«Жігіттің шамасы келетін шығар»: күйеуінен мәһрге қымбат көлік сұраған келіншек желіде қызу талқыға түсті
Әлеуметтік желіде неке қию кезінде күйеуінен мәһрге Hyundai Elantra көлігін сұраған келіншектің видеосы қызу талқыға түсті, деп жазады Kznews.kz тілшісі.
Көптің қызу талқысына түскен видео Instagram желісіндегі shyndykz парақшасында жарияланған. Бейнежазбадан имамның алдында некесін қиып отырған қос ғашықты көруге болады. Имамның мәһрге не сұрайсыз деген сауалына келіншек «Hyundai Elantra» деп жауап берді. Ал күйеуі болса, «Құдай қаласа, алып беремін» деп көпшіліктің көзінше жарына уәде берді. Бейнежазбаны көрген желі қолданушылары келіншекті бірден талқылай жөнелді. Олардың кейбірі жас келінді қостаса, енді кейбіреулері оның бұл әрекетін құптамайтынын жеткізген. «Жарайсың, өзінің құнын білетін қыз екен. Бірге тұрғаннан кейін онда тұрған ештеңе жоқ», «Күйеуге көлік үшін шыққан сияқты ғой», «Қазіргі келіндер дүние қуған», «Өмірінің соңына дейін алып берсе болды емес пе?», «Онда тұрған не бар? Әйел денсаулығын құртып бала туады, сол күйеуіне қарайды», «Өзара келіскен болар, жігіттің шамасы келетін шығар», — деп жазуда көпшілік.