Жетісу облысы құрылған бір жылда құны 38 млрд. теңгелік 47 жоба іске асырылды

0

Жетісу облысында 2026 жылға дейінгі инвестициялық портфельге  құны 1,6 трлн теңге болатын, 7,1 мың жұмыс орны құрылатын 146 жоба қалыптастырылды. Облыс құрылғаннан бері жалпы құны 38 млрд. теңгелік, бір мыңнан астам жұмыс орны бар 47 жоба іске асырылса, соның ішінде ішінде 1,7 млрд. теңге 68 жұмыс орны бар 8 жоба жыл басынан бері жүзеге асырылған. Бұл туралы бүгін Жетісу облысының әкімі Бейбіт Исабаевтың журналистерге арнап өткізілген брифингісінде айтылды, — деп хабарлайды Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі.

Өз сөзінде жобалардың ішіндегі ірілеріне тоқталып өткен облыс басшысы:  

— Он жылдам астам уақыттан бері тоқтап тұрған жоғары маркалы кремний өндіретін, қуаты 6 мың тонналық «Kazsilicon» зауыты қайта жаңғыртылып, іске қосылды. Оған 3,9 млрд. теңге инвестиция тартылып, 210 жұмыс орны ашылды. Текелі қаласында темірді тікелей қалпына келтіретін, қуаты 20 мың тонналық «Электромарганец» зауыты жұмыс істей бастады. Жаңғыртудан өткізілген Ақсу қант зауыты осы жылдың тамыз айында іске қосылады деп жоспарланып отыр, — деді Б.Исабаев.

Бұдан бөлек, Көксай кен орны мен тау кен байыту комбинаты құрылысының жобасын іске асыру жұмыстары басталды. Комбинаттың қуаттылығы 50 млн. тонна кен өңдеуге қауқарлы. Оған 976 млрд. теңге инвестиция тартылып, 2300 жұмыс орны құрылды. Комбинат 2026 жылы іске қосылады.

Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі.