Жоғарғы бас Қолбасшы әскерилер ортасына барып, Ауғанстаннан төнетін қауіп барын айтты

0

Алматы облысында өткен «Қайсар-2021» оқу-жаттығуы жиыны кезінде сөз сөйлеген мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ауғанстандағы ахуалға да тоқталды. Бұл туралы Ақорданың баспаөз қызметі хабарлайды.

Жиында президент бүгінгі жедел-тактикалық жаттығуларға баға бере келе, Ішкі істер министрлігі түрлі дағдарыстардың алдын алуға және жолын кесуге тас түйін дайын екендерін көрсеткенін атап өтті. Дегенмен мемлекет басшысы осы жетістіктермен тоқтап қалуға болмайтынын, халықаралық озық тәжірибені мұқият зерделеп, отандық мамандарды дайындау жүйесін дәйекті түрде жетілдіру қажет екенін айтты.

«Халықаралық ахуалдың шиеленісуі жағдайында біздің күштік құрылымдар мейілінше ұтқыр болуға тиіс. Ауғанстандағы жағдайға байланысты қоғамда алаңдаушылық артып келе жатқанын көріп отырмыз. Бұл оқиғалар Қазақстанға тікелей қауіп төндірмейді. Алайда белгілі бір дәрежеде қатері бар. Сондықтан біз жағдайды мұқият бақылап, кез келген сын-қатерге лайықты жауап беруге дайын болуымыз керек», – дейді Жоғарғы Бас қолбасшысы Тоқаев.

Еске сала кетейік, Ауғанстандағы жағдай АҚШ әскерінің елден шығарылуымен күрделене түсті. «Талибан» (Қазақстан мен өзге елдерде тыйым салныған ұйым-ред.) жауынгерлері ашық шабуылға шығып, қысқа уақыт ішінде мемлекет аумағының көп бөлігін бақылауға алды.

Кейбір провинциялар мен қалалар оларға қарсылық көрсетпей-ақ берілді. 15 тамызда «Талибан» Ауғанстан астанасы Кабулды да ұрыссыз бағындырды. Ел президенті болған Ашраф Гани Кабулға тәліптердің енуіне байланысты президенттік өкілеттігін тоқтатып, мемлекеттен кетті.