Жоғарғы сот тіл сынағынан өте алмаған Әлиевтің шағымын қалай қарады?

0

Тіл комиссиясы «Халық демографиясы» қоғамдық ұйымы кандидаттыққа ұсынған Әлиев «мемлекеттік тілді меңгермеген, 13 сөйлемнен 19 қате жіберді» деген. Кейін Әлиев жоғарғы сотқа шағымданып, «қазақ тілін меңгермеген» деп шешім шығарған тіл комиссиясын сотқа берген. Сот 15-16 мамыр күндері өтті. 16 мамырда жоғарғы сот Әлиевтің арызын тоқтату туралы шешім шығарды. Судья Мадияр Балкеннің сөзінше, тіл комиссиясы жұмысын сотта даулау заңда қарастырылмаған және оның талаптарын қарау жоғарғы соттың құзырына жатпайды.

Сотқа жауапкер ретінде тіл комиссиясы төрағасы, академик Мырзатай Жолдасбеков, профессорлар – Ерден Қажыбек пен Әділ Ахметов қатысты. Бұған қоса, Орталық сайлау комиссиясының (ОСК) мүшелері Ләззат Сүлеймен, Мақсатхан Анапин мен Әділхан Жәкенов те келді. Сот барысын ЕҚЫҰ өкілдері де бақылап отырды. Жолдасбеков бастаған жауапкерлер ашық сотта фото-видео түсіруге қарсы болды.

«СЕКСЕННЕН АСҚАН ЖАСЫМДА СОТТА ОТЫРМЫН»

15 мамырдағы сот отырысы басталмай жатып, екі тарап бір-бірін жылы қарсы алды. Отырыс басында Жұматай Әлиевтің адвокаты Гүлнәр Мұратәлиева тіл комиссиясы шешімдеріне сараптама жасауды сұрады. Бірақ Мырзатай Жолдасбеков адвокаттың ұсынысына қарсылық танытып, тіл комиссиясында шетінен филолог ғалымдар мен академиктер отырғанын айтты.

– Жұматайдың неге өйткенін білмеймін. Ақылдасса болар еді. Талапкер ретінде Жұматайға барлық мүмкіндік жасадық. Уақытты да басқалардан көбірек бердік. Менің ағалық ақылым, Жұматай осы мәселені қоя қойсаң болар еді. Шашым ағарғанда, сексеннен асқан жасымда осы жерде (сотта – ред.) отырғанымды мін санап отырмын. Амалым құрығаннан келіп отырмын, – деді Жолдасбеков.

Жұматай Әлиев айтқанын қайтпады. Ол өзінің «ауылда, жусан ішінде өскендігін» айтты. Әлиев ОСК мүшесінің кіріп-шығып, ойын бөліп психологиялық қысым жасағанына шағымданды. Әлиев Мырзатай Жолдасбековтің жиырма жылдан бері тапжылмай тіл комиссиясын басқарып келе жатқанын, жасының да ұлғайғанын айтты.

– Мырзатай ағамыз жиырма жыл бойы тіл комиссиясын басқарады. Одан бері талай буын өзгерді. Жас буын қайда? Неге жиырма жыл бойы бір адам басқарады? Президенттің қасында жүрген адаммын. Оның қасында қазақша білмейтін министрлер де жүр. Олардың бәрі сауатсыз ба? – деді ол.

Жұматай Әлиев тіл сынағын тапсырып отыр. Нұр-Сұлтан, 2 мамыр 2019 жыл.

Жұматай Әлиев тіл сынағын тапсырып отыр. Нұр-Сұлтан, 2 мамыр 2019 жыл.

Адвокат Гүлнәр Мұратәлиева ОСК мен тіл комиссиясы мүшелерінен жалпы үміткердің мемлекеттік тілді еркін меңгеруін бағалауда қандай заңға сүйенетінін сұрады.

