Жетісу жерінің жұмбағы жетерлік

0

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев­тың «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласымен таныса отырып, ұлтымыздың ұлылығына, ата-бабаларымыздың тапқыр­лы­ғына, тарихымыздың тереңдігіне таңда­й қағып, тағы бір мәрте көз жеткізіп отырмыз. 

Мақаланың негізгі тұжы­ры­мы халқымыздың береке-бір­лігін, ұлтаралық татулығын сақ­тай отырып, сирек кездесетін құ­бы­лыстар мен нысандар ретін­дегі ғұрыптық, маңызы бар та­ри­хи оқиғаларды кеңістік бе­ті­не шығарып, уақыт таразы­сы­на салуға шақырады. Бұл жолы Елбасы халқымыздың өт­­кен тарихынан сыр шертетін құн­ды дүниелер жайлы айтты. Ендігі кезекте оларды зерттеп-зер­делеп жас­тарға жеткізу мін­деті тұр. Та­биғи және тарихи-мә­дени мұра­лар нысандарының түр­ле­рін, кеңістіктегі орнын, пайда болу тарихын, оған қатысты қазір­гі дәстүрлерін оқып-үйрену, қа­дір­­леп-қастерлеу арқылы халқы­­мыз­дың болмысын өзгеге де, өзі­­міз­ге де таныту және сақтау ба­ры­сын қолға алуымыз керек. 

Елбасы мақалада «Ұлы дала» атты ежелгі өнер технология­лар музейін ашуға толық мүм­кіндік бар екендігін айтып отыр. Мақсат – Қазақстан жерінен табылған құнды археологиялық ескерткіштер мен археологиялық кешендердің экспозицияларын қойып, тарихи дәуірдің қандай да бір кезеңінен мағлұмат беретін мәдени орын қалыптастыру. Соңғы жылдары туристік саланы дамытуға көп көңіл бөліп келеміз. Мысалы, Талдықорған өңіріндегі бізге жеткен мәдени мұраларды сырттан келетін туристерге таныстыру барысын­да тартымдылығымен, біре­гей­лігімен ерекшеленетін тарихи-археологиялық ескерткіштерді заман талабына сай қалпына кел­тіріп, туристік нарыққа ұсы­нудың маңызы зор. Себебі, Ал­маты облысында тау алды жазық­тары мен аласа таулы ал­қап­тарда ежелден халық жиі қоныс­танғанын айғақтайтын тарихи-археологиялық ескерткіштер өте көп. Адамзат қоғамы дамуы­ның баспалдағы болған Ұлы Жі­бек жолының солтүстік-шы­ғыс тармағының бойындағы сау­да-экономикалық, әкімшілік аумақтық маңызы бар ерте орта қалалар, сондай-ақ қола, сақ-ғұн кезеңдерінің жартастағы сурет­тері, қорғандары мен балбал тастары, керуен жолдарының бойындағы сауда бекеті, әскери бақылау қонысын атқарған қарауыл төбелер мен Орбұлақ, Борша, Аңырақай сияқты қазақ-жоңғар соғысы кезінде кескі­лескен шайқас болған орындар жетерлік. Осындай ерте заман тарихынан сыр шер­тетін рухани-материалдық мұраларды оқып-үйреніп, зерттеуге, еліміздің бірлігін сақтау мақсатында тиім­ді пайдалануға, ғылыми-та­ным­дық, зияраттық туризмді да­мытуға зор мүмкіндік бар. Жеті­су жерінде ғылыми-танымдық туризмді дамытуға болатын жер­дің бірі – Сарқан ауданы. Аудан аумағындағы ерте орта ғасырда гүлденген Х-ХІІ ғасыр­ларда Қарлұқ қағанатының астанасы болған ежелгі Қойлық (Қаялық) қаласы бар. Қала орнында тари­хи­лығымен ерекшеленетін, мем­ле­кеттік қорғауды қажет ететін бірнеше тарихи-сәулет ескерт­кіштері орналасқан. Қазба жұ­мыс­тары барысында анықтал­ған шығыс моншасы хамам, бай саудагердің үйі мен керуен сара­йы, мұсылман мешіті, будда храмы секілді әлеуметтік-тұр­мыс­тық ғимараттарды бастап­қы қалпына келтіріп, табыл­ған құн­­дылықтарды жәдігер ретін­де қо­йып маңызды­лығын арт­тыра түссек, Сарқан ауданын­дағы Қойлық қаласын Ор­талық Азиядағы орта ғасырлық өрке­ниеттің ірі орталығы болға­нын дәлелдер едік. Қолда бар құн­дылықтардан ашық аспан ас­тындағы тарихи-археологиялық қорық-бақ ашу арқылы туризмді дамытуға әб­ден болар еді.

