Жетісу облысында әкім көлікпен қағып кеткен оқушы қаза болды

0

Жетісу облысындағы Кербұлақ ауданында 12 жастағы мектеп оқушысын көлік қағып, бала қаза тапты, — деп хабарлайды Kznews.kz тілшісі. Жергілікті пабликтер мәліметінше, көлік тізгінінде әкім болған.

Облыстық полиция мәліметінше, 12 жастағы мектеп оқушысы 2 қарашада Hyundai Creta көлігі қағып кеткеннен кейін қаза болған. Көлікті 39 жастағы әйел жүргізгені анықталды.

«ЖКО дерегі бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің 345-бабында көзделген қажетті сараптамалар тағайындалып, соталды тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Шетелдік автокөлік арнайы тұраққа орналастырылды. Жол-көлік оқиғасын тергеуді облыстық анықтау басқармасы жүргізіп жатыр», — деп хабарлады Жетісу облыстық Полиция департаментінің баспасөз қызметі.

Кербұлақ ауданының әкімдігі Көксу ауылдық округінің әкімі Әлия Бақтиярова ұшыраған жол-көлік оқиғасы Ескелді ауданы, Биғаш ауылында болғанын растады. Әкімдік мәліметінше, 39 жастағы әйел 2018 жылдың 3 сәуірінен бері Көксу ауылдық округінің әкімі қызметін атқарған.

Оның қазір жұмыс орнында екені де белгілі болды.

«Қазір Көксу ауылдық округінің әкімі А.Бақтиярова жұмыс орнында, Ескелді ауданында болған жол-көлік оқиғасы бойынша тергеу жүріп жатыр, жұмыстан босатуға нақты негіздер жоқ. Әлия Маратқызы Бақтиярова бүгінгі күнге дейін ешқандай тәртіптік теріс қылық жасамаған және бұрын сотталмаған», — деп хабарлады Кербұлақ ауданының әкімдігі.

Сондай-ақ, әкімнің 5 бала тәрбиелеп отырған көпбалалы ана екені атап өтілді.