Жоғарғы сот Назарбаевтың байлығы туралы істі қараудан бас тартты

0

Жоғарғы сот тұңғыш президент Нұрсұлтан Назарбаевтың байлығын қараудан бас тартты. Бұл туралы Kznews.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Қазақстандық Қайыргелді Смағұловтың арызын қарау бойынша кассациялық алқа оның Назарбаевтың мүлкін мемлекет пайдасына өндіріп алуға бағытталған талабын одан әрі қарауға негіз жоқ деп тапты.

«Өтініштің дәлелдерін зерделей келе, судья сот актілерін қайта қарауға негіз жоқ деп есептейді», – делінген Жоғарғы сот хабарламасында.

Бұл – Смағұловтың экс-президенттің мүлкін мемлекет пайдасына тәркілеуге бағыттаған үшінші арызы. Ол Назарбаевтың президент ретіндегі әрекеттері бүкіл адамзатқа қауіп төндіргенін алға тартады.

Айта кетейік, бұған дейін Жоғарғы сот Астана тұрғыны Қайыргелді Смағұловтың экс-президент Нұрсұлтан Назарбаевқа қарсы “мүлкін мемлекет пайдасына өндіру” туралы арызын қараудан бас тартқан еді.

Бұған дейінгі соттар шешімдерінде «Қазақстан Республикасының Президенті туралы» заңға сілтеме жасап, оған сәйкес Назарбаевты президент ретіндегі өкілеттіктерін орындауға байланысты әрекеттері үшін жазалауға болмайды.

Еске салсақ, бұған дейін экс-президент Назарбаевтың Ұлттық ғылым академиясының мүшелігінен алынып тасталғаны туралы жазған едік.