ЖЕТІСТІККЕ ЖЕТКЕН ЖАҚСЫ | «Айқын» газеті

0
61

«Индустрияландырудың екінші бесжылдығы: Қазақстанда жасалған» атты жалпыұлттық телекөпір барысында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев: «Қазақстанда тігуге болатын киім-кешек пен қайдағы жоқ шұрым-бұрымды импорттап отырмыз», – деді.  – «Атамекен» бұған баса назар аударуы тиіс. Біз бұлттың үстінде қалықтап, зауыт салу қажет, көлік жасау қажет дейміз. Ал адамдар қарапайым дүниелерді білмейді. Барлығымыз да шетелдік қымбат киімдерді киеміз. Соны өзіміздің ішімізде неге өндірмеске? Бүгінде біздің жеңіл өнеркәсіп кәсіпорындарымыз өте жақсы тауар шығаратындығын білемін. Біз жарнамалауды білмейміз, отандық өнімдерді пайдалануды білмейміз».

Мемлекет басшысы қазақстандық титанның әлемдік нарықтағы үлесі 1,6 есеге ұлғайғанын атап өтті. Елімізде алтын өндіру көлемі алдағы уақытта жылына 80 тоннадан астамды құрайтындығын айтты. «Біздің машина жасау саламыз да қарқынды дамып келе жатыр. Машина жасау саласы болса, онда жаңа тауар, жаңа өнім болады. Демек, біздің кәсіпорындарымыз жаңғырады. Бұл саладағы еңбек өнімділігі 2,6 есе ұлғайды. Бүгінде еліміздің ішінде сатылған жеңіл және жүк көліктің әр екіншісі отандық кәсіпорындарда шығарылған», – деді.
Индустрияландырудың екінші бесжыл­дығының төртінші жылы аяқталуға таяды. Тәуелсіз Қазақстанда «жаңадан ашылған өндіріс орны бар ма, бар болса оның игілігін неге көрмейміз?» деген түйткілді сауалды қоятындар жетерлік. Биыл жалпы құны 1,2 триллион теңге болатын жүзден астам нысан іске қосылып, 13 мың жұмыс орны ашылды. Жаңа жұмыс орындары, заманауи инфра­құрылым, цифрлы қызметтер мен сервистер ашылды. Тәуелсіздіктің 27-жылында KEGOC Ұлттық компаниясы «Солтүстік – Шығыс – Оңтүстік» жобасының екінші кезеңін іске қосуға дайын. Жоба бюджет қаражатынсыз жүзеге асты. Құрылыс барысында 500 кВ жаңа үш қосалқы станса мен 1770 шақырым электр желісі салынды. Жобаның арқасында сұранысы артып келе жатқан еліміздің оңтүстік аймағы электр қуатымен қамтамасыз етіліп, шығыс өңі­рінде тау-кен өнеркәсібінің дамуына жағдай туады.
Мұның бәрі ел экономикасының дұрыс арнада келе жатқанын айғақтайды. Бірақ барымызды базарлай отырғанымызға жол болсын? «Кісідегінің кілті – аспанда» дейтін бір нақыл бар. Қашанға дейін өзгенің өніміне көз сатамыз? Өз өнімдерімізді дұрыс жарнамалап жатпағанымыз рас қой.
Елбасы 2025 жылға қарай еңбек өнім­ділігін 1,7 есе арттыруды тапсырды. «Есеп-қисаптардан біраз дүниеге қол жеткізгеніміз көрініп тұр. Дегенмен әлемге өктемдік етіп тұрған жаңа сын-тегеуіріндер бізден нақты нәтижелер мен үшінші индустрияландыру бағдарламасының стратегиясын ойлас­тыруды талап етеді. Ол өңдеу өнеркәсібі мен экспорттың дамуына шоғырландырылып, сабақтастығын сақтауы тиіс. 2025 жылға қарай еңбек өнімділігі 1,7 есе, өнім экспорты 2,3 есе өсуі қажет. Әрбір жылды осы көр­сеткіштермен қорытындылап, тоқсан сайын қандай облыс, қандай сала еңбек өнімділігін көтергенін қадағалап отыру керек. Бұл маңызды. Олай болмаған жағдайда артта қаламыз, адамдардың табысы, экономика өспейді», – деді.
Сұлтанмахмұттың «Біздерде анадай бар, мынадай бар» дейтініндей, біздің елде отандық өнімдерді шығаруға, жұртшылықты сол өнімдермен қамтамасыз етуге барлық мүмкіндік бар. Құдайдың берген табиғи байлығын місе тұтып, тек мұнай мен газға арқа сүйейтін болсақ, күні ертең ол сар­қылғанда қайтпекпіз? «Оралыңның барында ойна да күл» дегендей, қолда бар алтынның қадірін білген де жөн секілді.

Нұртөре ЖҮСІП

Дереккөз: Айқын