Жерді сақтап қалу үшін жүрек пен елім деген мінезі жеткілікті – саясаттанушы

0
127

Елдегі жер мәселесі ушыға түскен кезде ұлт патриоттары арасындағы азаматтық белсенділік те арта түсуде. Қазақстан парламентінің сенатына талқылауға түскен заң жобасында Ата жұртына оралған қандастарға жер беру/бермеу мәселесі де дүдәмәл күйде қалуда. Осы орайда біз «Шындық» экспедициясының, «Антигептил» және «Алаш жолы» қозғалыстарының белсенді мүшесі, жас саясаткер Амандық Дәулетбекұлын «ДАТ!» айдары аясындағы сұхбатқа шақырып, Жер туралы заң жобасындағы қандастардың мәртебесіне қатысты өз ойын ашық айтуды сұраған едік.

– Мәжілістегі талқылаудан кейін, жер шетелдіктерге сатылмайтын болып, жалға да берілмейді деген талаппен Жер туралы заңнаманың жобасы парламент сенатына жолданғаны мәлім. Осы құжатқа орай Жер комиссиясы шақырылып, ортақ мәміле талқыланып жатқан кезде Алматыда бірнеше наразылық шарасы өтті. Ал қоғамға бірінші кезекте қозғау салуы тиіс астаналық жұртшылық неге үнсіз жатыр деп ойлайсыз?

– Астаналық жұртшылық туралы жалпылама ештеңе айта алмаймын. Өз басым айналам туралы ғана айтайын. Біз 2016-да жер үшін мінез көрсету керек кезде аянып қалған жоқпыз. Жер сатуға ниетті билікке мінез көрсеттік. Сол үшін «жақсы» қудаландық та, бірақ Атырауда басталып, бүкіл елде өріс алған митингілер нәтижесінде билікті айтқанымызға көндірдік.

Иә, енді білім мен біліктілікті көрсететін шаққа келгенде, көбіміз тартыншақтап қалдық. Абылай хан кезінде: «Білекке сенген заманда ешкімге дес бермедік, білімге сенген заманда қапы қалып жүрмейік», – депті деген ел ішінде сөз бар ғой, соның кері болдық. Өйткені өте күрделі заңнамалық мәселелерге байланысты биліктің іс-әрекеттеріне мықты аргументтермен тойтарыс берерде, білім деңгейіміз жетпей қалды. Мұны мен және менің жақын айналам ашық мойындап отырмыз.

– Бәлкім, топ бастап, саясат алаңында атойлауға лайық серкелердің тапшылығы салдарынан қоғамдық тоқырау туған шығар…

– Сіздің сұрағыңызға орай және жалпы бір нәрсеге тоқтала кеткім келіп отыр: Азаматтың белсенді болуы жақсы. Ол кезек күттірмейтін мәселелерді актуалдандыру үшін өте маңызды. Азаматтың белсенділігі үшін тек қана жүрек, елім деген мінезі жеткілікті. Қазақтың жері үшін текетіресте де азаматтың өн бойында осы қасиеттер болуы керек.

Ал елдегі саяси құбылыстарға мемлекеттік деңгейде әсер ете алу үшін, саясаткер тұлға болуың немесе саяси күші мығым топқа айналуың керек. Сонда ғана өзің дұрыс деп санаған шешімнің қабылдануына әсер ете алады екенсің. Біз осыны ұқтық. Әйтпесе бізде қаншама протосаясаткерлер мен протопартиялардың ешқайсысы келесі сатыға өте алмай жүр. Бұлай жалғаса берсе, бір күні саясаттан көңілдері қалып, бұлар қолдарын бір-ақ сілтейді.

Дәл қазіргі кезде біз де «белсенді азамат» статусынан «саясаткер» статусына трансформацияланудың жолдарын іздеудеміз. Бұл өте күрделі процесс екен. Кейде өз-өзіңе қарсы келгендей, өзіңді-өзің сатып отырғандай сезімдерді де бастан кешеді екенсің. Ал саясатта ешқандай эмоциясыз, құрғақ есеп қана сені алға жетелейді. Сондықтан дәл қазір белсенділік танытып жүрген азаматтардың барлығын қолдаумен қатар өз басым мен жақын айналам үшін айтарым – бұдан былай жүрекке емес, тек қана ақыл мен есепке сүйеніп жұмыс істеп көрмекпіз. Қандай да бір мәселе бойынша атойлап алаңға жетіп баруды азайтып жүргеніміздің себебі осы деп ойлаймын.

