Жээнбеков пен Тоқаев Қордай жанжалын талқылады

0

10 ақпанда Қырғызстан президенті Сооронбай Жээнбеков пен Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев телефон арқылы Қордай ауданында болған этникалық жағдайды талқылады. Бұл туралы Қырғызстан президентінің баспасөз қызметі хабарлады.

Телефонмен сөйлескенде Жээнбеков жанжалдан қаза тапқандардың туысқандарына көңіл айтып, ауруханада жатқандардың тез сауығып кетуін тілеген. Ол «Қырғызстан қиын сәтте қазақстандықтарға қолдау көрсетіп келгенін, алдағы уақытта да қолдау көрсете беретінін» айтқан.

7 ақпан кешкісін Жамбыл облысы Қордай ауданында этникалық қазақтар мен этникалық дүнгендер арасында жанжал шығып, 10 адам қаза тапқан. Қырықтан астам адам жаралаған. Жанжал кезінде Қырғызстанмен шекараға жақын орналасқан Масанчи, Сортөбе, Ауқатты ауылдарында 15 ғимарат мен 30-дан астам үй бүлініп, 23 көлік өртенген. Бұл ауылдарда көбіне этникалық дүнгендер тұрады. Оқиғадан кейін 47 астам адам ұсталғаны хабарланған. 8 ақпанда тұрғындар, көбі қазақ, Қаракемер мен Масанчи арасындағы жолға жиналып, полициядан ұсталғандарды босатуды талап етті. Кейін билік ұсталған адамдардың босатылғанын хабарлаған соң жиналғандар тараған. Үкімет жанжалданға байланысты 25 қылмыстық іс қозғалғанын хабарлады.

Жанжалдан соң мыңға жуық адам Қазақстаннан Қырғызстанға бас сауғалаған. 9 ақпанда Қазақстан билігі Қырғызстанға өтіп кеткендердің кейбірі үйлеріне орала бастағанын мәлімдеді.

Этникалық қазақтардың этникалық дүнгендермен жанжалдасуына не себеп болғаны нақты белгісіз. Бірақ ауыл тұрғындарының сөзінше, бірнеше адам жолға таласып, арты төбелеске ұласқан. Осы төбелес кейін үлкен жанжалға ұласқан.

Қазір Қордай ауданында төтенше жағдай жарияланған.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев жанжалдан соң облыс әкімінің әлеуметтік мәселелер жөніндегі орынбасары Сұлушаш Құрманбекованы және Қордай ауданының әкімі Болатбек Байтөлені, Жамбыл облысы полиция департаментінің бастығы Арман Оразалиевті және Қордай ауданы полиция бөлімінің бастығы Азамат Айқымбековті қызметінен босатуды бұйырды.

Azattyq