Жеңіс Қасымбек министрліктің не үшін қайта құрылғанын айтты

0
27 Желтоқсан 2018, 11:56 351 0

Астана, BAQ.KZ тілшісі. ҚР Инвестициялар және даму министрлігі кеше ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі болып қайта құрылған болатын. Жаңа ведомстводағы өзгерістер жайлы оның басшысы Жеңіс Қасымбек айтып берді.

«Бізден бірнеше өкілет, функция Сыртқы істер министрлігіне кетті. Нақтырақ айтсақ, бұл шетелдік инвестицияларды тартуға қатысты мәселелер. Бұнымен СІМ айналысатын болады. Және де біз мемлекеттік органдар арасындағы экспортты дамыту бойынша мәселелердің ара жігін ажыраттық. Біз экспортты дамыту жұмысымен айналысамыз, нақтыласақ, біздің министрлік өңдеу өнеркәсібі өнімдерін экспорттаумен айналысады. Ал СІМ мемлекеттік органдардың экспортты дамыту бойынша жұмысын үйлестіретін болады. Себебі экспортпен Ауыл шаруашылығы министрлігі, Энергетика министрлігі, барлық салалық министрліктер айналысады», — деді Қасымбек Сенат кулуарында берген сұхбатында.

Ведомство басшысы министрлік құрамының өзгерісіне қатысты мәлімет берді. Оның айтуынша, министрліктен Шетелдік инвестициялар комитеті мен ҚазақИнвест компаниясы кетеді, олар СІМ-ге өтеді.

«Бұл өзгеріске дейін түрлі ұсыныстар талқыланды. Дегенмен, бұл жайлы мен де кеше сіздермен бірге естідім. Соңғы екі жылда әлемде шетелдік инвестициялар нарығы күрт құлдырап кетті. Сондықтан бұл жерде белсенді жұмыс атқару керек. Біздің барлық халықаралық өкілдіктерімізді, елшіліктерімізді және тағы басқаны жұмысқа тарту қажет. Енді елшіліктердің негізгі функцияларының бірі – экспортты дамытып, инвестиция тарту. Бұл әдеттегі халықаралық тәжірибе, көптеген халықаралық ведомство осы мәселемен айналысады. Меніңше, жан-жақты сараланған бұл өзгерістер аталған мәселелерге серпін береді» — деді Жеңіс Қасымбек.


















Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Дереккөз: BAQ.KZ