«Жобаға намысымды, өз ұятымды бердім»: «Қалаулымның» экс-қатысушысы бағдарламадағы барлық былықтарды ашуға уәде берді — Қазақстан жаңалықтары
Атышулы «Qalayym live» бағдарламасының қатысушылары шындықты көпшілікке жария етпекші. Эфир алдында сотқар, бұзылған болып көрінуден шаршаған олар енді халықты алдамайтындарын айтады. Бұл туралы бағдарламаның экс-қатысушысы Ұлдана Ерқасым Stan.kz ақпарат агенттігіне сұхбат берді.
– Ұлдана, атышулы бағдарламадан неліктен кеттіңдер?
– Бас редакторымыз Самат Толықбайұлы мырзаның басшылықпен арасында туған даудан кейін біз кеттік. Самат аға бізді қорғап, қолпаштап, біздің намысымызды аяққа таптатпайтын. Дау содан туған. Сөйтіп біз эфирге жарты сағат қалған кезде бағдарламадан кеттік. Сол жерде жұптарын тапқысы келген жандар таба алды. Ал өз жұптарын табуға мүмкіндік бермегендер өздерінің хайптарын жасады.
– Намыстарыңды аяқасты еткен не болды?
– Ол жерде мен ұятсыз кейіпкерлердің бірі болдым ғой. Хайп жасап, жаман пікірлер айттым. Әркімнің жеке территориясына кірдім. Егер жаман сөздер айтпасаң, келісімшартпен қорқытады. Менің құрбым «Сен жамансың» деп көп айтатын. Ол қызды артына отырғызып қойып, солай айтуға мәжүрлейді. Айта берсем көп.
– Ол бағдарламадан не алдың, қандай ой түйдің?
– Жалпы «Қалаулым» жобасы маған үлкен мүмкіндіктерге жол ашты. Мен даттамаймын, жақтамаймын да. Жоба маған танымалдылық берді. Үлкен өмірге қадам бастым. Бірақ соған орай мен ол жобаға намысымды, өз ұятымды бердім. Үш ай бойы қатысушылар үшін ештеңе оңай болған жоқ. Эфирде әдемі болып отырғанамызбен ішкі сезімдеріміз алай-дүлей еді. Мұны сол жобада жүргендердің барлығы айта алады. Бірақ рас-өтірікті айтуға көп адамдардың батылы бара бермейді. Негізі ол бағдарламаның ішкі кухнясына шыдау кәдімгідей ерлікті талап етеді. Шынын айтқанда бағдарлама біздің арқамызда рейтинг жинады.
– Сен өз жартыңды тапқың келетініңді айтқан едің…
– Соңғы үміткер екеуміздің арамызда махаббат болды. Бірақ мен күткен жылулықты, мейірімділікті ол адамның маған бере алмайтынын түсіндім. Өз еркіммен саналы түрде сезімнен бас тарттым. Егер қаласам, ол жігітті өзіме ғашық етіп алар едім. Бірақ өз сезімін мойындай алмайтын, ашық жеткізуден қорқатын ер азаматпен өз болашағымды елестете алған жоқпын.
– Ары қарай не істеу ойларыңда бар?
– «Қалаулым ақиқат» кітабын жаздым. Ол жерде бағдарламаның барлық былықтары жазылды. Енді қайтадан сол бағдарламаға бару ақылға қонымсыз. Осыдан кейін шетелге кету ойымда бар еді. Бірақ бүгін бір керемет ұсыныс түсіп, Қазақстанда қалатын болып шештім. Қазақстандағы ең мықты деген каналдардың біріне жүргізушілікке ұсыныс түсті. Жақын арада түсірілім басталады.
– Бағдарламадағы Ұлдана мен өмірдегі Ұлдана екі басқа. Солай ма?
– Бағдарламада ең өткір пікір айтатын мен едім. Ал шынайы өмірде адам баласын ренжітпеуге, көңіліне қарауға тырысамын. Негізінде мен туралы жағымды пікір жоқ. Бірақ өзімді мінсіз адаммын дей алмаймын.
– Өзің туралы жаман әдеттерге жақын деген сыбыстар бар…
– Шылым шекпеймін, ішімдік ішпеймін. Темекіден аллергиям бар. Тіпті әкемнің алкогольдік ішімдік ішкенін көрген емеспін. Сол себептен әркім әрқалай айта береді. Мені білгіңіз келсе, айналамдағылардан сұраған дұрыс. Ал жалпы өмірімде анаша, кальян да шегіп көрмегенмін.
– Қазір барлығың бір үйде тұрып жатыр екенсіңдер. Жігіттермен бірге тұру қиын емес пе?
– Иә, барлығымыз бірге тұрып жатырмыз. Бауырлардың өзі бір-бірімен келіспей қалатындай бізде де болып тұрады. Кейде арттарын жинамай кеткенде ренжіп жатамыз. Бірақ қиыншылықтардан гөрі жақсылық жағы көп. Бәріміз бір-бірімізге үйреніп қалдық. Жігіттермен тұрғанымызды кейбіреулер ұятқа балап сыни пікірлер айтып жатыр ғой. Бірақ бұл жерде тұрған ештеңе жоқ. Біз бауырлар сияқтымыз.
– «Қалаулым» бағдарламасы халықты алдап жатыр деп қалдың бір сөзіңде. Алайда сол жерде жүріп өздерің де алдаған жоқсыңдар ма?
– Халықты біз алдайтын болсақ, онда басқа қатысушылар сияқты отыра беретін едік. Бағдарламаның экс-қатысушылары қазір сол жерде редактор болып жүр. Олар халықты алдап, өз парақшаларында мінсіз болып көрінеді. Ал шынайы өмірде мүлдем басқа адамдар. Оны мен дәлелдермен айта аламын. Барлығы танымалдылық және ақша үшін басқа ұлт өкілдерінің «бір жеріне» кіріп жүріп, мына жақта қазаққа жаны ашитындай болып көрінеді. Шын мәнінде қазаққа жаны ашыса, сол жерде отырған әр қазақ редакторы мен жүргізушісі болып бір шындықты айтушы еді. Егер әрқайсының жүрегі қазақ деп соқса, онда біз бұл бағдарламаны жаптырып тастаушы едік. Өкініштісі олардың көкейін танымалдылық пен ақша тесіп кеткен.
– Құпия болмаса қатысқандарың үшін қанша ақша төледі? Келісімшарт бойынша сендер бағдарламаның шындығын сыртқа айтпауларың керек емес пе?
– Бізбен жүргізетін келісімшарт заңсыз. Ол жерде әр қатысушыға күн сайын 6250 теңге беріледі деп көрсетілген. Оның 1250 теңгесі зейнетақы қорына түсуі керек. Бірақ тексеріп көрсек, үш айдан бері ол зейнетақы қорымызға түспеген. Сол үшін қазір не айтып отырсам да бәрін заңды түрде дәлелдеп бере аламын. Яғни, олар халықты ғана емес, бізді де алдап отыр.
stan.kz