ЖОҒАРЫ ТЕХНОЛОГИЯЛЫҚ ДӘРІГЕРЛІК ҚЫЗМЕТ | «Айқын» газеті

0

Қазақстан Президенті Н.Назарбаевтың «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты Жолдауында: «Медициналық қызмет сапасы халықтың әлеуметтік көңіл күйінің аса маңызды компоненті болып саналады» деп көрсетті. Жолдауда Қазақстан халқының өмір сүруі үшін аса қажетті бағыт-бағдарлар нақтыланған, соның ішінде медицина саласы мамандарының алдына да айқын міндеттер қойылған.

Осыдан болар, Өскемендегі «Ана мен бала» орталығының бас дәрігері Ермек Омарбеков өз әңгімесін: «Денсау­л­ық сақтау саласының қызмет­кері ретінде мемлекет басшысы атап көрсет­кен барлық емхана мен ауруха­на­да медицина­лық құжаттарды қағаз­сыз, цифрлы нұсқада жүргізуге көшіруді, тұрғындардың элек­трон­­ды денсаулық паспорттарын жасау қажет­ті­гін толығы­мен қолдаймын. Бұл шаралар­дың меди­ци­налық мекемелер­дегі кезекті болдыр­мауға, бюрократиялық көз­­қарасты жоюға, қызмет көрсету сапа­сын жақ­сарту­ға – игі ықпал етері даусыз. Біздің орта­­лықтың қызмет­керлері Елбасы қой­ған міндеттерді жүзеге асыруға құлшы­на кірі­сіп кетті», – деп Жолдаудан бастады.
«Ана мен бала» КМК орталығы Шығыс Қазақстан облысындағы көп­қыр­лы аса ірі дәрігерлік мекемелер­дің бірегейі саналады. Бұл орталықтың құрамына педиатриялық блок, №2 педиа­триялық бөлім, инфек­ция­лық бөлім, акушер-гинекологиялық бөлім, №2 босанатын үй, консультативтік бала­лар поликлиникасы, консульта­тив­тік-диаг­нос­­тикалық бөлім, учаскелік педиа­трия­­лық қызмет және жарақат пункті кіреді. Жоғары технологиялық қызмет нейро­хирургия, травмотология, көз микрохирур­гиясы, хирургия, гине­ко­­логия салалары бойынша көрсетіледі.
Орталыққа шетелдік мамандар жиі келіп мастер-класс өткізіп тұрады. Мәселен, өткен жылдың 16-18 шілде аралығында Түркияның дәрігерлері жаңа туғандарды реани­ма­циялау бойынша мастер-класс өткізіп қайтқан. Түркияның неонто­логия жөнін­­дегі білікті профессор­лары мен белді мамандары өткізген оқуларға қатыс­қан 85 маман арнаулы сертификат­қа ие болған, олардың 10 пайызы – неонто­лог, 8 пайы­зы акушер-гинеко­лог­ болса, 82 пайызы орта буындағы медицина қызметкерлері. Сондай-ақ 2017 жылдың қараша айында Мәскеу қаласын­дағы Пирогов атындағы инсти­тут­тың бала­лар кафедрасы профес­сор­лары «Бала­лар хирургиясы­ның өзекті мәсе­лелері» тақыры­бында шеберлік сыныбын өткізген. Минск қаласындағы балалар онкологиясы және гемотология республи­калық зерттеу департаментінің директоры Михаил Белевцев «Балалар­дағы иммундық жүйе ауруы. Бастапқы иммунодефицит» тақырыбында 54 сағатық көшпелі оқу циклін өткізген. 2016 жылдан бері Жарма, Зайсан, Шемонайха, Зырян аудандарда телеме­ди­цина бойынша селек­торлық кеңес өткізіліп келеді. Теле­ме­дицина жоқ аудандармен видеобайланыс орнаты­лып­ты. Осындай тәсілдермен акушерлік және неонтологиялық пробле­малар шешілуде.
Тағы бір айта кетеріміз, «Ана мен бала» орта­лығының мамандары білімін жетіл­діру мақсатында шет ел­дерге жиі шығып тұра­ды. Былтырғы жылы облыстық денсау­лық сақтау басқармасы мен Шығыс Қазақстан облысы әкімі Даниял Ахметов­тің қолдауының арқасында орталықтың сегіз қызметкері – Англияның жетекші кли­н­и­каларында денсаулық сақтау менед­ж­­менті, неонто­ло­гия, ересектер реанима­ция­сы, балалар реанимациясы, акушерлік және гине­ко­лгия салалары бойынша білімдерін жетілдіріп қайтқан екен.
Орталықтың материалдық-техника­лық жағынан жарақтануы жыл өткен сайын жақсарып келе жатқанын айтуға тиіспіз. Өткен жылы жергілікті бюджет­тен осы мақсатқа 1 224 829 теңге бөлініп­ті. Осы жоғары технологиялық жабдық­тар­д­ың арқасында кеуде сүйектері органдарын зерттеуге мүмкіндік туған. Сол сияқты эндовидеохирургиялық қондырығының көме­гімен хирургтер тұңғыш рет торакос­ко­пия жасаған.
– Былтыр «Ана мен бала» орталы­ғын­да 8 972 нәресте өмірге келіпті. Солар­дың ішінде үшем сәбилер бар. Олардың бақытты ата-аналары Назарбек Әзімбек пен Күнкен Майра – Күршім ауданы Сарыөлең ауылының тұрғындары. Аяғы ауыр келіншектер мен боса­натындарға сапалы қызмет көрсе­ті­лу­де. Оны респуб­ли­ка­лық орталыққа жіберілетіндер саны жыл өткен сайын азайып келе жатқанды­ғы­нан байқауға болады. Айталық, өткен жылы республ­и­ка­лық орталыққа босануы қиынға соғып тұрған алты әйел ғана жөнелтілді. Өзді­гі­нен босанатын әйел­дердің саны жыл сайын арта түсіп келеді, кесерова отасы арқылы босанатын­дар саны азайды. Осының бәрі – жоғары технологиялық қызметтің нәтижесінде келген жетістіктер деп айта аламын. Сөздің реті келгенде айта кетейін,бізге қалалық әкімдік үлкен қолдау көрсетіп келеді. 2017 жылы жас маман­дары­мызға пәтер кілті табыс етілді. Мұндай қамқорлық бізге маман кадрлар тапшы­лы­ғын шешуге мүмкіндік беріп отыр, – дейді Ермек Сембайұлы.
«Ана мен бала» орталығында оны дамытуға байланысты жол картасы жасалған. Англия мен Оңтүстік Корея, Израиль мен Литва, Ресей мен Беларусь­тің ірі клиникаларына ментор­лық программа өткізуді сұраған ресми хат жолданыпты, оған құпталған жауап қайтарылған. Шетел­дік және отандық дәрігерлік ұйым­дар­мен осындай байланыс орнату қызмет сапасын жақсарта түсетіні түсінікті. Маман­дар біліктілігін жетілдіруге, орталық­тың материалдық-техникалық жағдайын жақсартуға, жаңа технологияны енгізуге байланысты басқа да көптеген шара белгіленген. Қорыта айтсақ, Шығыстағы «Ана мен бала» орталығы жыл өткен сайын шырайланып, жұртшылықтың көзайы­мына айналуда.

Мира МЫРЗАҒАЛИ,
Шығыс Қазақстан облысы

Дереккөз: Айқын

Загрузка...

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз