпқараған ауданы Аташ елді мекенінің Б.Ақсамбаев көшесіне асфальт төсеу кезінде газ құбыры жол ортасында қалып қойған. Оны көрген ауыл тұрғындары әлеуметтік желілерге жариялап, шу шығарған еді.
inform.kz