Жеті кеншінің өлімі: «Қазақмыс» мәлімдеме жасады

0

«Қазақмыс» қаза тапқан жеті кеншінің отбасына көрсетілетін көмекке қатысты мәлімдеме жасады, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

ӨТЕМАҚЫ

«Жомарт» кенішіндегі қайғылы оқиғаға байланысты «Қазақмыс» компаниясы қаза тапқан жұмыскерлердің отбасын қолдау үшін нақты қандай шара қабылданғанын айтты. Іс барысында ішкі штаб құрылып, өтемақы төлеу, мәйіттерді тасымалдау, несие бойынша міндеттемелерді орындау және отбасы мүшелерін жұмыспен қамту мәселелері назарға алынды.

Компания басшылығы еліміздің түрлі өңірлеріне мәйіттерді жеткізу шығынын өз мойнына алған. Жақын туыстарының өтініші бойынша үш кеншінің денесі Түркістан, Қарағанды облыстарына, қалғандары Жезқазған, Сәтбаев қалаларына жеткізілді. Таяуда отбасы мүшелерімен кездесу ұйымдастырылып, жұмыспен қамту және тұрғын үй жағдайын жақсарту мәселелері талқыланады.

ТӨЛЕМДЕР

Қазақмыс корпорациясы өз қызметкерлерін еңбек міндеттерін орындау барысындағы жазатайым оқиғадан сақтандыру үшін «KM Life» өмірді сақтандыру компаниясында міндетті сақтандырумен қатар ерікті сақтандырумен қамтамасыз еткен. Бұл шешім жұмыскерлер мен олардың отбасын оқыс оқиғалардың салдарынан туындайтын зардаптан қаржылай қорғау мақсатында қабылданған.

«KM Life» сақтандыру компаниясы міндетті және ерікті сақтандыру шарттары бойынша барлық міндеттемелерін толық көлемде және дер кезінде орындауға кепілдік береді.

«KM Life» сақтандыру компаниясы қаза тапқан әр кеншінің асырауында бала болғанын ескеріп, олардың отбасына асыраушысынан айырылуына байланысты сақтандыру төлемін тағайындайды. Сақтандыру төлемінің мөлшері қайтқан адамның асырауындағы адамдардың санына және оның орташа айлық жалақысына байланысты болады. Бұл төлемдер балалар 18 жасқа толғанға дейін ай сайын төленеді, егер олар жоғары оқу орнының күндізгі бөлімінде оқыса, 23 жасқа дейін төленеді. Сондай-ақ 14 жасқа дейінгі балаларға күтім жасайтын, жұмыс істемейтін аналарға да төлем тағайындалады.

Қайтыс болған асыраушының асырауындағы адамдарға төленетін сақтандыру төлемінің көлемі жыл сайын болжамды инфляция деңгейіне пара-пар мөлшерде ұлғайып отырады. Бұдан бөлек қаза тапқан кеншілердің отбасы «KM Life» сақтандыру компаниясынан 100 АЕК мөлшерінде жерлеу рәсіміне арналған біржолғы төлем алуға құқылы.

ҰЖЫМДЫҚ ШАРТ

Ұжымдық шартқа сәйкес, қаза тапқандардың отбасына жерлеу рәсімін атқару үшін 550 АЕК немесе 2,2 млн теңге мөлшерінде біржолғы төлем аударылды. Алдағы уақытта оларға жылдық жалақының 10 еселенген мөлшері төленеді, оның сомасы 84 млн теңгеден 141 млн теңгеге дейін жетеді.

Сондай-ақ асыраушысынан айырылу жағдайына ай сайынғы төлемдер, балалардың оқу ақысын төлеу, сондай-ақ отбасы мүшелерінің өтініші бойынша басқа да көмек түрлері қарастырылған.

Сонымен қатар қаза тапқан кеншілердің банк алдындағы қарызы назарға алынуда. Қайтыс болғандар мен олардың жақын туыстарының барлық борышын нақтылау үшін ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігіне хат жіберілді. Қазіргі кезде Bank RBK, Kaspi және Halyk Bank-те жалпы сомасы 47,5 млн теңгені құрайтын несие мен ипотека анықталды. Қарызды өтеу бойынша жұмыс жүргізілуде.

ОҚИҒАНЫҢ СЕБЕБІН АНЫҚТАУ 

Бастапқыда қайғылы оқиғаға тау жынысының опырылуы себеп болғаны айтылды. Алайда апаттан құтқару тобы опырылудың болмағанын анықтады.

Кеніштегі жұмыс тергеу аяқталғанға дейін тоқтатылды. Табиғи газдың жарылуына не себеп болғаны талданып жатыр. Компания Үкіметтік комиссиямен және тергеу органдарымен қоян-қолтық жұмыс істеуде және қолданыстағы қауіпсіздік стандарттарына түзету енгізуді жоспарлап отыр.