«Жиған-тергеніміз сумен ағып кетті» — Қызылжар ауылы су астында қалды

0
Жетісу облысында күннің күрт жылынуы салдарынан жер үйлерді су басып жатыр. Тасқын судың арыны қатайып, Кербұлақ ауданы, Қызылжар ауылы су астында қалды. Қолда бар дерекке сенсек, қазірдің өзінде 20-ға жуық үй жарамсыз болып қалған. Бұған қатысты әкімдік арнайы мәлімдеме жасады, деп хабарлайды Kznews.kz тілшісі.

Қызылжар ауылы тұрғындарының көңілі күпті. Олардың мал азығына деп арнайы жиған-тергендерінің барлығы сумен бірге ағып кеткен.

«Материалдық шығын көп. Ені тонна көміріміз ағып кетті, малға беретін жемім ағып кетті. Малдың шөбі де кетті. Әкімдіктен көмек болған жоқ. Кеше түнімен ұйықтаған жоқпыз. Үйдің астына дейін су кірді. Ылғал», — деді Қызылжар ауылының тұрғыны Мұрат Байдолда.

КТК телеарнасының хабарлауынша, Қызылжар ауылында мұндай жағдай алғаш рет болып тұрған жоқ. Осыдан 13 жыл бұрын тасқын болған.

 «Сол кезден бастап бұның бәрін қолға алу керек еді. Осы уақытқа дейін қақсап, айтып келе жатырмыз. Көпірді жасап қояды. Ол көпірге су сыймайды. Асады да кетеді. Айттық, ешкім қараған жоқ. Төменгі ауылды су басып жатыр. Үйде қарт әке-шешеміз отыр», — деп шағым айтты Қызылжар ауылының тұрғыны Әлия Үсенбекова.

Әкімдіктің расында ауылды су алғанынан хабары болмаған. Оны өздері ашық мойындап отыр. Алайда, олар ел хабарлағандандай, 20 шаңырақты емес, 8 үйді су басқан деді.

«Қызыл судың ағып жатқан ағымы үш текше метр болса, қазір біреуге түсті. Кешелі бері осында жүрміз. Кеше төрт үй болған. Бір үйдің көмірін, бір үйдің 500 келі карбын ағызып кеткен. Егер керек болса, орнына алып береміз», — деді Кербұлақ ауданының әкімі Қанат Есболатов.

«Kazinform»-ның хабарлауынша, Кербұлақ ауданының жергілікті атқарушы органдары мен облыстық ТЖД суды бұру үшін Қызылжар ауылының жоғары жағынан ұзындығы 1 км, ені 1,5 метр, тереңдігі 2 метр канал қазды. Үйлердің аулаларын су басу қаупі барынша азайтылды. Жұмыстар толығымен аяқталды, еріген қар суы Байғазы өзеніне құйылып жатыр.