Жерін даулаған азамат Ақорда алдында «өзін өртемек» болды

0

23 сәуірде Нұр-Сұлтанда Ақорда алдында Павлодар облысы Екібастұз қаласының 58 жастағы тұрғыны Қуат Шәріпханов «жергілікті билік он жыл бұрын жерімді заңсыз тартып алды» деп, наразылық ретінде өзін-өзі өртейтінін айтты.

Оның сөзінше, 2009 жылы әкімдік орталықтағы жеке кәсібі мен тұрғын үйі бар жерін тартып алып, өздерін мәжбүрлі түрде көшірген. «Арыз жазғаныммен, ешбір көмек болмады. Болмайды да. Сенім жоқ» деді Шәріпханов.

Ол «Нұр Отанның» бөлімшелері мен әкімдікке талай барғанын, бірақ «ешбір нәтиже болмағанын» айтады.

— Осы жолы (өртеніп) аман қалсам, Екібастұзда президент сайлауы өтетін күні өртенемін. Маған ешкім көмектеспесе, ондай алдамшы сайлаудың керегі не? Бәрібір ештеңе өзгермейді екен, — деді қолына бензин толы құты ұстаған Шәріпханов.

Видео: Сот шешіміне наразы тұрғынды полиция ұстады

Жарты сағатқа таяу уақыт тұрған оны кейін ОМОН автобусқа мәжбүрлеп салып, алып кетті.

Артынша Азаттықпен сөйлескен Қуат Шәріпханов «Полицияда екі сағаттай ұстады. Түсініктеме жазып бердім. Қазір әлдекім мені әкетіп барады. Екібастұзға салып жібермек» деді.

Екібастұз қаласы әкімінің әлеуметтік мәселелер бойынша орынбасары Наталья Нефедова Азаттыққа Шәріпхановтың «әкімдік жерімді заңсыз тартып алды» деген сөзін жоққа шығарды.

— Бизнеспен айналысқан. Әлгі жер банк кепілінде болған. Кредит төлемеген соң жері тартып алынды. Заңның бәрі сақталды. Он жылдан бері табысы аз екенін айтып, пәтер сұрап келеді. Әкімдік айтқан түрлі бағдарламаларға қатысу туралы ұсыныстарды қабылдаған жоқ. Жері мен бизнесін қайтаруды сұрап келеді, — деді ол.

Бір ай бұрын, 22 наурызда, Қуат Шәріпхановтың Қазақстан президентіне үндеуі жариялаған. Онда ол «әкімдік үйін заңсыз сатып алып, артынша үйінен мәжбүрлеп шығарып тастағанын» айтады. Шәріпханов видеосында «Ешбір көмек болмаса, астанаға барып, Ақорданың алдында өзімді өртеп жіберемін» деп ескерткен.

Azattyq