– Біз жер мәселесі төңірегіндегі сұхбатқа шақырғанда, кезінде сіздің оралмандар армиясы қатарында болғаныңызды қапер қылдық. Оның басты себебі – осы заңның жобасында бүгінде «қандастар» аталған, Атамекенге келіп жатқан ағайындардың қазақ жерінен үлес алу мүмкіндігі шектелген жоқ па деген сұраққа жауап іздеу болды. Елге оралған көпшілік қазақтардың осы заңнамалық жағдаятты түсіне алмай жатқан жайы бар. Ал сіз жаңа заңнаманың қандастарға қатысты бабы не дейтінін түйсіне алдыңыз ба?

– Әрине, «жерді шетелдіктерге және қандастарға» жеке меншікке де, жалға да беруге болмайды деген талапты толығымен қолдаймын. Алмасбек Садырбаев деген азамат бұны өтірік бұрмалап, халықты дүрліктірмекші болып еді, онысынан ештеңе шықпады-ау деймін. Жер мәселесі ушыққан күннен бері еш жерде көрінбей келіп, биыл комиссияның мүшесі бола қалған азаматқа елдің күдікпен қарауы заңды да. Жалпы, қазақтың жері халықтық меншік үлгісінде сақталып қалуы тұрғылықты елге де, қандастарға да, тіпті кірме ұлт өкілдеріне де ортақ мүдделік деп ойлаймын. Оның үстіне жерінен айырылған қазақ елдегі басқа ұлыстарға бұрынғыдай мейіріммен қарайды деген лақапқа сене алмаймын.

Өзім шетелден көшіп келген қазақ ретінде шетелдің азаматтығы мен Қазақстанның азаматтығы екеуінің ортасындағы уақытша ғана болатын өліара статусты «оралман» дейміз бе, «қандас» дейміз бе, «икс адамдар» дейміз бе – қалай десек те, бір сөзбен атауымыз керек екенін жақсы түсінемін. Бұл шеттен келетін қазақтың өзіне керек. Ал осы өліарадағы қазақ бауырымыз әзірше Қазақстан азаматы емес екендігі себепті ол адамға Қазақстан жерінің меншікке де, жалға да берілуіне қарсымын. Бұл өзі қысқа ғана мерзім. Мысалы, үш ай деп алайықшы. Ал енді шетелден келген қазақ келе салған күні емес, осы үш ай мерзімнен кейін Қазақстан Республикасының толыққанды азаматы болып алған соң, қалағанынша жерді жалға алса, ештеңе ете қоймас? Қазақстанның толыққанды азаматы болған соң, өмір бойы осында туып, өсіп, тұрып келген кез келген азаматпен заңдық/құқықтық мәртебесі бір болатыны себепті ешқандай шектеу жоқ. Үш ай уақытта қандай ауыл шаруашылық жерін игеріп, өнім шығарып, пайда көре қоюға болатынын менің миым қабылдай алмайды. Қораның бір қабырғасын көтеріп үлгере алар ма екен?..

– «Ала қойды бөлек қырыққандай» етіп, қандас қазақтарға қатысты жер мәселесін нұқып көрсетудің астарында не жатыр деп ойлайсыз? Бұл не – әсіресе Қытай жақтан келген қандастар қатарында сенімсіз қазақтар болып қалуы мүмкін деген күдіктің ишарасы ма?

– Жоқ, меніңше, бұл әдеттегі жай жұмыс режимінде өтіп жатқан заң жобасының ішінен өз ойынша ілік іздеп таппақшы болған бытқыл біреулердің саяси капитал жинаудағы бейшара әрекеттерінің нәтижесінде кейбір белсенді азаматтардың шуылдауы ғана. Иә, билік кейде электоратты алдайды. Пәлен жылғы тәжірибесі бар, алдағанда да, әдемі алдайды. Бұншалық примитивті жолмен емес, профессионалды түрде алдайды. Бірақ ондай терең шым-шытырық схемалармен құрылған алдауларды тани алуға, көріп-білуге мыналардың өресі жетпейді.

– Жалпы, қандастарды елге қайтарудың биылғы квотасы 5000 адамнан аспай қалғанын сіз қалай бағалайсыз? Бұл елдегі экономикалық дағдарыс жағдайындағы мүмкіндікті мөлшерлеу тұрғысынан туған есеп пе, жоқ әлде репатрианттар саясаты біртіндеп шектеліп бара жатқанының белгісі ме? Соңғы жылдары үкіметтің белгілеген квоталарын салыстырып, осы тұрғыда қандай тұжырым жасай алар едіңіз?

