«Жинап жатқан зейнетақымызға кейін жете алмай қалатын сияқтымыз»: Зейнетақы жүйесіндегі өзгерістер нені білдіреді? — Қазақстан жаңалықтары

0

Елімізде зейнетақы аударымдарының жаңа ережелері қабылданып, Келесі жылдың 1 қаңтарынан бастап әр қызметкердің жеке зейнетақы шотына ай сайын жалақының 15 пайызы аударылып отырады. Яғни әр жұмыс беруші қызметкердің 10 пайыздық міндетті зейнетақы жарнасынан бөлек, өз қаражаты есебінен 5 пайыз зейнетақы жарнасын аударуға міндетті. Жұмыс берушіге бұл ақшаны өз қаражатынан төлеуге тура келеді. Stan.kz тілшісі зейнетақы жүйесіндегі жаңа өзгерістерге қатысты танымал саясаттанушылар мен экономистерге хабарласып, түсіндіріп берулерін сұраған еді.

Ең қызығы, дәл осы 5 процент зейнетақы жарнасы жеке тұлғалардың меншігі болып саналмайды. Тіпті қайтыс болғаннан кейін де мұраға қалдырылмайды. Қаражат бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының активінде болады. Және зейнеткерлер арасында қайта бөлінеді. Мамандар бұл жаңашылдықты енгізбес бұрын әлемнің үздік тәжірибелеріне сүйенгенін айтады.

Расул Жұмалы

Әр азаматтан 10-15 пайыз жинап отыру – бұл заңдастырылған тонаудың бір түрі

Расул Жұмалы, саясаттанушы:

Зейнетақы қорының бірден-бір мақсаты – ол зейнет жасына келгенде азаматтың өзін-өзі асырау мүмкіндігі. Қазіргі шығындарға қарағанда зейнеткерлікке шыққанда ол ақша қазақстандықтарға жетпейтін сыңайлы. Әйтеуір әрқайсымыз зейнетақы қорын толтыруын толтырамыз. Оған бізді мәжбүрлеп қойған. Бірақ сол ақшаны азаматтарға  қайтаруға келгенде күмән, күдік өте зор. Ал әр азаматтан 10-15 пайызын жинап отыру – бұл заңдастырылған тонаудың бір түрі. Жаңа бір салықтың түрі. Салық төленеді, бірақ қайтарымын біз көрмейміз. Бұл тағы да өз былықтарын, жыртықтарын жамаудың тәсілі. Өз олқылықтарын өздерінен көрмейді, оның есебін өтеуге қоғамды жүктеп қояды. Сол баяғы жыртықтарын жамау керек, оған өздерінің қаражаты жоқ.

Сол үшін қайтадан халықтың есебінен сол бес пайыз арқылы алып отырады. Білуімше, бес пайыз төлем азаматтардың жеке өзінен емес, жұмысқа қабылдаушы кәсіпорындардан, орта және шағын бизнес мекемелеріне жүктелген. Бірақ онсыз да әрең күн көріп отырған олар қазіргі аянышты жағдайынан бетер үлкен дағдарысқа ұшырауы мүмкін. Тіпті кейбіреуі мүлдем жабылады. Сөйтіп жұмыссыздықты одан әрі көбейтеді. Бұл қайтадан әлеуметтік қиындықтарға алып келеді. Қазір әлемдік экономикалық дағдарысқа еніп отырмыз, осындай сапасыз шешімдердің нәтижесіне сол жағдайға келуіміз әбден ықтимал.

Денис Крывешеев

Жинап жатқан зейнетақымызға кейін жете де алмай қалатын сияқтымыз

Денис Кривошеев, блогер:

Зейнетақы жүйесі әрқашан болған. Бірақ өмірдегі маңыздылығын басынан аяғына дейін Кеңес уақытында уақытында алған. Былай қарасаң, ол жинақтаушы қор ретінде болмады. Салық ретінде қарастырылды десем болады. Мәселен, бірлескен зейнетақы қоры құйған төлемдерді қажеттілік кезінде қысқа мерзімде алуға мүмкіндік береді. Бұл шындыққа сәйкес келеді.

Ал жинақтаушы зейнетақы қоры көп факторларға тәуелді. Негізі бұл жинақтаушы зейнетақы қоры жаңадан дамушы және тұрақсыз экономикаға қауіпті. Қосымша 5 пайыздық мөлшерге келер болсақ, ол біз күткендей-ақ болды. Қазіргі біздің жинап жатқан зейнетақымызға кейін жете де алмай қалатын сияқтымыз. Өйткені оны инфляция жеп жатыр, шығындар кетіп жатыр. Ең қолайлысы, жақсы өмір сүргісі келген азамат, салымы сақтандырылған және қорғалған жекеменшік зейнетақы қорына жинақтағаны оңтайлы. 

Қуандық есенғазыЕсенғазы Қуандық, Тарих ғылымдарының докторы, профессор, «Саясаттану негіздері» кітабының авторы:

Жалпы кез-келген заң адамға қызмет ету керек. Жақсы өмір сүруі үшін оны қамтамасыз етуі қажет. Ал біздің мемлекетте бұл басқаша. Бюджеттегі ақша азайды, жер-көктен алатын ақша жоқ. Соның орнын толтыруды бес пайыз өсіммен қарастырып отыр деп ойлаймын. Бұл халыққа жасап отырған зорлық, заңсыз нәрсе. Бұл жерде ешқандай негіз жоқ.

Былайша айтқанда, қолдарындағы биліктерін пайдаланып халыққа зорлық жасап отыр. Бұл ешқандай пайда әкелмейді. Қазір зейнетақыны төлеп жатыр, бірақ ертең оның қызығын қай уақытта көреді. Ертең ол адам өліп қалса ше? Сондықтан бұл барып тұрған биліктің әлсіздігі, қателігі, халықты ойламайтындығын көрсетеді. Өзім қарсымын. Негізі зейнетақы керек емес нәрсе. Әйтпесе мұның халыққа бір тиынның да пайдасы жоқ. 

Ерлан Саиров

Зейнетақы төлемінің мөлшері 5 пайызға өсуіне қарсымын

Ерлан Саиров, саясаттанушы:

Мемлекет басқа елдерге қарап осындай шешім шығарған болуы керек. Негізі бәсекелестік жасаған дұрыс. Бірақ бұл жұмыс асығыстықтан жасалынып отыр. Салымшылар салған ақшасын күнделікті көріп отыратындай етіп ойластыру керек. Өз басым зейнетақы төлемінің мөлшері 5 пайызға өсуіне қарсымын. Халыққа бұл жүйе қолайсыз. Пайызды көбейтпей, керісінше салымдардың пайдасының көбейгенін қарастыру керек. Салымның өзінің оңтайлығын жасаған жөн. Зейнетақыға салған салымын көптеген адамдар жасы жетпей алып жатыр, дегенмен бұл жүйеде әділеттілік керек. Одан да салымның төлем пайызын көбейтпей, керісінше зейнетақының өсуін қарастыру керек.

Дайындаған: Анар ДӘУКЕН
 

stan.kz