Жоғарғы сот сайлау комиссиясын сотқа берген Әлиевтің арызын қарай бастады

0

15 мамырда Жоғарғы сот Қазақстан президенті сайлауына кандидат ретінде тіркелмек болып, бірақ қазақ тілі сынағынан өтпей қалған Жұматай Әлиевтің арызын қарай бастады. Ол «орталық сайлау комиссиясы әділетсіз шешім шығарды және абыройыма дақ түсірді» деп санайды.

Істі судья Мадияр Балкен жүргізіп жатыр. Сот отырысына лингвистикалық комиссия төрағасы, академик Мырзатай Жолдасбеков пен мүшелері Әділхан Жәкенов, профессор Ерден Қажыбек қатысты. Бұған қоса, орталық сайлау комиссиясының мүшелері Ләззат Сүлейменова, Мақсатхан Анапин мен Әділ Ахметов те келді. Сот барысын ЕҚЫҰ өкілдері Зорона Исмаилова мен Елена Коволева бақылап отырды.

Жұматай Әлиевтің адвокаты оның емтихан кезінде тапсырған жазбаларына лингвистикалық талдау жасауды, қазақ тілінен сынақ тапсырған күні Жұмалиевтің қасында болған көмекшісінен де, емтиханға шақырылған бейтарап лингвистерден де куә ретінде жауап алуды сұрады. Оның сөзін қоштаған Жұмалиев өзін бұқаралық ақпарат құралдарына «сауатсыз» деп жариялау ауыр күйзеліске түсіргенін айтты.

– Бұл — жеке бас мәселесі емес, саяси мәселе. Ұлттық интеллигенция өкілімін, ассамблеяның орынбасары болдым. Өмірбақи президенттің саясатын жүргіздім. Мені тоқты қылып құрбандыққа шалып отыр. Неге 80 жасқа келген Мырзатай Жолдасбеков лингвисткалық комиссияны жиырма жыл басқарып келеді? Маған қиянат жасалды,- деді Жұмалиев сотта.

Сот адвокаттың лингвистикалық талдау жасау туралы өтінішін қанағаттандырмады. Екі тараптың дауы бірнеше сағатқа созылып, сот отырысы ертеңге, 16 мамырға қалды.

15 мамырдағы отырыста Мырзатай Жолдасбеков сотты «жеке адамның мәселесі» деп, фото-видео түсіруге қарсылық білдірді. Басқалар да оны қолдады.

Қазақстанда кезектен тыс президент сайлауы 9 маусымда өтеді. Оған әуелі тоғыз адам қатысуға ниет білдіргенмен, Орталық сайлау комиссиясы жеті адамды тіркеген.

2 мамырда Орталық сайлау комиссиясы «Халық демографиясы» қоғамдық бірлестігі ұсынған үміткер Жұматай Әлиевті кандидат ретінде тіркемеді. Тіл комиссиясы Әлиев «қазақ тілін меңгермеген» деген шешім шығарған.

7 мамырда Жұматай Әлиев Орталық сайлау комиссиясының шешімімен келіспейтінін айтып, сотқа шағым түсірген. Жұматай Әлиев — парламент мәжілісінің бұрынғы депутаты, философия ғылымдарының докторы.

Azattyq