Жинап жатқан ақшаңызды инфляциядан қорғау үшін не істеу керек?

0

Экономистердің айтуынша, табыстың 10% үнемдеп, оны көбейтуге болады. Ол үшін адамда ниет пен шыдамдылық болуы керек

НҰР-СҰЛТАН, 14 қараша – Sputnik, Дәурен Ерболат. Теңге құнсызданып, азық-түлік бағасы қымбаттап жатқанда қазақстандықтар қырағы болуы керек. Адал еңбекпен тапқан ақшаңызды үнемдеп, қалай көбейтуге болады, оны инфляциядан қорғау жолдары қандай? Бұл сұрақтарға Sputnik Қазақстан тілшісі жауап іздеп көрді.

Ақшаны депозитте сақтау керек

Экономист Мақсат Халық еліміздегі инфляцияның деңгейі жоғары екенін айтады. Өткен жылы инфляция 5,3% болса, биыл бұл көрсеткіш 5,5%-ке жеткен.

«Нақты жалақының өсімі инфляцияны қуып жете алмай жатқанын осындай көрсеткіштен аңғарамыз. Халықтың тұрмысы, әлеуметтік жағдайы мен жалақысы төмен деп айтуға негіз бар. Шынын айтсақ, халықтың табысы 30%-ке өспей, ақша жинай алады деп айту қиын. Алайда табыстың 10%-ін үнемдеп, жинауға болады», — дейді ол.

Маманның пікірінше, ақшаны депозитте немесе шетелдік валютада сақтауға болады. Алайда мұнда ескеретін жайттар бар.

«Бүгінде банктердегі депозиттердің проценттік мөлшерлемесі – 10%. Егер сіз қаржыңызды депозитке салып қойсаңыз, оны инфляциядан қорғайсыз. Мысалы, 1 миллион теңгені үйде сақтасаңыз, 1 жылдан кейін оның 5,5% инфляция жеп қояды. Ал бұл ақшаны депозитте сақтасаңыз, 1 жылдан кейін 100 мың теңге қосымша табыс тауып, қаржыны инфляциядан қорғайсыз», — дейді Мақсат Халық.

Тағы оқыңыз: 200 теңгенің тиынға айналуы нені білдіреді – экономистер түсіндірді

Сондай-ақ ол банктер 10 миллион теңгеге дейін кепілдік беретінін атап өтті.

«Банкке 10 миллион теңгеге дейін қаражатты қорықпай салсаңыз болады. Олар бұл қаражатқа кепілдік береді. Өйткені, банк банкротқа ұшыраса да, сізге 10 миллион теңгеңізді қайтарып беруге міндетті. Ал 20 миллион теңгені бір банкке салып қойсаңыз, кейін банк жұмысын тоқтатса, тек 10 миллион теңгеңіңізді қайтарып аласыз. 30 миллион теңгеңіз болса, үшке бөліп, үш банкке салып қойыңыз», — дейді маман.

Құнды қағаздардан да ұтылмайсыз 

Ал экономист, тәуелсіз қаржы кеңесшісі Рассул Рысмамбетов құнды қағаздар сатып алу арқылы да ақшаны инфляциядан қорғауға болатынын айтады.

«Үнемдеп жинаған ақшаңызды қорғаудың жолы –  депозитте сақтау немесе құнды қағаздар сатып алу. Егер қаржыңызды депозитке теңгемен салсаңыз немесе құнды қағаздарды теңгемен сатып алсаңыз, олардан түсетін проценттік табыс инфляциялық қауіптің алдын алады», — дейді ол.

Теңгені қандай валютада сақтаған жөн?

Рысмамбетов қаржыны алтын түрінде сақтауға күмәнмен қарайтынын айтты. 

«Одан да ақшаңызды 2-3 құнды валютаға айырбастап қойыңыз. Мысалы, доллар мен еуроға. Сондай-ақ Қазақстанда тұрсаңыз, жұмсалатын қаражатты теңгемен ұстаған абзал», — дейді Рассул Рысмамбетов.

Осы орайда оның сөзін экономист Мақсат Халық толықтырды.

«Ақшаңызды ұзақ мерзімге теңгеде сақтау тиімсіз. Оны инфляция жеп қояды. Қысқа мерзімді шығындарды теңгеде сақтау керек. Ал ұзақ мерзімге ақша жинауды жоспарласаңыз, доллар, еуро, швейцариялық франк, фунт стерлинг және юаньда сақтаңыз. Алтынды сақтау мәселесіне тоқталайық. Оның өтімділігі төмендеу. Менің ойымша, оны сувенир, әшекей-бұйым ретінде алудың қажеті жоқ. Себебі, оның өзіндік құны әлдеқайда төмен», — дейді ол.

Оның пікірінше, ақшаны алтын түрінде тек қомақты қаражат болғанда сақтау қажет. Экономист Қазақстанның ұлттық банкі алтынды грамдап (1 грамм – 18 324 теңге) және бағалы металды 13 келі құйма түрінде сататынын атап өтті.

Рассул Рысмамбетовтің айтуынша, қазақстандықтар құнды қағаздар нарығына да назар аудару қажет. Алайда мұнда өте сақ болған жөн.

«Құнды қағаздар нарығын тез түсіну мүмкін емес. Сондықтан арнайы брокерге барған дұрыс. Алайда кейде брокерлер алаяқ болуы мүмкін. Олар өздеріне тиімді құнды қағаздар сатып алуды ұсынуы ықтимал. Сондықтан ақыл-кеңесті бір брокерден алсаңыз, құнды қағазды басқа брокерден сатып алғаныңыз дұрыс», — дейді тәуелсіз қаржы сарапшысы.

Пайда табуға мүмкіндік бар

Ал Мақсат Халық мұнда қаржылық білім мен білікті мамандардың көмегіне жүгіну қажеттігін айтады. Оның пікірінше, Қазақстанның қор нарығынан 30% деңгейінде пайда табуға болады. Бірақ ойланып әрекет жасау керек.

«Қазақстанның қор нарығы (KASE) әлі дамымаған. Бірақ мұнда мүмкіндіктер бар. Сондықтан қаржылық біліміңізді шыңдасаңыз, артық ақшаңыз болса, қор нарығына кіріп, ақшаңызды айналдыруға болады. Ол үшін арнайы броккерлік компания жалдау керек. Онымен келісім шартқа отырасыз. Нәтижесінде қор нарығындағы компаниялардың акциялары мен облигацияларын сатып алуға құзыреттілік аласыз. Мұнда сіз жоқ дегенге 30% табыс табуға мүмкіндігіңіз бар», — деп түйіндеді сөзін экономист.



sputniknews.kz