– Үміткердің емтиханда орындаған тапсырмаларын бағалу үшін біз шақырған бейтарап тіл мамандарды тыңдауды сұраймыз. Егер тіл комиссиясы белгілі заңнамаға сүйенсе, мұндай дау болмас еді. Бірақ адамның тағдырын алты кісі өздері қалағанша шеше салған, – деді Гүлнәр Мұратәлиева.

Адвокат сауалына жауап берген ОСК мүшесі Ләззат Сүлейменнің сөзінше, комиссия мүшелері Конституцияның 41-бабы (Бапта президент болатын адам қазақ тілін еркін меңгеруі тиіс деп жазылған – ред.) мен 2005 жылы шыққан қаулыға (нақты қандай қаулы екенін ашық айтпады) сүйенген.

– [Әлиевке] бір жарым сағат уақыт берілді. Осы уақыт ішінде үміткер көлемі екі беттен аспайтын жазбаша тапсырманы орындап, үш баспа беттен аспайтын мәтінді мәнерлеп оқып, он бес минуттан кем емес уақытта еркін сөйлеуі тиіс. Мен кіріп-шығып, мөр басылған қағаздар әкеліп беріп жүрдім. Менің ары-бері жүргенім қазақ тілін жақсы білетін адамға психологиялық қысым болуы мүмкін емес. Мен бұл кісінің айтқанымен келіспеймін, – деді ол сотта.

Ләззат Сүлеймен Мырзатай Жолдасбековтің тіл комиссиясын 20 жыл емес, сегіз жыл ғана басқарғанын және комиссия мүшелерінің биыл 50 пайызға жаңарғанын, кейбір адамдардың көз жұмғанын да айтты. Оның сөзін қоштаған Мырзатай Жолдасбеков те өзін комиссия төрағалығына шақырған соң келгенін айтты.

– Жұматайдың сөз саптауында жүйе жоқ. Оны екінші және үшінші сұрақта да байқадық. Мәнерлеп оқуы да оғаш болды, ырғағына келтіріп оқи алмады. Соңғы сұрақта «Ырыс алды – ынтымақ» деген еркін тақырыпта басқа жаққа кетіп бара жатқанда, тоқтатып, сұрақ қойдым, «ырыс деген не?» дедім. Жауап бере алмады, аша алмады. Бұл тақырыпта саясат жоқ. [Әлиев] «қате жоқ» дейді. Біз онда не көрдік деймін, Жұматай? Біз арымызбен, барымызбен бағаладық, – деді ол.

«ҚАЗАҚША БҰЛБҰЛША САЙРАП ОТЫРМЫН»

Сотта сөйлеген профессор Әділ Ахметовтің айтуынша, Жұматай Әлиев екі беттен тұратын жазбаша тапсырмаға бар болғаны 13 сөйлем жазып, онда 19 қате жіберген.

– Міне, қолымда тұпнұсқасы тұр. Тыныс белгілерінен хабары жоқтай. Нүкте қоятын жерге қоймайды, дефис қоятын жерге қоймайды. Осыны экранға шығарса не болады? Әлиев ырыс туралы көп мақала жазғанын, сұхбаттарын айтады. Кез келген газет мақаланы түзеп шығарады. Оны дәлел ете алмайды. Бар қатені мойындау керек. Ол бес емле, он тыныс белгісі, төрт стильдік қате жіберген, – деді Ахметов.

Әлиев өзінің қатесіз жазғанын дәлелдеу үшін бейтарап тіл маманына жүгінгенін, оларды сот залына кіргізуді сұрады.

Бірақ судья Әлиевтің өтінішін қанағаттандырмады. Ал адвокат оқыған бейтарап лингвист-профессорлардың жазғанын оқып берді. Онда «Әлиев жазбаша сынақта 90 сөзден құралған 14 сөйлем жазып, 6 қате жібергені» жазылған.

Кейін сот отырысы жарыссөзге ұласып, Әлиев соңғы сөзін айтты.

