Жеңіс Қасымбек әуе билеттерінің қалай арзандайтынын айтты

0
27

Қоғам

Қысқа сілтеме алу

2 0 0

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев өз жолдауында әуе билеттерінің тым қымбат екенін айтып, мәселені қарауды тапсырған болатын

НҰР-СҰЛТАН, 3 қыркүйек – Sputnik. Үкімет әуе кемелері паркін ұлғайту мақсатында «Эйр Астана» және «Qazaq Air» компанияларын қосымша капиталдандыруды жоспарлап отыр. Бұл туралы бүгін премьер-министрдің орынбасары Жеңіс Қасымбек айтты, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.

Қасымбек әуе билеттерінің қымбаттығына әуе кемелерінің жетіспеушілігі себеп болып отырғанын атап өтті.

«Осыған байланысты үкімет «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры»АҚ-мен бірлесіп, әуе кемелерінің паркін ұлғайту үшін «Эйр Астана» және «Qazaq Air» компанияларын қосымша капиталдандыруды жоспарлап отыр», – деді ол үкімет отырысында.

Вице-премьер тариф құнын түсіру мақсатында биыл көктемде алғашқы отандық төмен бюджетті Fly Arystan әуе компаниясы іске қосылғанын айтты. Жыл соңына дейін әуе компаниясы орындайтын рейстер санын күніне 14-тен 28 жиілікке дейін арттыру көзделіп отыр.

Бұдан бөлек, Қасымбек теміржол билеттерінің жетіспеушілігі мәселесіне де тоқталды.

Тағы оқыңыз: Билет алып, ұшаққа отырмаған жігіт сотталуы мүмкін

«Жетіспеушіліктің алдын алу мақсатында билеттерді сату процесі цифрландырылуда. Билеттерді сату тәртібін реттейтін норма енгізіледі. Биылдан бастап «Қазақстан теміржолы» компаниясы жыл сайын 100-ден аса жаңа жолаушы вагонын сатып алатын болады», – деді ол.

Айта кетсек, кеше Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев өз жолдауында әуе билеттерінің тым қымбат екенін айтып, мәселені қарауды тапсырған еді.



sputniknews.kz