Жеңіс Қасымбек әуе билеттерінің қалай арзандайтынын айтты
Қысқа сілтеме алу
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев өз жолдауында әуе билеттерінің тым қымбат екенін айтып, мәселені қарауды тапсырған болатын
НҰР-СҰЛТАН, 3 қыркүйек – Sputnik. Үкімет әуе кемелері паркін ұлғайту мақсатында «Эйр Астана» және «Qazaq Air» компанияларын қосымша капиталдандыруды жоспарлап отыр. Бұл туралы бүгін премьер-министрдің орынбасары Жеңіс Қасымбек айтты, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
Қасымбек әуе билеттерінің қымбаттығына әуе кемелерінің жетіспеушілігі себеп болып отырғанын атап өтті.
«Осыған байланысты үкімет «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры»АҚ-мен бірлесіп, әуе кемелерінің паркін ұлғайту үшін «Эйр Астана» және «Qazaq Air» компанияларын қосымша капиталдандыруды жоспарлап отыр», — деді ол үкімет отырысында.
Вице-премьер тариф құнын түсіру мақсатында биыл көктемде алғашқы отандық төмен бюджетті Fly Arystan әуе компаниясы іске қосылғанын айтты. Жыл соңына дейін әуе компаниясы орындайтын рейстер санын күніне 14-тен 28 жиілікке дейін арттыру көзделіп отыр.
Бұдан бөлек, Қасымбек теміржол билеттерінің жетіспеушілігі мәселесіне де тоқталды.
Тағы оқыңыз: Билет алып, ұшаққа отырмаған жігіт сотталуы мүмкін
«Жетіспеушіліктің алдын алу мақсатында билеттерді сату процесі цифрландырылуда. Билеттерді сату тәртібін реттейтін норма енгізіледі. Биылдан бастап «Қазақстан теміржолы» компаниясы жыл сайын 100-ден аса жаңа жолаушы вагонын сатып алатын болады», — деді ол.
Айта кетсек, кеше Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев өз жолдауында әуе билеттерінің тым қымбат екенін айтып, мәселені қарауды тапсырған еді.
sputniknews.kz