Жоғары білімнің құны бойынша ҚР аймақтарының рейтингі
Қазақстанның қай аймақтарында жоғары білім ең қымбатқа түседі, баланың білім алуына қорды қашан жинап бастаған дұрыс және мұны қалай жасауға болады.
Жыл сайын жүз мыңдаған қазақстандық жоғары сынып оқушылары болашақта кім боламын және қай университетке оқуға түсемін деген күрделі таңдау алдында тұрады. Көп нәрсе: болашақта еңбек нарығында сұранысқа ие болу, еңбекақы мөлшері және мансаптық перспективалар нақ осы шешімге байланысты болады.
ҚР статистика жөніндегі комитетінің деректері бойынша, 2018 жылы қазақстандық жоғары оқу орындарына 163 336 адам оқуға түскен. Ал барлығы өткен жылда елімізде 542 258 студент болды. Талапкерлер арасындағы ең танымал мамандықтар халықаралық құқық, қаржы, экономика және құқықтану болды. Алайда соңғы бірнеше жылда АТ саласымен, бағдарламалаумен, деректерді талдаумен, робототехникамен, генетикамен байланысты мамандықтарға қызығушылық қатты артты.
Қазіргі уақытта елімізде 124 жоғары оқу орны жұмыс істейді, олардағы оқу құны айтарлықтай қатты өзгешеленеді. «Freedom Finance Life» өмірді сақтандыру компаниясының мамандары ашық көздерден және қазақстандық жоғары оқу орындарының қабылдау комиссияларынан алынған деректерді талдап, бакалавриатта бір жылғы оқу құны бойынша ҚР аймақтарының рейтингін құрастырды.
«Орташа есеппен алғанда, қазақстандық университет бакалавриатындағы бір жылдық оқу студент үшін 396 307 теңгеге айналады, — деп мәлімдеді «Freedom Finance Life» өмірді сақтандыру компаниясының Басқарма төрағасы Азамат Ердесов. – Тиісінше бакалавриаттың төрт жылына 1 585 228 теңге төлеу қажет болады. Көптеген қазақстандықтар үшін бұл – жинау қиынға түсетін үлкен сома. Әсіресе жоғары білімнің жыл сайын 10-15%-ға қымбаттап отыратындығын ескеретін болсақ».
Талдау нәтижелері бойынша, ең қымбат жоғары білім – Алматы қаласында: мұнда бакалавриаттағы бір жылдық оқудың орташа құны студентке 671 397 теңгеге айналады. Төрт жылға 2 685 588 теңге төлеуге тура келеді. Айта кету керек, бұл – алматылық жоғары оқу орнындағы оқудың орташа құны ғана. Оңтүстік астанаға еліміздегі барлық жоғары оқу орындарының 33%-ы тиесілі, сондықтан құн айырмасы өте үлкен және жылына 205 000 теңгеден бастап 2 157 000 теңгеге дейін түрленеді.
Рейтингте Алматыдан кейін Алматы облысы мен Астана тұр. Бұл аймақтарда бакалавриаттағы бір жылдық оқу орташа есеппен алғанда тиісінше 542 216 және 532 384 теңге болады. Бұл ретте бір жылдық оқудың ең жоғарғы құны – Алматы облысында 1 250 000 теңге және Астанада 1 000 000 теңге.
Рейтингте олардың соңынан Ақтөбе облысы (жылына 484 333 теңге), Солтүстік Қазақстан облысы (жылына 450 000 теңге) және Шығыс Қазақстан облысы (жылына 444 114 теңге) ілеседі. Қазақстанның барлық аймақтары бойынша нәтижелер төмендегі кестеде келтірілген.