«Жетпіске бір жыл жетпеді»: Қарақат Әбілдина марқұм әкесін есіне алды
Танымал әнші Қарақат Әбілдина марқұм әкесін есіне алды. Бұл туралы Kznews.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Өнер иесінің әкесі жаман аурудан көз жұмған көрінеді.
“Мен бүгін әкемді айтып толғанамын… Архивті ақтарып отырып ардақты әкемнің 2006 жылы берген сұхбатын тауып алдым. Бұл әкемнің соңғы бейнесі. Денсаулығы болмай, Алматыға емделуге келген сапарында ғой, менің туған күніме тұспа-тұс келіп, журналистер әкем мен анашымнан сұқбат жазып алған еді. Жарқын бейнесінің естелік болып сақталғанына да, шүкір. “Өмірден не түйдіңіз?” деген сұраққа, жан әкем осылай жауап берген екен. Осы айтып отырған сөздерін тіршілігінде ісімен дәлелдеген ардақты жан. Алып қосары жоқ. Санасы бар адам әкемнің екі ауыз сөзін тыңдағаннан -ақ, қаншалықты терең ойлы, дана ақсақал болғанын түсінеді. Жетпіске бір жыл жетпей 69 жасында жаман аурудан көз жұмды. Алла сізді рақымына алсын! Жаныңыз жаннатта болсын! Бір шүкір ететінім отбасын құрып, бала сүйіп, өз алдына ел болғанымызды,әнші ретінде танылғанымды бәрін көріп,ризашылықпен батасын беріп кетті. Балаға ата-анаңның ризашылығын алғаннан асқан бақыт бар ма? Тәуба!” – деп жазды әнші.
Сондай-ақ ата-анасы барларға үндеу жасап, көзінің тірісінде бағалауға шақырды.
“Сөз соңында айтарым, ата-аналарыңыздың тіршілікте қадірін біліңіздер! !Қуантыңыздар, өсиет-тілегін таспаға жазып жинақтап жүріңіздер! Баға жетпес құнды естелік кейін сағынғанда сағынышыңды басып, жүрегіңді жылытып, бір бейнесінің өзі дәтіңізге қуат беретін қасиет екен…”, – деп жазды өнер иесі.
Еске салайық, Қарақат Әбілдина 27 жыл бұрынғы сәтті бөліскен еді.