Жеті қыр және жылқы | «Айқын» газеті

0

Қазақстан Жазушылар одағы басқармасының «Ұлы даланың жеті қыры және қазақ әдебиеті» атты І пленумы өтті. Пленумда Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың таяуда ғана жарияланған «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласын жан-жақты талқылап, осы бағытта жазушылардың алда атқарар міндеттеріне тоқталды. 

Жазушылар одағы жарлығына енген өзгерістерді талқылап, жаңа сайланған басшылықтың тоғыз айда атқарған шаруаларының қысқаша есебін тыңдап, алдағы жоспарлар ортаға салынды. Алдымен Жазушылар одағы басқарма төрағасы, ақын Ұлық­бек Есдәулет баяндама жасады. Ол өз баяндамасында Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың ежелгі тарихымыз бен мәдениетіміздің қадір-қасиетін танытып, астарын ашып көрсеткен «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақа­ласы баспасөз бетінде жарық көргелі бері оның мән-маңызы мен құнды­лы­ғы үздіксіз талқыланып, тиесілі жо­балар да жасала бастағанына тоқталды.
– Отаршылдықтың қиын-қыста­уы­­нан өткеннен кейін өз тарихымызға өзіміздің қолымыз жетпей, жәбір көріп келген елміз. Қадыр Мырза Әли ағамыз­дың «Біздің тарих бұл да бір қалың тарих, оқулығы жұп-жұқа бірақ­тағы» дейтін сөзінде үлкен шын­дық барын қайталап айтудан жалық­пай­мыз. Себебі, бізге өз тарихы­мызды оқытпай, өзімізден жасырып келді. Елімізден «Алтын адам» табылып жатса, «Ол скифтердікі, оның қазаққа қатысы жоқ» деді. Кеңес заманында Шіліктіде бір емес, екі «Алтын адам» табылғаны белгілі. Бірақ оның атын да, затын да Қазақстанға бұйыртпады. Оның алтын әшекейлері Эрмитажда тұр. Қазақ жеріне І Петр заманынан бері 200-300 адамдық арнайы экспедициялар шыға­рып, жоспарлы, жүйелі түрде тонап келген. Обалардан табылған алтындарды Батыс Сібір генерал-губернаторы Матвей Гагарин патшаға жөнелтіп отырған. Қана­ғат­сыз, қанқұйлы Петр патша «Қазақ даласынан алынған алтын­дардың бір бөлігін менен жасы­рып, жымқырып Тобылдың кремліне тығып жүрсің» деп айыптап, жан досы болған Гагаринді алаңда дарға асып өлтіріп, мәйітін алғызбайды. Үш айдан кейін арқаны шіріп, үзіліп жерге құлап түскенде үзілмейтін шынжырмен қайта асып қоюды бұйырады. Оның бәрі қазақтың Шілікті мен Есіктің обалары­нан табылған алтын бұйымдары үшін. Ол бұйымдардың біразы Эрмитажда тұрғанымен қазаққа қатысы жоқ етіп көрсетіп келді, – деп тағы да бірнеше мысал келтірді Ұлықбек Есдәулет.
Қазақстанның Халық жазушысы, Мемлекеттік сыйлықтың иегері Қабдеш Жұмаділов те Елбасының «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласына қатысты ойын ортаға салды.
– Президенттің «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласын халық жылы қабыл­дады. Өйткені ол елдің көңілінде жүр­ген мәселені дөп басты. Дер кезінде шық­қан мақала болды. Бұл мақалада көп нәрсе айтылған. Әсіресе, жылқы туралы айтылған сөздері көңілімнен шықты. Бұл жүрегімді сыздатып жүр­ген мәселелердің бірі еді. Өйткені қазақ дегеніміз – жылқы, жылқы деге­ні­міз – қазақ. Осыны орыстар да, отар­лаушы жаулар да жақсы білген. Кәмпеске жасардың алдында Голо­ще­кин бастаған отарлаушылар «Қазақты жылқыдан айырмаса болмайды. Оларды жаяу қалдыру керек. Қазақ сәйгүліктерге мініп жүргенде біздің саясатымызға пысқырмайды» деген. Осыл­айша, қазақты жаяу қалдырудың нау­қаны басталған. Ол кезде қазақ дала­сында миллион жылқы болған. Кезінде Сәбит Мұқанов бір сөзінде «Қазіргі Қазақстандағы жылқы төңке­ріс­тен бұрынғы бір Петропавл облы­сын­дағы жылқыға жетпейді. Қазақ даласында жылқы өте көп бола­тын. «Осыны қалай етеміз?» деген­де қазақ­тың шолақ белсенділері «Сиыр мен қойды сойып, етін пойызға тиеп Ресей­ге асыруды ұсынады. «Жылқыны қайтеміз? Оның етін орыстар жемейді ғой» деген мәселе туғанда Голощекин «Жылқыларды сай-сайға үйіріп қойып атыңдар», – дейді.
Шынында солай болған. Бұйрық орындалған. 1929-1930 жылдары жылқы ату науқаны болды. Мен Кеңес дәуірінің соңғы жылдары жазылған «Сәйгүліктер» деген повесімде Жетісудағы Тұрарбай деген байдың мыңдаған жылқысын сайға үйіріп қойып, әскер шақырып сәйгүліктерді пулеметпен атқан кезде жылқының шуылдап, шыңғырып қалай өлгені, бірін-бірі тапап өлтіргені, жылқының бірнеше үйірі әскердің қамалын бұзып өтіп, Бетбақдалаға қарай қашып құтыл­ғаны айтылады. Осындай нәрсе шынында да болды ма деп кезінде тексерген. Қазақтың қырылғанын көп айтып жүрміз ғой, ал жылқының қырыл­ғанын айта бермейміз. Тиіп-қашып қана айтып жүрмін. Көрдіңіз бе, жылқы қырылғаннан кейін қазақ жаяу қалды, көп ұзамай ашаршылық басталды. Міне, Елбасы мақаласында жылқының басындағы трагедияны айтпағанмен, жылқы дегеніміз – қазақ, қазақ дегеніміз – жылқы екенін айтып кеткен, жылқыны үйрету біздің елден бастау алатынына тоқталған. Біз бұрын жасқанып, қорқып, біреулердің көңіліне келе ме деп айта алмай жүрген мәселелердің бәрі осы мақалада айтылады. Бұл мақала тарихшыларға үлкен жол, өріс ашып отыр, – деді жазушы Қабдеш Жұмаділов.

Гүлнар ЖҰМАБАЙҚЫЗЫ

Дереккөз: Айқын

Загрузка...

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз