Жетісу облысында халықтың 98,6 пайызы интернет желісіне қосылған

0

Жетісу облысына Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат МУСИН жұмыс сапарымен келді. Министр облыс орталығы Талдықорған қаласындағы бірнеше нысанды аралап, аймақтағы ғаламторға қолжетімділік пен интернет жүйесінің жұмыстары туралы айтты.

Бағдат Мусин ең алдымен өңірдегі қалалық ХҚО-ға бас сұқты. Мұндағы көрсетілетін қызмет сапасын бағамдап, азаматтарды жеке қабылдап, өзекті сауалдарға жауап берді

Кездесуге келген халықтың бір парасы Көксу ауданына қарасты Жетіжал ауылы, Қаратал ауданы Көпбірлік, Дөңши, Байшегір ауылдарында интернет желісінің жоқтығын, ұялы байланыстың нашарлығын алға тартты. Базыналы елдің мәселесін естіген министр тұрғындарға алдағы уақытта арнайы топ құратынын, байланыстың күш-қуатын анықтап, соның нәтижесі бойынша жұмыс жүргізілетінін жеткізді.

Кездесуге, облыс орталығына жақын орналасқан Ескелді ауданынан да тұрғындар арнайы келген. Соның бірі Ескелді ауданы Жастар ауылынан келген Еламан Бердіқожа. Ол ғаламтордың нашарлығы оқушыларға да, оқытушыларға да қатты әсер етіп жатқанын, айлық есеппен алғанда шығынның да мөлшері көп екенін сөз етті. Өзі жұмыс істейтін колледждің жұмысына тоқталып, еліміздегі жалпы 700-ге жуық колледж арнасын «kundelik.kz» сияқты бір жерге тоғыстырса деген де ұсынысын білдірді. Министр бұл мәселені алдағы уақытта оқу-ағарту министрімен өтетін жиында айтатынын мәлімдеді.

Халықпен кездесу барысында Бағдат Мусин цифрландыру жөніндегі барлық шешімдер бірінші кезекте азаматтардың өмір сүру сапасын жақсартуға бағытталғанын айтты. Мәселен, бүгінгі күні мемлекеттік қызметтің басым бөлігін EGov порталы МGov мобильді қосымшасы арқылы алуға болады. Бұл ретте Қазақстан азаматтарына қазірдің өзінде жеке куәлік, вакциналау төлқұжаты, туу туралы куәлік және басқалары бар, жалпы саны 18 негізгі құжат цифрлық форматта қолжетімді. Мемлекеттік қызметтердің қолайлы болуы үшін кейбір екінші деңгейлі банктердің қосымшасы арқылы да ақпарат алуға болады.

«Осы айда Мемлекет басшысы электронды құжаттарды қағаз құжаттармен тең қолдануға мүмкіндік беретін заңға қол қойды. Енді бір бума қағазды көтеріп жүрудің қажеті жоқ. Құжаттарды телефон арқылы пайдалануға болады», – деді министр Бағдат Мусин.

Жетісудағы жұмыс сапары Бикен Римова атындағы драма театрдағы елмен кездесуінен жалғасын тапты.
Бұқарамен жүздескен министр мырза аймақтағы жағымды жаңалықтармен бөлісті. Оның айтуынша, Жетісу облысы тұрғындарының 98,6 пайызы интернет желісіне қосылған, ал қалған 1,4 пайызына интернет 2023 жылға қарай толық қолжетімді болады. Сондай-ақ министр интернет байланысының бір бөлігі спутник арқылы берілетіндігін қуанышпен хабарлады.

Кездесу барысында Бағдат Мусин халықты кең жолақты интернетпен қамтамасыз ету мақсатында OneWeb, Space X и SES компанияларымен жұмыс жүргізілуде, сондай-ақ, өңірді ғарыштан бақылау жұмысына қатысты мағұлматтармен бөлісті.

«Ғарыштан мониторинг жасаудың арқасында төтенше жағдайларды алдын ала ескертуге, өз бетімен басып алынған аумақтар мен орман-тоғайларды заңсыз кесу ошақтарын анықтауға мүмкіндік бар. Жер ресурстарын өңірлерде тиімді қолдануға ғарыштан жүргізілген мониторинг нәтижесінде 2022 жылдың 1 жартысында Жетісу облысы аумағында 21 224,6 га егістік жердің пайдаланылмай жатқаны, 6 973 га егістік жердің мақсатты пайдаланылмайтыны анықталды»,- деді министр.

Сонымен қатар, Бағдат Мусин 2019 жылдан бері ел қалалары арасында цифрландыру деңгейі жағынан Талдықорған қаласы алғашқы ондықтың ішінде екенін атап өтті. Ол облыста Open Taldykorgan жобасы мен Smart Taldykorgan мобильді қосымшасы жобасы іске асырылғанын айтты. Бүгінде оларды 9 мыңнан астам адам қолданатындығын басып айтты.