Жоғары жақ президенттен бастап бәрі қазақша сөйлеуі керек! – Жамбыл Ахметбеков
Кәсіпкер Р.Мухоряпов кеше кешірім сұрап, видеосын жариялады. Алайда ол ашынған халықтың көңілін жібіте алған жоқ. Тіпті қарсылық үдей түскендей.
Бұл туралы kznews.kz сайты nege.kz порталына сілтеме жасап хабарлайды.
«Мухоряпов қалтасына сенген сияқты»
– Бұл жайтты қалай бағаладыңыз?
– Өте келеңсіз жағдай болды. Бүкіл әлеуметтік желі мен ақпарат құралдарының барлығы Мухоряповтың сөзіне қарсылық танытты. Ол өзі тұрған елдің мемлекеттік тілін мұқатып, келемеждеп сөйледі.
Мұндай жағдайлар соңғы кезде жиі байқалып жүр. Бұл – жаман тенденция. Қазіргі уақытта оның алдын алу өте қиын. Қандай да бір заңды күшейтіп, оған тосқауыл қоямын дегеннің өзінде бәрінің аузына қақпақ бола алмайсың. Бірін тыйсаң, бірі сөйлеп жатады.
Мухоряповты да бұл сөзді айтар кезде байқамай қалды деп ойламаймын. «Мен – қалталымын» деген ойды миына құйып алып, өзінің күшін көрсеткісі келген сияқты. Сондықтан оны әлеуметтік желілерде қысып, талап етіп жатқан адамдарды мен жақтаймын. Ол кешірімді айтқан сөзі саяси астар алып кеткеннен кейін ғана сұрады.
– Енді не істеу керек?
– Тіл мен ұлт туралы идеологияға толықтай реформа жасау керек. Елімізде тұрып жатқан өзге этнос өкілдерінің де қазақтарға деген көзқарасы адекватты формада болғаны дұрыс. Ал бұл – достық қарым-қатынасты бұрынғыдан да жақсарту қажет деген сөз. Бұл мәселе де өте күрделі. Мұндай жағдай бұған дейін де болды ғой, сондықтан енді қайталанбайды деп айта алмаймын.
Осындай келеңсіздіктерді жақтайтын өзіміздің шалақазақтар да болды. Сол үшін қазір қазақ тілінің қолданылу аясын барынша кеңейте беру керек.
«Шалақазақ әріптестерім ұялып қалады»
– Сіз айтқан «шалақазақтардан» бөлек, өзіңіздің әріптестеріңіздің арасында да мемлекеттік тілді білмейтіндер бар. Оған не дейсіз?
– Олардың арасында өзге ұлт өкілдері бар ғой. Ал қазақтарға келсек, олар сөйлемесе де, толықтай түсінеді. Мүмкін өздерінің шыққан ортасы орыстілді болған шығар.
– Шындап кіріссе, үйреніп алуға болады…
– Әрине, шындап кіріссе, үйрене алады. Мен 99 пайыз қазақша сөйлейтін ортада өсіп, орыс тілін қажет болғасын осында үйрендім. Мүмкін оларға сол орталарында қажеттілік болмаған шығар. Қазір үйренуге тырысып жатқандар бар. Мысалы, қазақша тамаша сөйлейтін Наталья Дементьева мен беларусь қызы Снежанна Имашеваны алайық. Олар сөйлеген кезде кейбір әріптестерім ұялып қалады. Жалпы, бізде қазақ тілін үйренем дегендерге арнайы үйірме бар.
С.Имашева
– Депутаттарға арналған арнайы үйірме ме?
– Иә, аптасына екі рет таңғы сегіз бен тоғыз арасында жұмысқа дейін қазақ тілі мен ағылшын тілін оқытады. Өйткені депутаттар шетелге де шығып тұрады ғой. Онда Альберт Рау сияқты басқа ұлт өкілдері оқып жатыр.
Мысалы, Альберт Павлович жиналыстарда синхронды аударманы қолданбай-ақ қазақшаны түсініп отырады. Қазақша қойылған сұраққа дәлме-дәл орысша жауап береді. Толықтай қазақша сөйлемесе де, «Рақмет, сау болыңыздар!», «Бастаймыз» деген сияқты сөздерді қосып айтып жүр. Демек, оның талпынысы бар деген сөз.
Бірақ мемлекеттік тілді үйренуге бәрінің толық ынтасы жоқ екені де рас. Атын айтпай-ақ қояйын, 5-6 жылдан бері депутат боп келе жатқан танысым бар. «Түсінем» дегенімен қазақшаны әлі толықтай меңгерген жоқ.
«Жоғары жақ» туралы
– Сіздер тілдің мәртебесін көтеру мақсатында заңға өзгерістер енгізу туралы ұсыныс айта аласыздар ғой?
– Иә, айта аламыз. Мысалы, «депутаттық ынта» деген бар. Бірақ қазір «Тіл туралы» заңның аясы кеңейген. Оны ешкім мұқалтып жатқан жоқ. Тілдің дамуына бүкіл мүмкіншіліктер жасалған. Тек сол толыққанды қолданылмай жатыр ғой. Біз өзге тілді кемсітпей, өз тіліміздің дамуы үшін мүмкіншілік жасадық. Әрі қарай оны жүзеге асырып әкету жоғары жақтағыларға байланысты.
– Жоғары жақ дегенді нақтырақ айтсаңыз…
– Мен айтайын онда. Ең бірінші мемлекетті басқарушы Президенттен бастап көбінесе қазақша сөйлеу керек. Яғни, ол толық қазақша сөйлеп тұрса, барлығы соған талпынатын болады. Президент те, Премьер-министр де қазақша сөйлей алады. Олар өздерінің іс-шара, жиналыстарының барлығын қазақ тілінде өткізіп жүрсе, басқа төменгі, орта орган өкілдері де отырыстарын тек қана қазақша өткізе бастайтын еді. Міне, отыз жылдан асты, әлі де жоқ…