Жетісудың үздік БАҚ өкілдері марапатталды
2018 жылғы 8 желтоқсан 20:18 66
ТАЛДЫҚОРҒАН. ҚазАқпарат — «Самғау» — журналистер жүлдесінің жеңімпаздары анықталды. Жылдың басты сыйлығы саналатын байқауда 11 номинация бойынша 143 материал бақ сынаған, деп хабарлайды ҚазАқпарат өңірлік коммуникациялар қызметіне сілтеме жасап.
Салтанатты шара мемлекет басшысының «Болашаққа көзқарас: қоғамдық сананы жаңғырту» бағдарламалық мақаласы аясында ұйымдастырылды. Үздік деп танылған БАҚ өкілдерін облыс әкімі Амандық Баталов марапаттап, қатысушыларды алдағы Тәуелсіздік күнімен құттықтап өтті.
«Жарқын жетістіктер мен толайым табыстар елім деген әрбір азаматтың көңіліне қуаныш сыйлайды. Ал сол жетістіктерге жетісулықтардың да қосқан үлесі зор. Біз мәдениет пен әдебиет, әлеумет, экономика сынды сан сала бойынша толымды көрсеткіш көрсетіп келеміз. Талдықорған шаһары көрсе көз тоймайтын сұлулыққа ие болды. Құрылыс саласы жанданып, зәулім де әсем ғимараттар сап түзеді. Бұл — сіздер мен біздің ортақ жеңісіміз», — деді өңір басшысы.
Сонымен қатар, облыс әкімі « Самғау» — журналистика саласының ардагерлерін, облыс аудандары мен қала газеттері, телеарналар, ақпараттық агенттіктер мен интернет-басылым қызметкерлеріннің басын қосатын ерекше мереке екенін атап айтты.
Айта кетейік, Алматы облысында БАҚ өкілдеріне, олардың шығармашылық және кәсіби дамуына барлық жағдай жасалған. Мысалы, тек осы жылдың өзінде 16 облыстық БАҚ өкілінен тұратын топ еліміздің 8 өңірінде болып қайтқан. Оған қатысушылар сакралды географияны зерделеп, Қазақстанның сакралды географиясы картасына енген 100-ден астам нысанды өз көздерімен көріп қайтты. Сондай-ақ, Ресей Федерациясы, Өзбекстан, Беларусь және Украина сияқты көршілес елдердің баспа редакциясына да іс-сапарлар ұйымдастырған. Ерекше атап өтерлік тағы бір жайт, Al-Jazeera халықаралық медиа агенттігімен, Euronews, BBC телеарналарымен, NHK Жапон хабар тарату корпорациясымен (ЭНЭйЧКЕЙ) байланыс орнатылып, ынтымақтастық жүргізіліп жатыр. Осыған сәйкес, енді Алматы облысының журналистері осы медиа компаниялардың әрқайсысының редакциясына барып, шетелдік әріптестерімен тәжірибе алмасады.
Сонымен, үздік дизайнер — Зарина Чечетова болса, «Үздік бейне клип» облыстық «Жетісу» телеарнасының режиссері Данияр Мустафаевқа тиесілі. «Алматы облысы туралы үздік бейне-блог немесе үздік блогер» — Қажет Андас. «Үздік желілік басылым» — Талғат Абылаевтың ТINFO ақпараттық сайты.
«Аудандық, қалалық басылымының үздік тілшісі» — Әлима Нүсіпова, «үздік фототілші» — Жеңіс Ысқабай, «үздік оператор» — Олжас Байбосынов, «үздік журналист» — Айгүл Окбаева, «үздік тележурналист» — Гүлнар Жантасова. «Алматы облысы туралы үздік республикалық (халықаралық) ақпараттық материалды» жазған «Литер» газетінің тілшісі Серік Малеев болып шықты.
Айта кету керек, ҚазАқпарат агенттігінің Алматы облысындағы меншікті тілшісі Самал Қабышева байқауда екі номинация бойынша жүлдегер атанды.