Жиһаз жасаушыларға алданған алматылық тұрғындар әділдік іздеп жүр — Қазақстан жаңалықтары

0

Алматыда жиһаз жасаушы алаяқтарға алданған бір топ тұрғын әділдік іздеп жүр. Өйткені, интернет арқылы жарнамасына қызығып, тапсырыс берген. Тіпті, ағашты түрлендіріп, үйіңді сарайға айналдырам деген шебері де келіп өлшемін алып, алдын ала жарты ақшасын да қалтаға басқан. Бірақ қомақты қаржы қолға түскен соң таптырмай кетеді дейді. Аңғал жұрттың әрқайсынан кем дегенде бес жүз мың теңгеден жеген. 

Алматыда жиһаз жасаушы алаяқтарға алданған бір топ тұрғын әділдік іздеп жүр

Бұл туралы «Еуразия бірінші арнасы» хабарлайды.

Азиза Исаеваның үйінің қазір астаң-кестеңі шыққан. Құдды бүгін-ертең көшкелі отырған отбасыдай. Бірақ, бұл әулеттің жаңа қонысы. Жаңа үйге жаңа жиһаз жарты жыл бұрын кіруі тиіс еді. Алайда қожайын алаяқтарға алданып, түксіз қалыпты. Шеберді интернеттен іздеп тауып, шақырыпты. Ол өлшеп, бір емес бірнеше сөреге тапсырыс алған. Алдын ала төлемін өтетуін де ұмытпапты. Тек, қалтасына жарты миллион түскен соң өзін ұстатпаған. 

«Барлығын өлшеп алды. Әлі күнге дейін жоқ. Екі балам бар. Заттарды қайда қоятынымызды білмей жүрміз», — дейді тұрғындардың бірі Азиза Исаева.

Шебердің алаяқ екенін жұмыс орнына барғанда білген. Өйткені, жарнамасы ілінгенімен өзі мүлдем келмейтінге ұқсайды. Александр Ким деген шеберді іздеген мұнда тағы оншақты адам жүр екен. Олар да жарты миллиондарын беріп жиһазсыз қалған. Кейбірі үш жылдан бері сөрелерін күтіп сабылуда. 

Кәсіпкер тұрғындардың кейбірімен келісім-шартқа да отырған. Кейбіріне қол хат беріпті. Ал, құжаттарға ол басқан мөрі еш жерде тіркелмеген дейді көпшілік. Аудандық полицейлер қол қусырып отырған соң өздері тергеуге кірісіпті. Бірақ, қанша дәлеліміз болса да, заң алдындағы міндетінен сытылып шығуда деп күйінеді. 

«Біз 2016 жылдан бері Александр Кимді іздеп жүрміз. Арыз жазғанымызбен оны ұстағысы келіп жүрген тірі жан жоқ. Тек алаяқтың құрбаны болғандар саны артуда. Біздің арамызда зейнеткерлер де, аяғы ауыр келіншектер де бар», — дейді қала тұрғыны Евгения Пигуль.

Ал полицейлер бастапқыда Қылмыстық кодекстің 190-бабы бойынша іс қозғағандарын айтады. Артынша, тоқтатыпты. Өйткені, олардың арасында азаматтық құқықтық қатынастар болған. Келісім-шартқа қол қойылып, уақыттары белгіленіпті. Яғни, бір тарап екінші тараптың талабын толық орындамауына байланысты тек сотқа жүгінуі тиіс екен. 

«Жәбірленушілерге азаматтық тұрғыда сотқа жүгінуге түсініктеме бердік. Олар біздің кеңесімізге құлақ асты. Енді сот ақшаны қайтаруы тиіс деген шешім шыққан болатын», — дейді қалалық полиция департаментінің ресми өкілі Салтанат Әзірбек.

Әр тұрғынның қолында сот шығарған үкім де бар. Тек қайтару жағы қиындап тұр. Сондықтан, көпшілік интернетте арыстан, ақшаны алған соң қоянға айналатын алаяқтардан сақтануды сұрайды. 

Stan.kz сайтын Telegram арқылы оқыңыз. Арнамызға жазылыңыз.

stan.kz