Жигули Дайрабаев «Ауыл» партиясынан президенттікке кандидат ретінде ұсынылды

0
473

Жигули Дайрабаев «Ауыл» партиясынан президенттікке кандидат ретінде ұсынылды, — деп хабарлайды Kznews.kz тілшісі.

Астанада «Ауыл» халықтық-демократиялық патриоттық партиясының кезектен тыс XX съезі өтті. Жиналыста партия мүшелері Жигули Дайрабаевтың алдағы президенттік сайлауға кандидат ретінде кандидатурасын қолдады.

Жигули Дайрабаев — «Атамекен» ҰКП Төралқасы агроөнеркәсіптік кешен комитетінің төрағасы және Қазақстан фермерлер қауымдастығының төрағасы.

«Құрметті партияластарым, сіздердің сенімдеріңізді ақтаймын. Бар күшімді Қазақстанның және агроөнеркәсіптік кешеннің дамуына саламын», — деді Дайрабаев.

Қазақстан фермерлері қауымдастығы сайтындағы ақпаратқа сәйкес, Жигули Дайрабаев 68 жаста. Үйленген, үш баласы мен жеті немересі бар.

Еске салайық, Қазақстанда кезектен тыс сайлау биыл 20 қазанда өтеді.