– Қандастар квотасының мөлшерін ұлғайту, көшті тоқтатпау туралы осы көштің ең басынан бері қасында келе жатқан Сайлау ағам Батыршаұлымен жақында жолығып біраз ақылдастық. Менің ойымша, екеуі де бар. Экономикалық приоритет те рөл ойнап отыр, ақырындап шетелден оралман тарту саясатының да екпінінің бәсеңдеп бара жатқанын байқап отырмыз. Кәрім Мәсімов премьер-министр кезінде мүлдем қысылып қалып еді, қазір қайта тәуба – көш қозғала бастаған сияқты.

– Бұдан бірер жыл бұрын Қабдеш ағамыз Жұмаділов «сыртта әлі де 5 миллионға жуық қазақ бар» деп айтқан еді. Таяуда ғана марқұм болған қазақтың патриот жазушысы мөлшерлеген осы санға сіздің алып-қосарыңыз жоқ па?

– Арнайы зерттеу жасалмайынша, олай ойдан мөлшер сан айтудан аулақпын. Ішкі сезімім сол – 2,5-3 миллион қазақ шетелдерде өмір сүріп жатқандай болады. Негізі, елде бұл статистиканы жүргізетін арнайы орындар да, қоғамдық бірлестіктер де жоқтың қасы сияқты. Ал ұлттық-демографиялық мәселе тұрғысында қарайтын болсақ, бізге мұндай мөлшерлі статистика ауадай қажет деп білем.

– Ал Нұрсұлтан Назарбаевтың «оралмандар Қазақстанға үлес қосқан жоқ» деген кезіндегі сөзі репатрианттар саясатына салқынын тигізген жоқ па?

– Әрине, тигізді! Оны Назарбаевқа сол кездегі президент әкімшілігінің басшысы айтқызды деп ойлаймын. Ол кісінің кейінірек «мемлекетке сатқындық» бойынша сотталғанын қаперде ұстасақ, күдігіміз күшейе түседі. Әрине, айтқызып қана қоймай, оның артынан ере жүрген саясаты да болды. Ал мен бүгінге дейін өз ортамда оралмандардың осы елге пайда бермесе, еш зиянын тигізбегеніне куә болмадым. Олар әсіресе шағын және орта бизнес пен білім беру, денсаулық сақтау салаларына орасан зор үлес қосып жатыр деп есептеймін.

– Орыс халқында «Спасение утопающих – дело рук самих утопающих» деген сөз бар. Осы тұрғыдан келгенде, жер-дүниеге тарыдай шашылған қазақтың Атажұртқа оралуы тек қана қандастардың мүддесі болып кеткен жоқ па? Елдегі ұлттық-патриоттық ұйымдар мен қозғалыстар осы төңіректе неге мәселе көтеріп, шу шығара алмай жатыр деп ойлайсыз?

– Өзіңіз айтқандай, 2015–2016 жылдардан бастап шектеу басталды ғой. Ал ол шектеудің, менің пікірімше, себепкерін жоғарыда айттым. Сондықтан бұның тек қандастардың ғана мүддесі болмай, мемлекеттік орталық саясатқа айналуы үшін, әңгімеміздің ең басында айтқанымдай, мүдделі топтың профессионализмі керек. Саяси шешімнің қабылданатын жеріне әсер ете алатындай компетенция қажет. Бұл әлдебір шу шығарумен шешілетін мәселе емес деп ойлаймын.

– Жалпы, елдегі ұлттық негіздегі ұйымдардың «балапан – басында, тұрымтай – тұсында» тарам-тарам болып жүргенін сіз қалай түсіндіріп берер едіңіз?

– Біраз саяси шаралардың бел ортасында болдым. Әлі де бір пұшпағында жүрмін. Сондағы біз үшін негізгі шешілмей келген мәселе – үнемі қаражат тапшылығы болатын. Жүрек бар, мінез бар, идея бар, тіпті жоспар да бар кезде қажетті қаражатың жоқ болса, бәрі адыра қалады. Себебі біз қоғамдық көлікке дейін жолақысыз жүре алмайтын нарық жағдайында өмір сүріп жатқан елміз. Оның үстіне асырайтын отбасың бар…

Сондықтан саясаткерге айнала алмаған, саяси күшке айнала алмаған топтар қаражат көзіне мұқтаж болып, біразы саяси белсенділіктерін доғарып жатқаны да рас. Бұған елдегі жалпы орташа әлеуметтік жағдайдың төмендеуі де әсер етпей қоймайды. Бірақ билік бұны өзіне жеңіс көрмесін. Жарақаттың бітеу жараға айналып, іште домбығуы өте жаман салдарға алып келуі мүмкін.

– Жамандықтың беті аулақ болсын! Мақсатыңызға жетіңіз!

Бақытгүл МӘКІМБАЙ,

«DAT».

22.04.2021.

 

1$, 5$, 10$ ... Тәуелсіз KzNews жобасына қолдау көрсету