Жоғарғы сот Челахтың ісіне қатысты шешім шығарды

0
Қоғам

Қысқа сілтеме алу

1256 0 0

Жоғарғы сот бүгін Челахтың үкімді қайта қарау және 30 миллион теңге өтемақы төлеу туралы өтінішін қарады

АСТАНА, 22 қаңтар – Sputnik. Жоғарғы соттың қылмыстық істер бойынша кассациялық алқасы Владислав Челахтың үкімді қайта қарау және 30 миллион теңге өтемақы төлеу туралы өтінішіне қатысты қаулы шығарды, деп хабарлайдды тілшісі сот залынан. 

«Сотталушы Владислав Челахқа қатысты Алматы қаласының қылмыстық істер бойынша ауданаралық әскери сотының 2012 жылдың 11 желтоқсанындағы үкімін, Әскери соттың қылмыстық істер бойынша аппеляциялық сот алқасының 2013 жылдың 6 ақпанындағы қаулысын, Жоғарғы Соттың кассациялық сот алқасының 2013 жылдың 21 маусымындағы қаулысы өзгеріссіз қалдырылсын, Челахтың өтініші қанағаттандырылмасын», — деп оқыды шешімді алқа төрағасы Абай Рахметулин.

Сотқа судья Абай Рахметулин төрағалық етті, сондай-ақ судьялар Айдан Нұрбеков пен Лариса Шепелева қатысты. 

2017 жылы қарашада БҰҰ комитеті Қазақстан Челахтың ісін қарау кезінде халықаралық азаматтық және саяси құқықтар пактісін бұзды деген шешім шығарды. БҰҰ комитеті өз шешімі туралы Қазақстанның Бас прокуратурасын хабардар етті. 

Бас прокуратураның ұсынысы бойынша Челах Жоғарғы сотқа жүгінді. Отырысқа Челах қатысқан жоқ.

Арқанкергендегі қанды қырғын қалай болды?

2012 жылдың 28 мамырында қазақ-қытай шекарасында орналасқан «Арқанкерген» шекара бекетінде қайғылы оқиға болды. Мамыр айының соңғы күндерінде Арқанкергендегі шекарашылармен байланыс кенеттен үзіледі. Екі күннен кейін – 30 мамырда Арқанкергенге жіберілген жасақ шекара бекетінің түгі қалмай жанып кеткенін көреді.

Бір күннен кейін Ұлттық қауіпсіздік комитетіне қарасты шекара қызметі өртеніп кеткен ғимараттан 12 адамның сүйегі, ал келесі күні тағы екі шекарашының мүрдесі табылғанын мәлімдеді. Бұған қоса, бір қорықшының мәйіті табылған. 4 маусымда шекара бекетінен 24 шақырымда орналасқан қыстаулардың бірінде 15-ші шекарашы Владислав Челах ұсталды. Ол кезде қарағандылық жігіт 19 жаста болған. 

Тергеу нұсқасы бойынша, шекара бекеті жеке құрамының қатардағы сарбазы болған Владислав Челах өз қызметтестерін атып өлтіріп, қылмысын жасыру үшін казарманы өртеп, қорықшының көзін құртқан. 

Қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық әскери сот Челахты 15 адамды өлтіріп, мемлекеттік құпияны жария етіп, таратқаны үшін, сондай-ақ қару ұрлап, әскери мүлікті жойып, әскерден қашқаны үшін айыпты деп танып, өмір бойына бас бостандығынан айырды. 

Тағы оқыңыз:

Ең алғаш ұсталған кезде қарағандылық жігіт бірнеше адамды бір өзі жайратып салғанын мойындады. Бірақ кейін сотта барлығын жоққа шығарды. Ол оған қысым жасалғанын, кінәні мойындауға мәжбүр болғанын мәлімдеді. 


Дереккөз: https://sputniknews.kz/