Жетісайда өгей балаларын «ұрған» әйел үйқамаққа алынды
19 сәуірде Түркістан облысы Жетісай аудандық соты өгей үш қызын «ұрып-соғып, жарақаттаған» 28 жастағы Жұлдыз Көпееваны үйқамаққа алу туралы қаулы шығарды. Сот күдіктінің тұрғылықты мекен-жайын, екі жасқа толмаған баласы барын және жүкті екенін ескерген. Бұл туралы Азаттыққа аудандық соттың судьясы Сейілхан Мұсабеков айтты.
Судьяның айтуынша, Жұлдыз Көпеева Қылмыстық кодекстің «Қинау» және «Кәмелетке толмаған адамды тәрбиелеу жөнiндегi мiндеттердi орындамау» бабымен айыпталған. Ол өзімен бірге тұрған кәмелет жасқа толмаған өгей үш қызын «ұзақ уақыттан бері ұрып-соғып қинаған» деген күдікке ілінген.
Күдікті сотта тағылған айыпты ішінара мойындады.
Жәбірленуші үш қыздың туысы Эльмира Қойымбетова үш қыз да аудандық ауруханада ем қабылдап жатқанын айтады.
18 сәуірде облыстық полиция департаменті жәбірленушілердің әкесі «дістүрлі емес діни ағым мүшесі» екенін хабарлаған.
12 сәуірде Жетісайдағы Дінмұхамед Қонаев атындағы мектептің бір отбасындағы 6,7 және 9-сыныпта оқитын оқушы қыздарының бетінің көгергенін сынып жетекшілері байқаған. Мектеп директоры болған жайт бойынша білім бөліміне хабарлағаннан соң аудан әкімдігі полициямен бірге қыздарды әке-шешесінен оқшаулаған.
16 сәуірде әлеуметтік желілерде өгей шешесі ұрып-соққанын, «аяғына пышақ тығып, кемпірауызбен денесіне жарақат салғанын» айтқан қыздардың видеосы мен суреттері тараған.