Жезқазғандағы тың жобалар жұмыс орнын құруға мүмкіндік берді

0

Таяуда Жезқазған мыс балқыту зауытында екінші кен-термиялық пеш іске қосылып, кәсіпорын толық қуатында жұмыс істей бас­тады. Шикізат көзінің жетіспеушілігінен 2009 жылдан бері зауытта бір ғана пеш жұмыс істеп келген болатын. Мыс қорыту зауытының металлургтерін құттықтаған өңір басшысы Е.Қошанов аталған өндірістің еліміз үшін де пайдасы зор екенін айтты.

– Егер зауыт он жыл көлемінде өзінің жартылай қуатында ғана жұмыс істеп, 100 мың тонна мыс өндіріп келсе, енді екін­ші пештің көмегімен еліміз 200 мың тонна мыс алатын болады, – деді Ерлан Қошанов. – Бұл Елбасының тікелей тапсырма­сымен Жез­қазған маңында жаңа минералды кен орындарын барлау, ашу және құрудың нәтижесінде мүмкін болып отыр. Жезқазғанның болашағы зор деп ойлаймын.

Жаңаша бағытта жұмыс істей бастаған кәс­іп­орын түрлі қиындықтарға қарамастан, шикі­зат базасын кеңейтті. Ол «ҚазМинералс» ЖШС және басқа да жаңа кен-байыту нысан­дары­­ның іске қосылуы арқылы мүмкін болды.

– Бүгін біз Жезқазған мыс балқыту зауы­ты­­ның қайта жандануына куә болып отырмыз. Бірінші кезекте, Елбасымызға 2012 жы­лы «Қазақмыс» корпорациясының кен-шикіз­ат базасын толықтыру туралы шешім қабыл­дағаны үшін алғысымды білдіргім келеді, – деп ағынан жарылды  «Kazakhmys Holding» ЖШС директорлар кеңесінің ба­сқар­ма төрағасы Эдуард Огай. Сонымен қатар зауыт ұжымына да зор алғыс айтамын. Осы­­ның бар­лығы сіздердің көз алдарыңыздан өтті. Нә­ти­жесінде өндірісімізде барлығы қайта жан­данып, бұрынғыдай жұмыс істеуді бастап кетті.

Жалпы, жаңа  кен-термиялық пештің іске қосылуы 600-ге жуық адамға жұмыс береді. Мыс балқыту зауытын­дағы екі пеш  бірдей жұмыс істегендегі қызмет­керлердің жалпы саны 2 мың адамнан асты. 

Жалпы, Жезқазған өңірін дамыту Елба­сының ерекше назарында. Бұдан бірнеше жыл бұрын Мемлекет басшысының тікелей тап­сыр­масымен аймақта республикалық маңыз­дағы темір жол салынған болатын. Ол құрылыс және жол инфрақұрылымын дамытуға мықты серпін берді. 

Бұл жұмыстар қазір де жалғасын тапқан. Биылдан бастап мұнда үлкен спорттық кешен мен дарынды балаларға арналған мектеп салу жоспарланған. 

Жезқазған жұртын қуанышқа бөлеген оқиғаның бірі «Uly Dala» атты заманауи гипермаркеттің ашылуы болды. Жезқазған мен Сәтбаев қаласының арасында бой көтерген ірі сауда орталығының құрылысына «Kazakhmys Holding» компаниясы 2 млрд теңге инвестиция салған екен.

– Кәсіпорын отбасылық бюджетті қолдап, пайдалы тағам ұсынуды мақсат етті. Біз негізгі азық-түлік өнім­­дерінің бағаларына талдау жаса­дық. Ги­пер­мар­­кеттегі негізгі тұтыну­шылық себет баға­сының төмен­дігі орта есеппен 28,7%-ды құрай­ды. Бұған өнім өндіру­ш­і­лермен және жеткізу­шілер­­мен тікелей жұ­мыс істеудің нәтижесінде қол жет­кізіп отырмыз. Гипер­маркетке шамамен отан­дық 50 ком­пания өз өнімдерін жеткізеді, – деді аталған жо­бан­ың бас мердігері және операторы «ПИК «Юта­рия ltd» ЖШС-нің директоры Сәуле Шәуенова.

Заманауи гипермаркетте барлық үдерісті бас­қару үшін автоматтандырылған есептеу же­лісі, әлемдік өнім өндірушілер тауарлары­ның өзін­дік құнын есептейтін бағдарлама, ұр­­лық­­қа қар­сы жүйе орнатылған. Бір күнде 3 мың­нан астам тұтынушыға қызмет көрсете ал­атын сау­да ны­санында 180-ге жуық адам жұмыс істейді.

Өндірісті өңір тұрғындарына майдай жа­ға­­тын тағы бір жаңалық – «Қазэнергияор­та­лық» ЖШС былтыр 1 желтоқсаннан бас­тап Жезқазған және Сәтбаев қалаларында энер­гиямен қамту тарифін төмендетті. Бұл туралы Жезқазған қаласының әкімі Қайрат Бегімов мәлімдеді.

Қала басшылығының ұйғарымынша, тариф­тер­дің төмендеуі шағын және орта бизнес үшін де тиімді. Ал кәсіпкерлікті дамыту, сәйкесінше аймаққа жұмылдыратын инвестицияны ұлғайтуға мүмкіндік береді. Жалпы, жыл басынан бері мұнда сауда және қызмет көрсету саласында жаңа 28 бизнес нысаны пайда болғанын айта кеткен ләзім. Мұның өзі жаңадан 106 жұмыс орнын ашуға септігін тигізді. Ал салынған инвестициялардың жалпы сомасы 748 млн теңгеге жеткен.

Жезқазған қаласында мемлекеттік деңгей­дегі бағдарламалардың ерекше назарға алын­ғаны да қуантады. Мысалы, «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасы бойынша биыл жалпы сомасы 500 млн теңгеден асатын 16 жо­ба жүзеге асырылыпты. Бұдан бөлек, «Нә­ти­желі жұмыспен қамту және жаппай кәсіп­керлікті дамыту» бағдарламасы бойынша 243 адам жаңа мамандықтарды меңгерген. Жұмыссыз жүрген 3084 адам еңбекке араласып, әлеуметтік жұмыс орындарына және жастар іс-тәжірибесіне 236 адам жіберілген. Ақылы қоғамдық жұмыстарға 580 адам тартылып, жалпы сомасы 85 млн теңге болатын 16 шағын несие берілді. Осы шаралар арқылы өңірдегі жұмыссыздар санын 20%-ға төмендетуге қол жеткізілген.

Міне, былтыр Жезқазған өңіріне игі ықпалын тигізген жобалар осылайша оң нәтижесін бере бастады.

Қайрат ӘБІЛДА,

«Егемен Қазақстан»

Қарағанды облысы,

Жезқазған қаласы

Дереккөз: http://egemen.kz/