– Бірнеше күннен бері бәріңіз менің қазақша бұлбұлша сайрап отырғанымды көріп отырсыздар. Мен сынақ кезінде сөйлегенде комиссия мүшелерінің көздері жанып, қол шапалақтағысы келді. Мен тілім үшін жанымды беруге дайынмын. Нан мен құран ұстайын. Кіріп-шығып, ойымды бөлді, уақыт аз берді. Таза параққа көшіріп жазуға мүмкіндік берген жоқ. Мен саясаткермін. «Барыс» орденім, президенттен алған «Достық» орденім бар. Комиссия шешімін негізсіз деп санаймын, менің арыма нұқсан келді. Қоғамда жексұрын болып бара жатырмын, – деді Әлиев.

Судья Мадияр Балкен.

Судья Мадияр Балкен.

Судья Мадияр Балкен жарыссөзда адвокат Гүлнәр Мұратәлиеваға сөз беруді қажет деп таппады. Бірақ адвокаттың наразылығынан соң рұқсат етті.

Қорғаушы өзінің сотта бірнеше өтініш білдіргенін, бірақ ескерілмегенін айтты. Мұратәлиеваның сөзінше, комиссия мүшелері Әлиевтің сынақтан өтпегені туралы хаттаманы оған көрсетпестен ақпарат құралдарына жариялап, оны «сауатсыз» деп ар-намысын таптаған.

«ӘЛИЕВТІҢ ЖЕКЕ БАСЫ ТУРАЛЫ ӘҢГІМЕ БОЛҒАН ЖОҚ»

Әлиевтің сынақтан өте алмағаны туралы комиссия қортындысын журналистерге жариялаған профессор Әділ Ахметов Азаттыққа «Әлиевтің мемлекеттік тілді еркін меңгермегені анықталғанын хабарладым. Барлық үміткерлерді бірден хабарладық. Бірақ журналиcтер оның ғылым докторы, саясаткер екенін айтып, мысал келтіруді сұрады. Мен шығармада 19 қатенің қалай кеткенін айттым. Ол жерде Әлиевтің жеке басы туралы әңгіме болған жоқ» деді.

Сотқа Алматыдан келген профессор Құбығұл Жарықбаев «Әлиев қобалжудан қателік жіберді және ондай жағдай психологияда жиі кездеседі» деп санайды.

– Әлиев жасы келген, жетпіске жақындап қалған адам. Үрейленіп, нүкте, үтірлерден қателік кеткен болар. Бірақ ол әлі қоғамға керек адам, – деді Жарықбаев.

Адвокат Гүлнәр Тұрдәлиева үкімді алған соң Әлиевтің ар-намысының аяққа тапталғанын айтып, аудандық сотқа арызданатындарын айтты.

Сот шешіміне наразы болған Жұматай Әлиев Азаттыққа пікір айтудан бас тартты. Сот соңында сайлау комиссиясы мүшелері мен үміткердің дауласып қалды.

Соттан соң тіл комиссиясының төрағасы Мырзатай Жолдасбеков емтиханнан өткен басқа үміткерлер жайлы пікірін айтты.

Тоқаев мүлде қате жіберген жоқ, тамаша жазды. Үміткер Әміржан Қосанов пен Сәдібек Түгелді де ерекше атауға болды. Ал Дания Еспаева болашағы зор, ақылды адам екенін көрсетті, – дейді академик.

2 мамырда Орталық сайлау комиссиясы «Халық демографиясы» қоғамдық бірлестігі ұсынған үміткер Жұматай Әлиевті кандидат ретінде тіркемеді. Тіл комиссиясы Әлиев «қазақ тілін меңгермеген» деген шешім шығарған.

7 мамырда Жұматай Әлиев Орталық сайлау комиссиясының шешімімен келіспейтінін айтып, сотқа шағым түсірген.

Жұматай Әлиев – парламент мәжілісінің бұрынғы депутаты, философия ғылымдарының докторы.

Қазақстанда кезектен тыс президент сайлауы 9 маусымда өтеді. Оған әуелі тоғыз адам қатысуға ниет білдіргенмен, Орталық сайлау комиссиясы жеті үміткерді тіркеген.

Azattyq

Загрузка...

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз