Жоба жеңімпазы – миллионер | «Айқын» газеті
Astana Нub халықаралық IT-стартаптар технопаркінде NURINTECH республикалық жастар инновациялық жобалар байқауының жеңімпаздары анықталды. Байқауға мыңнан астам өтінім түскен. Сараптамалық комиссия экология, робототехника, балама қуат көздері, жасыл энергетика, өнеркәсіп, IT, медицина, химия, биология, фармацевтика, жол қозғалысының қауіпсіздігі саласындағы 30 үздік жобаны таңдап алды.
Өнертапқыштардың жұмысын «Нұр Отан» партиясының хатшысы Фархад Қуанғанов, Сенат депутаты Бақытжан Жұмағұлов, Электр энергетикасын дамыту және энергия үнемдеу институтының басқарма төрағасы Бауыржан Смағұлов, «Қазақстан ғарыш сапары» ұлттық компаниясының басқарма төрағасы Азамат Батырқожа бағалады.
Байқаудағы жобалар «Әлеуметтік маңызды инновациялар», «Үздік жас ғалым», «Жастардың инновациялық жобасы» номинациялары бойынша бағаланды. Жастар мобильді қосымшадан бастап ауыр өнеркәсіп саласына арналған инновациялық құрылғыларды ұсынып отыр. Д.Серікбаев атындағы Шығыс Қазақстан мемлекеттік техникалық университетінің ғалымдары танталдан жасалған отандық медициналық импланттың үлгісін ұсынды. Қазір үлгі сынақтан өтуде. Жоба авторларының айтуынша, сынақ нәтижесі сәтті болса, құрылғылар елде ғана емес, Ресей нарығында да сұранысқа ие болады.
«Жас Отан» Жастар қанатының төрағасы Данияр Сүндетбаев байқаудың пайдасы көп деген ой білдірді. «Байқауды дәстүрлі түрде өткізіп келеді. Жастар үшін байқау – жаңа жеңістерге жетелейтін қадам. Байқау жеңімпаздары жеке стартап-жобаларының негізін салып, ұлттық және шетелдік ірі кәсіпорындар мен ғылыми зертханалармен серіктестік орнатты», – деді Данияр Сүндетбаев.
Жеңімпаз Назарбаев Зияткерлік мектебінің оқушысы Иван Крепак «Жарыс» мобильді қосымшасын әзірлеу арқылы краудфандинг нарығына 10 миллион теңгеден астам инвестиция тартты. Алматылық Мәулен Бектұрғанов «100 жаңа есім» жобасының жеңімпазы атанып, бионикалық қол протезін дайындайтын MBionics компаниясының негізін қалады. Алматыдағы Республикалық протез және ортопедиялық орталығымен бірқатар жобалар іске асуда. 2017 жылы байқауда жеңіске жеткен Любовь Дудченко қытайлық ғалым Гао Шичтың сыйлығына ие болып, Үндістандағы Sanray зертханасымен бірге жұмыс істейді.
Байқаудың жалпы жүлде қоры – 5 миллион теңге. Үздік атанған үш жоба авторы 1 миллион теңгеден қаржылай сыйлық иеленді. Сонымен қатар тағы бір жоба авторына Халықаралық ақпараттық технологиялар университетінің гранты берілді.
Майра БАҚЫТ
Дереккөз: Айқын