Жеті айлық сәбиімен бірге изоляторда қамауда болған. Қазір үйқамақта

0

Мамырдың 9-ы күні Алматыда полиция «Мәңгілік полк» шеруінде жүрген көп балалы ана Оксана Шевчукті әкетіп, уақытша қамау изоляторына отырғызып қойған. Оксана Шевчуктің адвокаты Ғалым Нұрпейісовтің айтуынша, ана мен баланы әуелі Алмалы аудандық полиция бөлімшесіне апарған, кейінірек Алматы қалалық полиция департаментіне жеткізген. Кішкентай Ева анасымен бірге жеке тексеруден өтіп, полицияда шамамен 12 сағат болған. Оның екі сағатын қамау изоляторында өткізген.

— Еваның үстінде жылы киімі де жоқ еді. Оның жаялығын ауыстыруға да мүмкіндік бермеді. Бізге «тек кіріп шығасыңдар» деген. Изолятордан түнгі сағат 12-де шықтық , — дейді Оксана Шевчук Азаттық тілшісіне.

Оксана Шевчукке полиция қызметкерлері омырдаудағы нәрестесін үйіне қалдырып кету туралы кеңес берген. Шевчук баласының әлі тым кішкентай екенін әрі түнде ұйқысынан оянып өзін іздейтінін, оны емізуі керектігін түсіндірген соң сәбиді анасының жанында келіскен.

Оксана Шевчуктің айтуынша, “полиция департаменті қызметкерлері кейінірек Еваның «өзін жақсы жағынан көрсеткенін» атап өтіп” мақтаған.

— Ева жарады, әйтеуір жылап, мазамды алмады. Тек тар әрі лас изолятор ішінде еңбектегісі келіп, біраз тынышсызданды. Мен қатты уайымдадым. Ол жерде науқас адамдар болуы мүмкін еді, — дейді ол.

Алайда анасының айтуынша, нәресте ертесінде жөтеліп, ауырып қалған. Ольга Шевчук “баламның жағдайы енді ғана түзеле бастады” дейді.

30 жастағы Оксана Шевчуктың Евадан өзге 12, 10 және 8 жастағы үш баласы бар. Оны бұған дейін наурыздың 22-сі күні митингке қатысқаны үшін ұстап, кейін босатып жіберген. Мамырдың 1-і күнгі митингіден соң адвокат Гүлнар Жуаспаева оның үстінен “елде сот шешімімен тыйым салынған ұйымның жұмысына қатысу” бабы (Қылмыстық кодекстің 405-бабы 2-тармағы) бойынша іс қозғалып, тергеу басталғанын айтқан еді. Бұл бапта 2000 айлық есептік көрсеткіш көлеміндегі (50 млн теңге) айыппұл, түзеу жұмыстарына жегу, екі жылға дейін бас бостандығын шектеу, үш жыл белгілі бір қызметтермен айналысуға тыйым салу сынды жазалар қарастырылған.

Бала тәрбиесімен айналысып, үйде отырған жас әйел өзінің Қазақстанда тыйым салынған «Қазақстанның демократиялық таңдауы» (ҚДТ) қозғалысының мүшесі еместігін, бірақ ұйым бағдарламасы көңілінен шығатынын айтады.

ЗАҢГЕРЛЕР МЕН БИЛІК ӨКІЛДЕРІ НЕ ДЕЙДІ?

Мамырдың 9-ы күні жеті айлық нәресте Ева Шевчуктің құқығы өрескел бұзылғанын айтқан Оксана Шевчуктың адвокаты Ғалым Нұрпейісов президентке, Қазақстанның бала құқықтары жөніндегі уәкіліне, адам құқықтары жөніндегі уәкіліне, ішкі істер министріне хат жолдап, бала мен ана құқының бұзылғанын айтып, оқиғаға араласуды сұраған. Оның айтуынша, мұнда кемінде үш бап бойынша ( “заңсыз ұстау және күзетпен ұстау, қамау” — Қылмыстық кодекстің 414-бабы, “қызметтік өкілетін асыра пайдалану” — 362-бап, “конституциялық құқығын бұзу” — 145-бап) заң бұзылған. Оның пікірінше, тергеуші және қамау изоляторының кезекші офицері заңға сай әрекет етпеген.

— Тергеуші сол жерге кезекші прокурорды шақыртып, түсіндіру жұмыстарын жүргізген соң жіберуі тиіс еді. Олар анасын тұтқындай отырып, балаға зат ретінде қараған. Омыраудағы сәбиін қоса тұтқындап, оны кісі өлтіру, адам зорлау тәрізді қылмысқа күдікті азаматтар отыратын антисанитарлық жағдайдағы камерада ұстауды өзінің құқын асыра пайдалану деп санаймын. Тергеуші мен уақытша ұстау изоляторы бастығы жазалануы тиіс, — дейді ол.

Ғалым Нұрпейісовтің айтуынша, әзірге сауал жіберген органдардан жауап түспеген

— Мен тінту хаттамасымен таныстым. Полиция өкілі Еваның да жеке заттарын тінтіген. Ал хаттамаға «тінтуге Ева Шевчук те қатысты» деп жазылған. Бізде араб әндерін тыңдағаны үшін де, бос плакат үшін де жазалап жатыр. Енді емшектегі сәбиге кезекке келді ме? Бұны жәй қалдыруға болмайды, — дейді Ғалым Нұрпейісов.

Құқық қорғаушы Анар Ибраева кішкентай Ева Шевчук тек анасының ғана емес, мемлекеттің де қамқорында және оның құқының сақталуы ең алдымен мемлекеттің міндеті деп санайды

— Мұндай емшектегі баласы бар әйелдер сотталғанда да олардың жазасын өтеу құқығы заңға сәйкес кейін шегеріледі. Ал кішкентай баланы көре тұра оны изоляторға қамау не үшін керек болды? Бұл сауалға сөз жоқ құзырлы органдар реакциясы болуы тиіс,- дейді құқық қорғаушы.

Азаттық бұл оқиғаға байланысты Алматы қалалық полиция департаментінің баспасөз қызметіне хабарласқанмен жауап ала алмады. Қазақстандағы бала құқықтары жөніндегі уәкіл Сәуле Айтпаева Азаттыққа Ева Шевчук туралы мүлдем естімегенін айтты.

— Менің хабарым жоқ, бұл ақпаратты тексеріп көруім керек, — деді уәкіл Азаттық тілшісіне.

Ал ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаев Оксана Шевчуктың кішкентай баласымен изоляторда болғанын мүлде жоққа шығарды.

— Ол омыраудағы баласымен отырған жоқ онда. Мен сізге қайталап айтамын, — деді министр.

Қазақстанда түрлі наразылық акциялары кезінде ересектермен бірге балаларды да ұстау оқиғалары тіркелген. Қазақстан заңдарында қандай да бір шара, акция немесе демонстрацияға баламен баруға тыйым салынбаған.

Халықаралық KidsRights үкіметтік емес ұйымының Нидерландыда шоғырланған халықаралық әлеуметтік зерттеулер институтымен бірігіп жүргізген бала құқықтарының сақталуына байланысты зерттеуде Қазақстан 182 елдің ішінде 34-ші орынды иеленіп отыр (неғұрлым жоғары болса, соғұрлым жақсы). Бұл зерттеуде өмір сүру, денсаулық сақтау, білім алу, қорғалу құқығы және бала құқығын қорғауға қолайлы орта қалыптастыру мәселелері есепке алынған.

Azattyq