Жер тиімді пайдаланылуы тиіс

0
95

Облыстың жер аумағы 14,6 мил­лион гектарды құрайды. Оның ішінде ауыл шаруа­шылығы жерлері 10 миллион 782 мың гек­тарға немесе барлық жердің 74 пайызына тең. Мұның 5,7 миллион гектары егістік, 4,5 миллион гектары – жайылымдық жерлер. Ауыл шаруашылығы жерлерін тиімді пайдалану мақсатында түгендеу жұмыстарының қорытындысы бойынша 1 миллион 110 мың 300 гектар жердің пайдаланылмай бос жатқандығы анықталды. Бұған дейін ешкімнің 613 мың гектар егістік алқаппен, 490,2 мың гектар жайылымдық жермен жұмысы болмапты.

Бүгінгі күні Ақмола облысында ауыл ша­руа­шылығы және басқа да мақсаттарға арнал­ған жер телімдерін бөлуде заң бұзушылықтар жиі кездеседі.

– Бізге меншік құқығын бұзу, жерді бүл­діру, ауыл шаруашылығы мақ­сатындағы жерді ұтымсыз пайдалану немесе пайдаланбау, жер телім­дері меншік иелерінің және жерді пайда­ла­ну­шылардың жер телімдерін пайдала­ну жөніндегі міндеттерін орында­мауы, уақытша иеленіп отырған жерді одан әрі мақсатына сай пайдаланбай, жарамсыз күйге түсіру сияқты заң бұ­зушы­лықтармен күрес құқығы берілді, – дейді Ақмола об­лыс­тық жердің пайдалануы мен қорғалуын ба­қылау басқармасының жетекшісі Талғат Мұха­метжанов.

Оның айтуына қарағанда, басқарма өз бетімен бел­гілі бір жер телімін басып алып, онда құры­лыс салу, сөйтіп жерге заңсыз иелік ету көріністеріне де жауапты екен. Бір сөз­бен түйіндеп айтқанда, ел игілігі болып саналатын жердің берекесін сақтау үшін жұмыс істеулері керек.

Жер кодексіне енгізілген өзгертулер мен толықтырулардың негізінде заңды және жеке тұлғаларға жалға берілген ауыл шаруашылығы жері бес жыл ішінде өзінің бастапқы мақсатына екі жыл қатарынан пайдаланылмаса, онда үшінші жылы сот шешімі арқылы мемлекетке қайтарылып алынады. Шынтуайтында, бес жыл тым ұзақ әрі тиімсіз. Сондықтан Жер ресурстары комитетіне бұл мезгілді қыс­қарту жөнінде ұсыныс енгізіліпті. Бір жыл егін егіліп, келер жылы әлдебір се­бептермен егілмей қалса, ол жерді қай­­тарып алуға құқықтары жоқ. Жер пай­дала­ну­шылар осылайша ұзын-сонарға салып, жер­ді тиімсіз пайдалана берулері де мүмкін.

Қазіргі күні облыс бойынша 100 мың гектар жер бүгінгі иелерінен мәжбүрлеп қайтарып алудың алдында тұр. Бұл 2015 жылы жүргізілген тексерістердің нәтижесінде анықталған жерлер. 2016-2017 жылдары атқарылған жұмыстардың нәтижесіне орай тағы да 212 мың гектар ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлер мемлекет есебіне қайтарылмақ. Өйткені олар да бір кезде иелері іске жаратамыз деп алуын алғанымен, түрлі себептермен кәдеге асыруға шамалары келмей, арамшөп басып, тозып бара жатқан егістік алқаптары.

Былтыр Ақмола облысы әкімінің шешімімен пайдаланылмай отырған ауыл шаруашылығы жерлерін анықтау үшін аудандарда арнайы жұмыс топтары құрылған.

Биыл 299 мың гектар жер осындай тексерістермен қамтылып, жер заңнамасының 244 рет бұзылғандығы анықталды. Бұл жерлердің 297 мың гектары ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлер болса, қалған 2 мың гектары коммерциялық нысандарға бөлінген жерлер. Заң бұзғандарға 17 миллион 600 мың теңге көлемінде айыппұл салынды.

Облыста заң бұзушылық Атбасар

ауданында жиі кездесіп отыр. Аудандық прокуратурадан түскен ұйғарым хат­тың негізінде басқарма 134 ауыл шаруа­шы­лығы субъектісіне тексеріс жүргізген. 50 мың гектар жерді қамтыған 27 тексерістің барысында 14 субъектіге өздерінің иелігіндегі ауыл шаруашылығы жерлерін пайдаланбай, қараусыз қалдырғаны үшін 657 мың теңге көлемінде айыппұл салын­ды.

Осы арада айта кететін бір жайт, көп­те­ген серіктестіктің бейнеті мол мал ша­руашылығынан қашып, тек егін­мен ғана айналысатындығы. Мұның өзі шал­ғайдағы шағын ауылдардың тағды­рына тікелей әсер етеді. Егер екі саланы талапқа сай бірге жүргізсе, ауылдық жер­де жыл бойы жұмыс көзі болар еді. Жұмыс болған соң, ауыл адамдары да туған жерін тастап кетпес еді. Біз­дің ойымызша, бұл орайдағы талап­ты күшейте түсу қажет. Жоғарыда айтыл­ған тексерістердің нәтижесінде бұрын егін шаруашылығымен ғана айна­лыс­қандықтан, жайылымдық жері бос жатқан серіктестіктер біртіндеп мал сатып ала бастаған. Ал 7 субъект түсінік ж­ұмыс­тарын жүргізу барысында ерікті түрде өз жер телімдерін иеленуден бас тар­тып отыр. 1462 гектар жер мемлекет меншігіне қайтарылып, аукцион ар­қылы ауыл шаруашылығы айналымына енгізілетін болады. Бұл бір ғана Атбасар ауданында орын алып отырған жағдай.

Соңғы жылдары 264,7 мың гектар жер мемлекетке қайтарылды. 653,5 мың гек­тар алқап егіс айналымына қайта енгі­зіліп, бос жатқан жерлердің көлемі бұрынғыға қарағанда қысқара түсті. Келер жылы 4,3 миллион гектар алқапқа дәнді-дақылдар егіліп, диқан қауымы 5 мил­лион тоннадан астық жинаймыз деп дәмеленіп отыр. Егер жер бос жатпай, бар­лық егістік алқаптары талапқа сай пайда­ланылатын болса, егістік көлемі де, өндірілетін өнім де бүгінгіден әлдеқайда көп болар еді.

Бұрнағы жылдары серіктестіктер тара­пынан жерді банкке кепілдікке қойып, несие алып, кейін не егін екпей, не не­сиесін қайтармай, дауға ұшырау дерек­тері де кездескен. Мәселен, Бір­жан сал ауданында 107 мың гектарға жуық жер, Зеренді ау­данында 6 мың 851 гектар жер ке­пілдікке қойылып кете барған.Серіктестіктер соттың шешімімен банкрот болып табылған. Екі ортада пайларынан айырылған халық зар қақсап қалды.

Жердің игілік екендігі ақиқат. Игілік бос жатпауы керек.

Байқал БАЙӘДІЛ,

«Егемен Қазақстан»

Ақмола облысы

Дереккөз: http://egemen.kz/