«Жер жәннаты – Ақмола» деп аталатын жинақ жарыққа шықты

0

Биылғы жылдың өзінде ғана облыс әкімі Мәлік Мырзалиннің жанды қамқорлығының арқасында қалың оқырман қауымның рухани мәнді азығына айналатын бірқатар туындылар жарық көріп, көпшіліктің қолына тиді. Ұлы даланың ұлағатты перзенті, Кеңес Одағының Батыры Мәлік Ғабдуллиннің 11 томдығы мен жазушы-публицист, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері Жабал Ерғалиевтің  Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың қайраткерлік тұлғасын ашып көрсететін «Әлемге! Ғарышқа! Болашаққа жол ашқан Тұңғыш!» жинағы, профессор Қадыржан Әбуовтың өңіріміздегі тарихи тұлғалар туралы библиографиялық очерктері жарық көрген болатын.

–Жерлесіміз, талантты жазушы Сәкен Жүнісовтің «Заманай мен Аманай» повесі Лондонда жарық көрді,–деді тұсаукесерді ашып жүргізіп отырған облыс әкімі Мәлік Мырзалин,–біз бүгін өткеніміздің өрелі істері мен кемел келешегімізді қаузайтын  жақсы  істерді жалғастырудамыз.

Ел тәуелсіздігінің қарсаңында қазақ, орыс және ағылшын тілдерінде жарық көрген жинақ қасиетті өңірдегі көненің көмбесін ақтарып, ел жүрегінде қалған тарихи тұлғалардың туған еліне сіңірген қисапсыз еңбегін сипаттайды. Тәуелсіздік жылдарындағы облыстың әлеуметтік-экономикалық дамуы, теңдесі жоқ табиғи байлығы, экономикасының еңсе көтеруі, сондай-ақ рухани әлемінің кемелденіп, көркейе түсуі әрі оған соны серпін берген «Рухани жаңғыру» бағдарламасының байыппен жүзеге асуы қамтылып отыр. Безендірілуі де талайға таңдай қақтыратындай. Алматы қаласындағы «Алтын кітап» баспасынан шыққан жинақ алдағы уақытта кітапханалар мен білім ошақтарына таратылмақ.

Тұсаукесер барысында «Алтын кітап» баспасының директоры Вячеслав Титенев, жазушы-аудармашы Ғосман Төлеғұл, облыстық тарихи өлкетану музейі директорының орынбасары Алма Құнанбаева, Ақмола облысының құрметті азаматы Сағынтай Елубаевтар әлі сиясы кеппеген жинақтың құндылығын айтып, жоғары баға берді.

 

Байқал БАЙӘДІЛ,

«Егемен Қазақстан»

Ақмола облысы

Дереккөз: http://egemen.kz/