Жоғарғы сот Владислав Челах ісін қайта қарайды

0
124
Владислав Челах,
Владислав Челах. Фото: Nv.kz

ҚР Жоғарғы соты Владислав Челахтың ісін қайта қарайды.

Жоғарғы соттың баспасөз қызметіне сілтеме жасаған Zakon.kz-тің хабарлауынша, сотталған Владислав Челах БҰҰ-ның Адам құқықтары жөніндегі комитетінің шешіміне сүйеніп, істі қайта қарау туралы өтініш берген.

Соған байланысты Жоғарғы соттың қылмыстық істер жөніндегі алқасы 2019 жылдың 22 қаңтарында оның ісін қайта қарайды, – деп хабарлады ҚР Жоғарғы сотының баспасөз қызметі.

Сотталғанның өзі істі қайта қарау процесіне қатыспайды.

2017 жылдың қараша айында БҰҰ-ның Адам құқықтары жөніндегі комитеті Владислав Челахтың 2015 жылы жіберілген шағымын қарағаны белгілі болған.

7 қарашада менің Челахқа қатысты шағымым БҰҰ-ның Адам құқықтары жөніндегі комитетінде қаралғаны туралы екі хабарлама келді. Хат ағылшын тілінде. Онда шағымымның қаралып, қанағаттандырылғаны айтылған. Азаматтық және саяси құқықтар туралы халықаралық пакттың 14-бабы бұзылып, Челах бейтарап әрі әділ сотталу құқығынан айырылған, – деді сол кезде оның адвокаты Серік Сәрсенов.

Серік Сәрсенов 2018 жылдың наурызында қайтыс болды.

“Арқанкерген” шекара тұрағындағы қайғылы оқиға 2012 жылдың мамырының соңында болды. Жазғы уақытта қызмет атқарып жатқан 15 шекарашы байланысқа шықпай қалғаннан кейін онда басқа заставаның шекара жасағы жіберілді. Тұраққа келген шекарашылар казарма ғимаратының өртенгенін, оның ішінде 14 адамның мәйіті жатқанын хабарлады. Жақын маңдағы аңшы үйінен орманшының да мәйіті табылды. Бірнеше күннен соң тірі қалған жалғыз шекарашы, қатардағы Владислав Челах ұсталды. 19 жастағы Челах әуелі қызметтестері мен орманшыны өлтіргенін мойындағанымен кейін берген айғақтарынан бас тартты. Ол тергеу барысында өзіне қысым көрсетілгендіктен жалған айғақ беруге мәжбүр болғанын мәлімдеді. Қылмыстық істер бойынша ауданаралық мамандандырылған әскери сот 2012 жылдың 11 желтоқсанында оны кінәлі деп тауып, өмір бойы бас бостандығынан айыруға үкім шығарды.

Біздің Telegram-каналымызға жазылыңыз!

Дереккөз: Baribar.kz