Жетісу облысындағы оқу-жаттығуда 18 жастағы жауынгер қаза тапты
Әскерде тағы бір сарбаз көз жұмды. Жетісу облысында оқу-жаттығу кезінде 18 жастағы қатардағы жауынгер оқ жарақатынан қаза болған, — деп хабарлайды КТК телеарнасы.
Ведомство қайғылы оқиғаның 14 қаңтар күні Сарыөзек гарнизонындағы 12740 әскери бөлімінің даладағы оқу-жаттығу кезінде болғанын растап отыр.
Баспасөз хабарламасында жауынгер қарумен жұмыс істеу кезінде ереже бұзғаны айтылған. 18 жастағы Дастанның өліміне қатысты қылмыстық іс қозғалып, оқиғаның себеп-салдары анықталып жатыр.
Онда құрлық әскерлерінің бас қолбасшысымен бірге арнайы комиссия құрылған. Командирлері марқұмның қызметін тиянақты атқарғанын, қаруластарының ортасында абыройлы болғанын айтып отыр.
«Ата-анасы мен туған-туысқандардың қайғысын, әрине, жақсы түсінеміз, қайғысына ортақпыз. Әр командирге жауынгердің қазасы — қайғы. Құрлық әскерлерінің қолбасшылығы әскери қызметшінің отбасы мен жақындарына көңіл айтады. Оларға барлық қажет көмек көрсетіледі», — деп хабарлады ҚР Құрлық әскерлері баспасөз қызметі.
ақпарат, фото: massaget.kz