Жол апаты алдын алғанда ғана азаяды

0
84

Бір жылда ғана осынша отандасымызды жоғал­туы­мыз­дың себебі неде? Жол-көлік оқиға­ла­ры (ЖКО) не себепті көбейіп кеткен?

Бұл мәселе аз көтеріліп жүр­ген жоқ, П.Казанцевке дейін де дабыл қаққан депутат­тар да, журналис­тер де болды. Бірақ нәтиже шамалы, ЖКО жыл өткен сайын азаяр емес, кері­сін­ше көбейіп ба­рады. Тә­у­ел­­­­­­сіздік жылдарында 82 мың­ға жуық адам осын­дай апаттардан қаза болған, ал жарты миллиондай аза­ма­т­ымыз түрлі жара­қат­тар алған. Со­ның ішінде еңбекке жарамсыз болып, мүгедек атанған жастар қаншама…

Жол-көлік оқиғасының кө­бею се­бе­бін халық алдымен авто­кө­лік­тер­дің көбеюінен көреді. Бірақ олардың жолда кенеттен істен шығуы, тежегіштің бүлінуі т.б. техникалық ақауларынан бол­ған көлік апаты аз. Апаттың ең не­гіз­­гі кінәлілері – жүргізушілер мен жол ережесін бұзатын жолаушылар. Адам қазасына соқтырған жол апат­та­ры­ның 80 процентке жуы­ғы осы себептерден бол­ған. Ал жүргізушілер мен жүр­гін­ші­лер­дің жол ережесін бұзбауын қадағалау Ішкі істер министрлігі жол полициясы (ЖП) комитетінің міндеті.

Жол полициясы комитетінің қан­ша­лықты тиімді жұмыс істеп жүр­генін адамдар күнделікті өмір­де жиі көреді. Олар­дың негізгі мақсаты қазір жол тәр­ті­бін бақылау емес, айыппұл жи­­нау­­ға айналып кеткен деген пікір көп. Осыған орай басымыздан өткен бір ғана мысалға тоқталып өтелік. Бірде мектептің алдына күнде тоқтайтын жерге машинамды қоя салдым. Сол жерде Жол полициясының машинасы да тұр екен, өздері елеу­сіздеу әңгімелесіп тұрды. Бала­сын алуға келген мен секіл­ді біреулер шығар деп мән бер­ме­дім. Мектептен баламды алып ке­ле жатсам әлгі екеуі ме­нің ма­шинамның жанында шұқ­ши­ып бірдеңе толтырып жатыр. Сөйтсем… айыппұл. Өйткені мен «мүгедектер тұрағына» тоқ­тап­пын. Кеше ғана болмаған бел­гіні сол жерге іле қойып, тоқта­ған адамды аңдып тұр екен. Ақтал­ған сөзіңді құлақтарына да ілмейді. «Мен тұра бастағанда неге ескертпедіңіздер, көріп тұр­дың­ыздар ғой» десем, «ескерту біздің міндетіміз емес, белгіні өзі­ңіз көруіңіз керек еді», дейді.

Ал бұл уақытта көшенің ша­ңын ас­панға шығарып кейбір есер­соқтар қа­ланың ішінде 100 шақырымдық жыл­дам­дықпен өтіп жатады. Әсіресе жаз ай­ларында зымыраған мото­цикл­дер­дің гүрілі құлақ тұндырады. Он­дайлар­ды біздің Жол поли­ция­сының қыз­мет­­керлері көр­мейді. Ал ДСҰ-ның мә­­лі­мет­те­ріне қарағанда, барлық жол ап­а­тының 23 проценті осы, мото­цикл­ші­лер­­дің үлесіне тиеді екен. Әрине Жол полициясының қыз­меткерлері арасында өз мін­дет­теріне жауапкершілікпен қа­рап, не­­гіз­гі жұмыстарын қа­пысыз ат­­­қаруға тырысатындар жоқ емес. Тағы бір мысал ай­тай­ық. Көк­ше­тау қаласынан шыға бер­іс­ке, қаладан 8-10 ша­қы­рым­дай жерге «Көкшетау» деген жазуды ақ тақтаның фонына жазып, орнатып қойыпты. Ақ фон болған соң 60 шақырымнан асыруға болмайды. Ал көптеген жүргізушілер қаладан шығып кеттім ғой деп жылдамдығын үдете бастаса, сол жердің тасасында тұрған Жол полициясының қызметкерлері дереу тоқтатып, айыппұлын жаза бас­тайды.

Жалпы, Жол полициясы қыз­­мет­кер­лерінің жұмыс тиім­ді­лі­гін олардың атына келген ха­лық­тың алғысына қарап баға­лау керек. Сонда алғыс алу үшін олар халыққа адал қыз­мет етер еді. Әрине ал­ғыс­тың қолдан жасалмағанын (досына, туы­сына, т.б. өтірік жасатып ал­ма­ған­ын) тексеретін жолдарды да қарастырған жөн. Оны тексе­ру­дің де әдіс-тәсілдерін табуға болады.

Әрине ЖКО-ны болдырмау жүз процент Жол полициясының қолынан келмейді. Халықтың өзі де жол тәртібін сақтап, жүргін­ші­лік мәдениетті арттыруы керек. Осыдан оншақты жыл бұрын Астана қаласында жол тәртібін бұзушылық тіпті орасан болатын, қазір ептеп азайғаны байқалады. Егер халықтың өзі де жол тәртібінің сақ­тал­уына үлес қосып отырса, жол апаты да азая түсер еді. Мысалы, бар­­лық көлік қызыл жарыққа тоқ­­тап тұрғанда кей­бір­еулер өте шы­ғады. Қазір халықтың бә­рі­нің қолында қалтафон бар, сондай сора­қылықты дереу полицияға жеткізсе, оны бәлки келесі жол қиылысында ұстар еді. Сөйтіп апаттың алды алынар еді. Мәдениеті жоғары Еуропа елдерінде осындай үрдіс баяғыдан бар. Сондықтан да оларда жол апаты оқиғалары аз.

Жасыратыны жоқ, біз біреудің жол тәртібін бұзғанын полицияға айтуды ұят, тіпті сатқындық деп санаймыз. Бұл дұрыс емес, адам өмірін, оның ішінде өз өмірімізді де сақтағымыз келсе, осындай игі істерге дайын болуымыз керек.

Мақаламызды Мәжіліс де­пу­­таты П.Казанцевтің сауалы­нан бастадық қой, ендеше со­нымен аяқтайық. Депутат өзі­нің сауалында Ішкі істер ми­нис­трлігі ЖКО-ның азаймау се­беп­терін қоғам өкілдері және сарап­шылар қау­ым­дас­ты­ғын қатыс­­тыра отырып, кешенді түрде талқылауды ұсынады. Соны­мен бірге жүргізуші куә­лі­гін беруге оқытатын мекемелерде талапты қатаңдатуды сұ­райды. Ал біз өз тарапымыздан ЖП қызметкерлері мекеме-ұйымдарға, оқу орын­дарына барып, әңгіме өткізіп, жол тәртібін сақ­таудың маңыздылығын түсіндіру сабақтарын жүргізгені де дұрыс деп айтар едік. Мұндай сабақтар барлық жүргізушілер мен жүргіншілерге, тіпті Жол полициясы қызметкерлерінің өздеріне де керек.

Жақсыбай САМРАТ,

«Egemen Qazaqstan»

Дереккөз: http://egemen.kz/