Еуропа мен Азияны жалғаған Ұлы Жібек жолының бойында кезінде әр 150-200 шақырым қа­шық­тықта әкімшілік және сауда-экономикалық маңызы бар нысандар салынған. Оның қата­рында Қойлық, Көктұма, Екі­оғыз сияқты қалалар бол­ған. Осы қалалардың 20-25 шақы­ры­­мында ауданы 200х200 метр болатын шағын сауда және әс­кери бекеттер болғанын қазба жұ­мыстарының нәтижесінде бі­ліп отырмыз. Бірақ Алакөл ау­да­нын­дағы Жайпақ, Ын­талы, Көлбай ауылдарына архео­лог­тардың қолы жетпей жатыр. Егер осы елді мекендерге зерттеу жүргізсек, әлі талай тың дерек­тердің көзі ашылады. Жал­пы Алакөл жағалауында дема­лыс­пен қатар танымдық туризм­ді дамытуға мүмкіндік беретін ресурстар өте көп. 

Көксу, Қаратал аудандарын­дағы Екіоғыз (Эквиус), Жарлы­өзек, Мұсабек қалашықтарын, Балқаш және Кербұлақ аудан­дарын­дағы Бояулы, Ағашаяқ, Ақтам, Қарамерген және тағы басқа да пайда болған қалашық­тар­ды тереңірек зерттесек, ұста­лық, зергерлік, былғары өңдеу, қыш­тан ыдыс жасау, металл өң­деу кәсібі дамығанын бұл­тарт­­пайтын дәйектер табар едік. Жалпы Жетісу жерінің шешіл­меген жұмбақтары өте көп. Елбасы мақаласынан кейін ға­лым­дарымыз, тарихшыларымыз, ізденуші жастарымыз осы жұм­бақтарды шешуге, білек сы­бана кіріседі деп ойлаймын. 

Мақалада айтылған «Аң стилі» бағыты бойынша зерделесек, Жетісу өңіріндегі Құл­жа­басы, Қарабастау, Ешкіөл­мес, Баянжүрек, Алмалы тау­ларын­дағы жартастағы сурет­тер­дің басым бөлігінде жұп тұяқ­ты ұсақ жануарлар мен жыр­т­қыш­т­ардың, тау ешкінің қоз­ға­лыс­тағы бейнесі, құлжа мен ар­қар­дың бедерлі бейнелері, тағы басқа аңның суреттері салынған. Мифологиялық өнерге жақын болғандықтан, алыстан қара­ған­да жартастағы суреттегі бейнелер түкке тұрғысыз секілді көрі­неді. Ал суреттердің салыну мақа­мы мен мазмұнына терең үңілсек, ата-бабаларымыздың тір­ші­лік қарекетін көреміз. Тал­ды­қор­ған қаласының маңын­дағы Бурақай, Ешкіөлмес, Лаба­сы тауларындағы гранитті ал­қап­тардағы андезитті дайкаларда, ұсақ кристалды базальтты жартастарда ерте замандағы адамдардың дүниетанымына сай алып күштің, құнарлықтың нышаны болғандықтан жер жыр­тып жатқан өгіздің, жат­қан аңның бейнелері жиі кез­десе­ді. Археологиялық қазба жұ­мыс­тарын жүргізген профес­сор Зейнолла Самашевтың еңбек­теріндегі деректерге жүгінсек, Баянжүрек, Алмалы, Ешкіөлмес тауларының тар шатқалдарында шамамен 3000-4000-ға жететін жартастағы суреттер бар екен. Әрине, басым көпшілігінде аңдардың суреттері салынған. Бұл бүгінгі бейнелеу өнерінің бас­тауы болып табылатынына кү­мәніміз жоқ. Мен «Аң стилін­е» қатысты бір ғана Жеті­су өңі­рін­дегі бүгінде танымал бол­ған зерттеулерді айтып отыр­мын. Ал әлі еліміз бойын­ша зерт­тел­мей, сыры ашыл­май жатқан қаншама құндылық­тарымыз бар. 

Елбасының «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласын негізге ала отырып, бір ғана Ұлы Жібек жолы тармағы арқылы ұлты­мыз­дың түп-тамырына үңіліп, оның экономикалық, сауда-сат­тық қарым-қатынастағы қабі­леті­нің зор екеніне көз жеткізу­ге болады. Мұның бәрі сайып кел­генде өсер ұрпақтың еліне, жеріне, Отанына деген сүйіс­пен­шілігін арттырады. Ата-баба­­мыздың қасық қаны қал­ған­ша қорғап, мұра етіп бізге же­ткізген құндылықтарын сол қалпында сақтауға үйретеді. Қалпын бұзбаған дүниелерді келер ұрпаққа ұсына білсек, олар түп-тамырының кім екенін біліп, ата-бабасының барлық сала­да әмбебап болғанын танып, мақ­тан тұтып өседі деген ойдамын. 

Қуат БАЙМЫРЗАЕВ, 

І.Жансүгіров атындағы Жетісу мемлекеттік университетінің ректоры, география ғылымдарының докторы, профессор

ТАЛДЫҚОРҒАН

Дереккөз: http://egemen.kz/