«Жетістікке жету үшін жастарды жасөспірім шақтан жетелеу қажет!»

0

Ақтөбе қаласы, Жастар ресурстық орталығында «Жастарға мүмкіндік!» тақырыбында кездесу өтті.

Іс-шара ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі мен «Азаматтық бастамаларды қолдау орталығының» қолдауымен «Адырна» ҰЭБ» ҚҚ «Жастарды әлеуметтендіру және оңалту» жобасы аясында өтті.

Іс-шараның мақсаты көтерілетін мәселелер арқылы жастарды болашақ өмірлік жоспарларына ынталандыру және шығармашылық әлеуетті дамыту.

Күн тәртібінде жастардың жұмыс және оқуға келгенде белсенділік танытпау себептерін анықтау, жастарға көмек беру және кәсіби бағдарлау түрлері, еңбек нарығындағы қажетті мамандықтар, жастарды кәсіпкерлік қызметке оқыту, жастарының қордаланған мәселелері туралы кездесу болды.

Кездесуге Ақтөбе қаласы әкімінің орынбасары Айбек Көпенов қатысты. Ол жиналған жастарға:

«Келешектің кемелдігі бүгінгі жас ұрпақтың талпынысына, ынтасына, алдыға қойған арман-мақсатына, оған ұмтылуына байланысты. Мемлекет басшысы жастардың білім алуына, алға ұмтылуына қашан да жағдай жасап түрлі бағдарламалар, жобалар ұйымдастырып отырады. Міне, сол мүмкіндікті пайдаланған абзал. Ақтөбелік жастардың арасындажетістікке ұмтылған жастар саны қаншама. Міне осы жас буынның бүгін қанат қағып, діттеген ойларына жетуге қадам жасатйын кездері келген сыңайлы» деді аталған шараның маңыздылығы жайлы сөз қозғап.

Сонымен қатар шараға Ақтөбе қалалық мәслихатының хатшысы Анар Нұрлыбекқызы қатысып бүгінгі жастар арасында қордаланған мәселелер жайлы сөз қозғады:

«Жастардың бос жүруі, жұмыссыз болуы қоғам дертіне айналды. Неге десек, бүгінде дайынға көп жүгіретін, еңбек еткісі келмейтін жас буынның дені жасөспірімдер. Яғни, сол шақтан бастап олардың өмірге деген талпынысы мен мақсат-мүддесін ашық анықтап, қолдауға мына біз ата-аналар жастайынан ат салысуымыз қажет деп білемін»,- деді ол.

Онымен қоса, кездесу барысында бүгінгі күні еңбек нарығындағы қажетті мамандықтар және қай саланы белсенді дамыту керек, жастарды кәсіпкерлік қызметке оқыту, кәсіпкердің қажетті дағдылары, жастарға берілген мүмкіндік пен соны қалай дұрыс пайдалану керектігі жайында Атамекен кәсіпкерлік палатасының өкілі Динара Баяновна мен Жұмыспен қамту орталығының қызметкерлері қатысып, жастардың қойған сауалға жауап берді.

Жиналған қатысушылар өз кәсібін қалай ашуға болатынын, бастамаға мемлекет тарапынан қандай қолдау көрсетілетіндігі жайлы сауалдар қойып, өкілетті орган өкілдерінен жауап алды.

Іс-шараға «CompasTelecom» компаниясының құрылтайшысы Әнуар Төлепбай да қатысты. Белең алған мәселе туралы ол:

«NEET жастарымен жұмыс нешінші жылдан бері жүйелі түрде жасалып келеді. Ол әрине баршамызды қуантады. Себебі құлықсыз, жұмыссыз жастардың қоғамнан азаюы арқылы елімізге өз пайдасын тигізетін, келешекте жақсы жағынан өзін көресете білетін жастардың болғаны абзал. Олар өз істерін бастап, ойға алған бастамаларын ашып, қоғамға пайдасын тигізсе одан асқан бақыт жоқ», — деді.