Жерлестері Жәмиляға құрмет көрсетті

0

Байрақты бәсекеде Қазақ елі намысын абыройлы қорғаған спортшыны Алматы әуежайынан Алматы облысы Жамбыл ауданының әкімі Бағдат Әлиевтің өзі қарсы алып, қошемет көрсетті. Содан сол өңірдің атқамінерлерінің барлығы да Жәмиля Бақбергенованың кіндік қаны тамған жері – Жамбыл музейі ауылын бетке алды. Мәдениет үйінің алдында ауыл ақсақалдары – Бақыт Балайұлы мен Жанат Тұрапұлы балуан қызға ақ батасын берсе, Сочиде өткен жас әншілер конкурсының лауреаты Марғұлан Дүйсеке мен термеші Ермек Шаштайұлы жырдан шашу шашты. «Әлқисса» өнер мектебінің оқушылары күй тартып, талай жыр мен әнге арқау болған Майтөбенің баурайын айрықша думанға бөледі. Спортшыға жабуымен сәйгүлік мінгізді. Ал Жәмиланың өзі осылай алақандарына салып аялап, құрмет пен қошемет көрсеткен жерлестеріне зор ризашылығын білдіріп, алдағы дүбірлі додаларда да барынша табысты өнер көрсетіп, ел сенімін ақтау үшін еш аянып қалмайтынын жеткізді.

Спорттың соқпағына түскелі бері Жамбыл музейі ауылының тумасы Жәмила Бақбергенованың талай биік белестерді бағындырғанын жанкүйерлер жақсы біледі. Ол – кадеттер арасында Азия чемпионы, әлем біріншілігінің қола жүлдегері, жастар арасында да құрлықтық және жаһандық додаларда бірнеше мәрте жеңіс тұғырына көтерілді. 2016 жылдан бері әйелдер сайысында күш сынасып жүрген жерлесіміз Ислам ынтымақтастығы ойындары және даңқты балуандар – Александр Медведь пен Иван Ярыгиннің турнирінде де жүлдегерлер қатарынан көрінді. Басқа да жарыстарда жеңіп алған жүлделері жетерлік.    

Бухаресте жалауы желбіреген жарыста Жәмила жапониялық Наруту Мацуюки мен америкалық Рейчел-Энн Уоттерсті ұтып, жартылай финалда Бусе Тосунге есе жіберді. Одан кейін Наину Найнудың тас-талқанын шығарып, қола медальді мойнына ілді.

Ғалым СҮЛЕЙМЕН,

«Егемен Қазақстан»